Бас тақырып

Ұлыстарды біріктірген ұлы идея

Қазақстан халқы Ассамблеясы – еліміздің тұрақтылығы мен бірлігінің негізін қалаған бірегей институттардың бірі. Осыдан 30 жыл бұрын құрылған бұл ұйым бүгінде этносаралық келісімнің, мәдени сан алуандылықтың және қоғамдық ынтымақтастықтың жарқын үлгісіне айналды. Қарағанды облыстық ҚХА да осы мақсатта ауқымды жұмыстар атқарып, өңірдегі ұлттар достастығының нығаюына зор үлес қосып келеді.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова
Бір шаңырақ астында

– Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы құрылды. Оның бас­ты міндеті – елдегі этностардың бейбітшілікте өмір сүруіне жағдай жасап, ұлттық саясатты үйлестіру. ҚХА жұмысы Қазақстанның бас­ты құндылығы – халықтың бірлігі мен тұрақтылығын сақтауға бағытталған.

Қарағанды облысы – этникалық тұрғыдан көпұлтты өңірлердің бірі. Облыстың статистика департаменті ұсынған мәліметке сүйенсек, Қарағанды облысында қазақтар саны – 565 309 болса, орыстар – 428 991. Ал, украиндар саны – 32 424. Сталиннің саясатынан зардап шегіп, амалсыз жер ауып келген немістер – 28 088, татарлар – 26 969, белорусьтер – 9 033. Қарағанды облысында тұратын кәрістер де аз емес. Кезінде Кеңестің сенімінен шығып, «жапон шпионажының еніп кетуіне» жол бермеу үшін елімізге келген олардың саны бүгінде – 11 580. Көңілі даласындай дархан қазақ пен Кавказ тауындай асқақ шешеннің де жолы осы жерде то­ғысып, бір-бірін бауыр санап кет­кен олардың саны облыста – 5 311. Башқұрттар болса – 3 220, по­ляктар – 3 080, әзірбайжандар – 4 195. Одан бөлек, молдавандар да бар. Қазақстанды, оның ішінде, Қарағандыны туған жері санап кеткен олардың саны – 1 781. Ал, морд­валар – 1 144. «Өзбек – өз ағам» деп, бір туғанындай көретін ұлт саны облыста – 3841 болса, чу­ваштар – 1 310. Қазақстанды өз Отанына айналдырған гректер са­ны – 1 710 болса, литвалықтар – 1 374.

Ортақ мүдде жолындағы міндет

30 жыл ішінде облыстық ҚХА түрлі бағыттағы жұмыстарды жүзеге асырды. Оның негізгі жетістіктері ретінде этномәдени бірлестіктердің дамуын ерекше айтуға болады. Бүгінде облыста өз ұлттарының дәстүрін, мәдениетін, тілін сақтауға және дамытуға зор үлес қосып келе жатқан жиырмадан астам этномәдени бірлестік жұмыс істейді.

Өңірлік Ассамблеяның бастауында «Видергебурт» неміс қо­ғамының, Қазақстан кәрістер қа­уым­дастығы филиалының, ев­рей мәдениеті және «Ихлас» та­тар-башқұрт орталығының, гректердің «Авги», «Вайнах» шешен-ингуш ор­талығының мүшелері бар.

Алғашқы мәдени орталықтардың жұмыс тәжірибесі фольклорлық іс-шараларды насихаттаудан тұрды. Олар дәстүрді жаңғыртып, ана тілін үйренудің қадамын жасады. Жылдар өте жаңадан құрылған ұлттық мәдени орталықтардың саны артты, тәжірибе жинақталды, этносаясат саласындағы білім жетілдірілді. Облыстық Ассамблеяның беделі күшейді.

Ал, Қоғамдық келісім кеңестері азаматтық қоғамның дамуына, жастардың патриоттық тәрбиесіне, қайырымдылық шараларын ұйымдастыруға атсалысады.

Ассамблеяның жастар саясаты және волонтерлік қозғалыс құрылымын ерекше атау керек. ҚХА жастардың белсенділігін арттыруға ерекше көңіл бөледі. «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы облыс­тағы этносаралық диалогты дамытуға, волонтерлік қызметті жандандыруға бағытталған жобаларды іске асырып келеді.

Қайырымдылық – Ассамблея жұмысының бастауы екенін жоққа шығара алмаймыз. ҚХА бастамасымен өңірде түрлі қайырымдылық шаралары өткізіліп келеді. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету, ҰОС ардагерлері мен қарттарға қолдау білдіру – облыстық ҚХА қызметінің маңызды бөлігі.

Біз – бауырмыз!

Ассамблея – ел бірлігінің кепілі. Қиын кезеңде бірге ұйысып, көмекке асығатынын көзіміз көріп келеді. Мәселен, былтырғы су тасқыны кезінде Қазақстан халқы Ассамблея­сы зардап шеккендерге көмек көрсету үшін «Жүректен-жүрекке» акциясын жариялады. Ал, облыстағы «Жомарт жан» орталығы осы акция аясында гуманитарлық көмек жинады. Кәсіпкерлерді, белсенділерді және жанашыр жандарды біріктірген ҚХА қиын кезеңде қол ұшын созуға даяр.

Облыстың Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына жастар да белсенді тартылды. Мысалы, түрлі бағытта жұмыс істейтін «Ассамблея жастары» облыстағы барлық іс-шараларға белсене қатысып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын көрсетіп келеді.

Облыста 80-нен астам ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді. Одан бөлек, 130-дан астам Аналар кеңесі – отбасыларды қолдауға бағытталған тиімді құрал. Басты мақсат – бейбітшілік пен келісімді нығайтуға жәрдемдесу, өскелең ұрпақты туған жерге деген сүйіспеншілік пен қоғам алдындағы жауапкершілікке тәрбиелеу.

30 жылдық жемісті жұмыс барысында Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы келісім мен бірлескен іс-әрекеттер арқылы барлық қиындықтарды жеңіп, елдің ұзақ мерзімді дамуына үлес қосып келеді. Себебі, біз – бауырмыз!

Бейбітшілік пен келісімнің сенімді тірегіне айналған ҚХА алдағы уақытта да қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, этносаралық достықты нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған жобаларын жалғастыра бермек.

Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы – тек бір өңірдің ғана емес, бүкіл елдің берекесі мен бірлігінің символы.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button