Ұлыстың ұлы күні Орталық саябақта кең көлемде аталып өтті
Бүгін Қарағанды Орталық саябағына ағылған халықтың қарасы қалың. Себебі, мұнда қарағандылықтар Наурыз мейрамын тойлап жатыр. Мерекелік алаңда әр мекеме өз киіз үйін тігіп, ұлттық дәстүрге сай қазан көтеріп, ас әзірлеуде.

Ақ дастарқан жайылып, бауырсақ пісіріліп, қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылуда. Ұлыстың ұлы күнін тойлауға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнайы қатысып, тұрғындармен бірге мерекенің шаттығын бөлісті.

Аймақ басшысы көпшілікті Наурыз мейрамымен құттықтап, ел бірлігі мен ырыс-берекенің арта беруіне тілектестік 
Облыс әкімі мерекелік алаңда Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы мен Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті бірлесіп тіккен киіз үйге арнайы бас сұқты.

Мұнда қонақты «Ару әжелер» ансамблі әуезді әнмен қарсы алып, ақжарма көңілмен әннен шашу шашты. Одан кейін аймақ басшысы «Qarmet» АҚ-ның киіз үйіне де ат басын бұрып, ұлттық дәмнен ауыз тиді.

Саябақтың алаңында көлемі 30 метр шатыр орнатылған. Шатыр ішінде сахна, LED-экран және кәсіби дыбыс, жарық жабдықтар құралған. Әрі қала тұрғындары үшін 200 орын қарастырылған. Шатырдың шеткі бөліктерінде көрме подиумдар орналастырылып, онда ұлттық қолөнер бұйымдары мен түрлі экспозициялар ел назарына ұсынылды. Сонымен қатар, балаларға арналған ойын алаңы, спорттық аймақтар да қойылған.

Облыс әкімі шатырға кіреберістің сол жағында орналасқан спорт алаңдарына барып, ұлттық спорт түрлері бойынша көрсетілімдерді тамашалады. Содан кейін ұлттық ит тұқымдары көрмесімен танысып, облыстық тарихи-өлкетану музейінің көшпелі көрме-экспозициясын да көріп қайтты.

Бұдан әрі шатырдың оң қанатына бағыт алып, қолөнер шеберлерінің сәндік-қолданбалы өнер туындылары көрмесімен дк танысты. Робототехника және жасанды интеллект аймағына да барып, заманауи жобалармен танысты.
Бұдан соң өңір басшысы арнайы ұйымдастырылған мерекелік концертті тамашалады. Мерекелік концертті С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрымен «Гюзель», «Аққу», «Қуаныш», «Нұрби» үлгілі хореографиялық ансамбілінің театрландырылған көрінісімен басталды.
– Ұлыстың ұлы күні, Әз Наурыз мерекесі құтты болсын! Жаңалықтың, ырыс пен ынтымақтың жаршысы Наурыз мерекесі биыл Ораза айтпен тұспа-тұс келді. Қасиет қонған киелі мекен қос мерекенің шапағатына бөленіп, мейірім мен бірліктің айрықша үлгісін көрсетуде. Өздеріңіз білетіндей, күн мен түннің теңескенін халқымыз жақсылықтың нышанына балаған. Табиғатта тепе-теңдік орнаған сәтте ескі кетіп, жаңаның есігі ашылады. Адам да, қоғам да, жаңғыруға бет алады. Бұл күні исі қазақ бір біріне деген өкпе-назын ұмытып, татуласады. Ақ дастарханын жайып ағайын-туыс, көрші-қолаңды, тіпті, мүлдем танымайтын адамды «Құдайы қонақ» деп төрге шығарады.
Халық даналығы бізге бір нәрсені үйретеді. Теңдік бар жерде – тыныштық бар. Татулық бар жерде – тірлік бар. Ал, ынтымақ бар жерде – ырыс бар. Өздеріңіз білетіндей биыл еліміз жаңа белеске қадам басты. Теңгерімді реформалар жүзеге асып, жаңа Конституция қабылданды. Ол – әділдікке, жауапкершілікке, адам әлеуетін дамытуға бағытталған. Ортақ бағдарымыздың айқын көрінісі. Ендеше, Ұлысты біріктірген ұлы күні, ауызбіршілігіміз нығайып, озық ойлы, жасампаз қоғам қалыптастырайық!
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, ол қарапайым дүниеден – жақсы ойдан, жылы сөзден, дұрыс істен, бастау алады. Сонда ғана жаңару, сөз жүзінде қалмай, нақтынәтиже көрсетеді.
Наурыз құтты болсын, ағайын! Жаңа күн, әділдік пен игіліктіңбастауы болсын! – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Қарағандылықтарды құттықтау үшін эстрада жұлдыздары да арнайы келген. Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дарын мемлекеттік сыйлығының иегері Нұрлан Өнербаев, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, композитор, эстрада әншісі Маржан Арапбаева келген. Әрі Алатаудың етегінен Арқаның мекеніне арнайы қазақ эстрадасының жұлдыздары Жігіттер квартеті де келіп, әннен шашу шашты.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz



