АймақБұқар жырау

Ұлыстың ұлы күні – ұлт рухын ұлықтаған ұлағатты аналар

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған «Ұлы даланың ұлағатты аналары» атты тағылымды байқау ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды рухани шаралардың бірі болды. Байқаудың басты мақсаты – қазақ тарихында есімі сақталған ұлы аналардың өмірі мен өнегесін насихаттау, олардың даналығы мен парасатын кейінгі ұрпаққа үлгі ету, жас буынның бойына елдік рух пен ұлттық тәрбие дарыту.

Суреттерді түсірген Жанұзақ Макишев

Қазақ халқы қашанда ананы тіршіліктің тірегі, ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы деп таныған. Елдің бірлігі мен берекесін сақтауда аналардың рөлі ерекше болғаны тарихтан белгілі. Осындай өнегелі тұлғалардың тағылымды өмір жолын дәріптеу арқылы ұйымдастырылған байқау қатысушыларға үлкен рухани әсер сыйлады. Сахна төрінде аналардың даналығы, мейірімі, парасаты мен өмірлік ұстанымдары көркем сөзбен өріліп, тағылымды қойылымдар арқылы көпшілік назарына ұсынылды.

Байқау қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орынды Ақбел ауылынан қатысқан Айгерім Дюсекова мен Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы тірек мектептің намысын қорғаған Мереке Амангелді иеленді. ІІ орын Ю.Гагарин атындағы орта мектептен қатысқан Мадина Ибакова мен аудандық аурухана атынан сынға түскен Мақпал Елтаеваға бұйырды. Ал І орынды аудандық кітапхана атынан қатысқан Еркем Смағұлова жеңіп алды.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған бас жүлде Шешенқара ауылының намысын қорғаған Ардақ Әлжанға табысталды. Қатысушылар өз өнерлерімен ғана емес, ұлттық болмысқа деген құрметімен, тарихи тұлғалардың өнегесін терең түсіне білетіндігімен ерекшеленді.

Шара соңында жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Ұлттық рухты асқақтатқан мазмұнды байқау көрермендерге ерекше әсер қалдырып, ұлт тарихындағы аналардың мәртебесін тағы бір мәрте айшықтай түсті. Осындай игі бастамалар жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды сіңіріп, ата-баба аманатына деген құрметті арттырары сөзсіз.

Ұлттық тәрбие мен тағылымды дәріптеген бұл шара – ұлт болашағына бағытталған маңызды қадам болды.

Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы

Басқа материалдар

Back to top button