Жаңалықтар

Ұлыстың ұлы күнінде…

     Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзыдан бар. Десек те, мұсылман елдеріне тән Наурыз мейрамының тойлану көрінісі бөлек.

Әзірбайжандардың сүйікті мерекесі

«Новруз» байрамы – әзірбайжандарда табиғат жандануының белгісі саналатын ең сүйікті мереке. Сондай-ақ, отбасылық мейрам. Бұл күні халық Жаңа жылдың бірінші күнін таза ниетпен, ақ пейілмен қарсы алу үшін бұлақ басына барып шомылады. Үйін жұпар иісті түтінмен аластап, жын-шайтаннан тазалайды. Мейрам күні барлығы ошақ басына жиналады. Ұлттық киімдерін киіп, халық әндері мен билерін орындап, спорттың ұлттық түрлері бойынша жарыстар өткізеді. Бір-бірін қонаққа шақырып, жеті түрлі дәм қосылатын қазақтың Наурыз көжесіне ұқсас «йеди-левин» тағамын дайындайды.

Иранда кең тараған

Наурыз – иран халқы үшін ең басты мереке. Себебі, ирандық данышпан Омар Һаям өзінің «Наурызнама» атты кітабында наурыз күн тізбегінің негізін Жәмшид қалады деп, оны тарихи рауаяттарға түсіреді. Сондықтан, бұл мейрам – ирандықтар үшін ерекше маңызға ие. Наурыз мейрамының тағамын жеті жаңғақ түрінен жасайды. Дастарқанға Құран қойылады. Тоқшылықтың белгісі саналатын дәнді-дақылдарды өсіріп, солардың өскінімен үйлеріне әшекей жасайды. Жаңа күн туғанда ел ақсақалдары жасы кіші балаларға күміс немесе алтыннан жасалған тиын сыйлайды. «Аиди» деп аталатын бұл дәстүр – келер ұрпақ аталарының жолын қуып, жасына-жас қосылып, үбірлі-шүбірлі болсын дегенді білдіреді.

Түрікменстан тойлайды

Түрікменстан жұрты ескі жылда істелетін жұмысты жаңа жылға қалдырмайды. Наурызда алдымен, астың атасы – нанды, одан кейін түрлі ұлттық тағамдарын пісіреді.

Наурыз мерекесі күні палаумен қатар, ұн мен қанттан және бірнеше дәнді дақыл түрлері және бидай қосылатын «семени» тағамын дайындайды. Сол күні дастарқанға арабтың «син» әрпінен басталатын жеті тағам түрі де қойылуы міндетті саналады.

Өзбектер де қалыс

қалмайды

Өзбекстан халқы бұл мейрамды 13 күн бойы тойлайды. Үйге келген алғашқы қонақтың құтты қадамымен келесі жылдың қандай болатынын жорамалдайды. Ол адам жайдары, көңіл күйі көтеріңкі болса, жыл жақсы өтіп, үйге бақыт кіреді деген сөз. «Навруз» мейрамына 15-20 күн бұрын дайындалып, ауланы тазартып, ағаштардың түбін әктейді. Әр көше Наурызды өз шайханасында тойлайды. Арнайы мереке үшін бидай қайнатып, мақтаның майын қосу арқылы ән айтып, әзілдесіп жүріп «сумалак» пен ханпалау әзірлейді. Мерекеде Самарқан мен Бұқар асып түрлі ұлттық ойындар ұйымдастырады.

Тәжіктер үшін –

достықтың кілті

Тәжікстан халқы үшін Наурыз – достықтың кілті және тіршіліктің ояну мейрамы. Мерекені «Хадир айиам», яғни, «үлкен мереке» деп атап, алдымен балалар көктемнің келе жатқанын «Гол гардани» рәсімін өлеңдетіп орындау арқылы білдіреді. Рәсім бойынша балалар ағайын-туыстың үйлеріне көктем гүлдерін апарып, үй иесі оларға сый-сияпат көрсетеді.

Бір қызығы, Тәжікстан халқы Жаңа жылдың алғашқы күндері қала алаңдары мен парктерінде әткеншек теуіп, жұмыртқа ойынын ұйымдастырып, күресіп, әтеш төбелестіріп, шаттық пен қуанышқа бөленеді. Дастарқанның мол болуына көңіл бөліп, ұн мен еттен жасалған тағамдар – «суманақ» немесе «сумалақ» әзірлейді. Дәстүр бойынша тағамды татпас бұрын Құран оқып, іштей тілек тілейді.

Қырғыздар да

қалыспайды

Айыр қалпақты ағайын «ноорузкөжесін» пісіріп, туған-туыстың басын қосады. Бұл күндері ұлттық киімдерін киіп, көрші-қолаңды аралап, Жаңа жылмен құттықтайды. Сондай-ақ, Наурыз көжемен қатар дәстүрлі «ауз көже» мен «кавут» тағамдарын дайындайды.

Түріктер үшін –

жыл басы

Түрік аңызы бойынша Наурыз мейрамы – халықтың қоршаудан аман-есен шыққанын білдіреді. Сондықтан да, түрік халқы бұл күнді – Жыл басы санайды. Кейде наурызды «Сұлтан Наурыз», «Наурыздың тоғысы», «Наурыздағы мұз бұзылысы» деп атайды. Мерекеде ұлттық тағамдар пісіріп, мол дастарқан жаяды. Ағайын-туыс, көршілер үйін аралап, мерекемен құттықтап, бейіт басына барып дұға бағыштайды. Ренжіскендер татуласып, бір-бірін Жаңа жылмен құттықтайды.

Ауған халқы ақ киіп

қарсы алады

Ауған жерінде ежелден тойланатын мереке болғандықтан, Наурызды рәсімдер өткізу арқылы қарсы алады. Көктемнің алғашқы нышанын білдіретін мерекеде қала көшелеріне шығады. Мейрам үшін дайындалған жаңа ақ түстен тігілген киім – Наурызды ұлықтаудың белгісі саналады. «Һафт син» дастарқанын дәмді тағамға толтырады. Мәдениеті мен тарихынан сыр шертетін ұлттық ойындар ойнап, дәстүрлі әндерін шырқайды.

Ғаламтор мәліметтері бойынша дайындаған

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button