Ұлыс күнінде ұлттық ойын түрлерінен турнир өтуде
Ұлыстың ұлы күні жер-жерде ауқымды түрде тойлануда. Қарағандыда да қазан көтеріліп, ұлық мереке ұлықталуда. Осы мақсатта облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Қарағанды қаласы әкімдігімен бірлесе Жастар спорт кешенінде ұлттық спорт түрлерінен байқау ұйымдастыруда.
Спорт кешеніне жиылған жұрттың қарасы қалың. Мұнда қазақ күресі, асық ату, қол күрес, ләңгі тоғызқұмалақ, арқан тартыс және қой көтеру, гір тасын көтеруден турнир өтуде. Қазақ күресінен түйе палуанға 85 келі салмақтан жоғары палуандар ғана қатыса алады.
Әкімшілік тарапынан берілетін ақшалай сыйлықтар да бар. Мәселен, І орын иеленген палуанға 1 млн. теңге сыйақы беріледі. ІІ орынға – 500 мың, ІІІ орынға – 300 мың теңге қарастырылған.
– Спорттық шаралар әу баста орталық саябақта өтеді деп жоспарланған болатын. Алайда, Жастар спорт кешеніне ауыстыруды жөн көрдік. Тек, қазақ күресіне ғана ақшалай жүлде қойылмаған. Басқа да спорт түрлерінен белгілі бір мөлшерде ақшалай жүлде қарастырылған. Жарысқа қатысушылардың қарасы қалың. Жарыстар басталса да өтініш берушілер қатары саябырсымай тұр. Мереке құтты болсын, – деді Қарағанды қаласы дене тәрбиесі және спорт секторының меңгерушісі Берік Досымбеков.
Қой көтеру сайысынан жеңімпаз атанған палуанның қанжығасына қой байланады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz