Ұлыларымызды ұлықтау ұрпақтар ісі
Ұлыларды зерттейік, зерделейік,
Ұлықтайық, аспандата көтерейік,
Ұлағатты еңбектерін еске сақтап,
Ұрпақтарға жеткізіп, дем берейік.
Ықылам заманнан бері өз жері, өз тілі бар халық жеке Ел болуға ұмтылған. Халқын ынтымақ пен бірліке шақырған хан-сұлтандары мен дана билері, жерін қорғар баһадүр батырлары мен тілін таныта, ділін дамыта білген жыраулары бар Ел сақталған. Сон-ау түркі тілдес Сақ, Ғұн тайпаларынан келе жатқан ата-бабаларымыз бері келе, нақтырақ айтсақ Керей мен Жәнібек сынды ұлылар 1465 жылы Қазақ Елі аталып өзінің іргесін бекіте, Туын көтерді. Содан бері «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы шытырман-шұбырынды, аударыс-төңкеріс заманды, қилы-қилы қиямет тағдырды басынан өткерді. Аруақты да рухты бабалар жауласқанмен жұлысып, сыйласқанмен сырласып Атырау мен Алтай өңірі, Еділ мен Ертіс өзені аралығындағы жері мен елін сақтап, халқының тұрмысын жақсартуға бар қажыр-қайратын жұмсады.
Халқымыз қазақ деп танылған сол мезгілден, Тәуелсіздік алған 1991 жылға дейін еліміздің басында не болмады?! Отанымыз ойрандалып-ойрат, жерімізден айырылып-жоңғар, ұлттық атымыздан айырылып -«қырғыз», тіліміз өшіп-орыс бола жаздап қапалана қайғырған да күңірене күрсінген кездер көп болды. Жазушылар томдарынан, ақындар жырларынан жерімізді талапайға түсіргісі келген, халқымызды бодан ете бас идірмек болған аяр ойлы, айыр тілді сұрқия басшылардың іс-әрекеттері көптің көңілін күйдіріп, жанын жаралағанын оқып-білдік. Сондай солақай содырларға, сұрқия залымдарға қасқая қарсы тұра елінің асқақтығы мен жерінің байтақтығын сақтаған, халқын азаттық жолға бастаған, болашақ ұрпағына тек жақсылық мұра тастаған көңілді қуантар, жүректі жылтар ұлықты істерімен танылған ұлыларымыздың да аз емес екендігіне көзіміз жетті. Енді олардың әрқайсысына тиісті бағасын беріп, ұлылық та ұтымды ұстанымдарынан нәр алып, игілікті де ізгілікті істерінен дән сеуіп, үлгілі де өнегелі өсім алу ұрпақтар ісі болмақ.
Ендеше, заманымыздың заңғар ақыны Серік Ақсұңқарұлының «РСФСР тарихынан» – «ҚазССР тарихы», «Буквардан»- «Әліппеміз» көшірді». Көшірді де шатастырды көшімді, шығарды менің есімді» деп ашына аластауын ақылға салып, адастырған да шатастырған кешегі «елестерді» ел есінен шығара, сондай-ақ атам қазақтың «біреудің баласы біреуге бала болмайдысын» жадыға сақтағанымыз жөн. Өз тарихымызға үңіліп, өз халқымызды қастерлеп, тілімізді ту ете, дінімізге бас ие, жаһандық жаратылысқа ұмтыла, есемізді қайтару қажет-ақ. Әр ел өз жері мен халқының ерекшелігіне, әр қайраткер өзінің даналық та батырлық іс-әрекеттеріне сай жазылса, келер ұрпақтың ұғымы тарихи шынайылықпен шендесіп, адалдық пен аярлықты ажырата өмір кешуге бір табан тақау тұрары анық.
Иә, тіршілігінде Отаны үшін от кешкен, жақсылығы жаһанға жария, есімі мәңгілік бірегей бейнелеріміз жетерлік. Енді, міне, егемендіктің арқасында бойына қуатты күш-жігер жинаған, санасына жаһандық жетістіктің нәрлі нәтижесін сіңірген қазақ халқы – бабалар ісін жалғай, өркениетті елдердің қатарына бағыт алған Тәуелсіз Ел!. Шектелген шекаралы жері, арындай айтар ана тілі, көкте желбірер Туы, елдігін танытар Елтаңбасы мен шарықтай тыңдатар Әнұраны бар. Имандылыққа жетелер діні мен еске ұстарлық ділі бар Елміз. Осыларды Пір тұтатарлық сана-сезімі мықты халық, саяси сауатты басшылар болса, жаңалықтарға жетелер ғұлама ғалымдар, жетістіктерімізді жария етер дарынды ақын-жазушылар шықса Еліміздің ертеңі жарық болып, өркениетті елдердің ортасынан табыларымыз хақ. Ұлыларымызды ұлықтарлық, олардың ірілік істерін танытарлық білікті де білекті, жігерлі де жүректі ұрпақтар шығарына, мәңгілікке жол тартар Ел болатындығымызға шәк келтіруге болмас.
Әрбір адам елінің өткенін еске алып ойлана да болашағына көз сала, ұлылардың ұлағатты істеріне зер сала, оларды дер кезінде жария етуге, қалың қауымның санасына салуға белсене еңбек етсе, зияткер зиялыларымыз бен тамаша тарихымыз ешқашан да ұмытылмас. Десем де, бір адамға бәрін жазу, бір мақалаға бәрін сиғызу мүмкін емес.
Сондықтан да, менің ой-түрткім мен тіліме тиек болған әңгіме желісі – ХIХ бен ХХ ғасырларда көзі ашық, көңілі ояу зиялылардың құрметіне, халқының қадіріне ие болған, ХХI ғасырдағы ой-талғамы өскен тұлғалардың сана-сезімінен ойып орын алған, қазір де ЮНЕСКО шешімімен Әлемдік алаңда аты айқара аталып, тойланып жатқан абзал азамат, қарымды қайраткер, ғасырлар ғұламасы Әлихан Нұрмахмедұлы Бөкейхан. Онда да Әлекеңнің ірілік те ізгілік істерінің сандаған түрінің, бір ғана қыры.
Мен тарихшы да жазушы, саясаткер де сыншы да емеспін. Көп оқырманның бірімін. Оқығандарымнан ерекше бір назар аудара байқағаным, ХХ ғасырдың 90 жылдарынан бастап осы күнге дейін баспа беттерінен жиірек жарық көрген мақалалар Әлихан Бөкейхан туралы десем артық болмас. Әлекең туралы көптеген мақалаларды оқыдым. Әсіресе Әлекеңнің туған жері Қарағанды облысының Ақтоғай ауданынан жазылған Смахан Мұқанов (інісі), Ортай Абдрахманов (жиеншары), М.Халиоллин, Е.Абдрахманов, Қ.Садуақасов, Т.Мұқан, Қ.Мәкембаев, М.Қаляқпаров, Қ.Алтынбеков, Қ.Байсеркин, т.б. ой-түрткілерімен және Сұлтан Хан Аққұлы бастаған, Қ.Сәрсекеев, М.Қойгелдиев, Ж.Бектұров, Р.Кәренов, Б.Қойшыбаев, А. Бабашев, т.б. зерттеуші ғалымдар мен жазушылардың шығармаларымен таныстым. Бәрінің де мазмұны Әлекеңнің ғұмыры, елінің азаттығы жолындағы іс-әрекеттері, шығармашылық еңбектері, адамгершілік қасиеттері, әріптес-достарымен қарым-қатынастары, өскен ортасы мен туған-туыстары туралы тарихи-танымдық тың мағлұматтар. Орынды ой-пікірлер мен ұтымды ұсыныстар.
Өз мемлекеті мен халқына жасаған ешқандай қастандығы жоқ болып ақталған 1989 жылдан кейін, әсіресе биылғы 150 жылдығына орай Әлекеңді зерттеуші қаламгерлер дала данышпаны жөнінде жан-жақты жазуда. Дәлелді де түсінікті, сезіндіре де сендіре, жүрекке жеткізе жазуда. «Ойлы болсаң, арлы да намысты болсаң оқы да қимылда!» деп бағымдап бағыт, жаный-қайрап күш-қуат беруде десем болар. Азаттықты аңсаған ұлт көсемінің, алаш арыстарын ұйымдастырудағы жігер-қайраты, халқын сауаттылыққа тартудағы еңбегі бір батыр емес, сан батырдың іс-қимылына, біреу емес, сан ғұламаның даналығына тұрарлық екендігі дәлелді көрсетілуде. «Алашым» деп айбаттана, «Қазағым» деп қайраттана істеген тірілігі, оқыған да тоқыған ірілігі танытылуда.
Бір кездегі ата-бабалардың, одан келе Әлихан Бөкейхан бастаған алаштықтардың азаттық жолындағы аңсауын алға тарта ұмтылған Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова сынды жастарымыздың 1986 жылғы жойқын қимыл-қозғалысы бастау болып, еркіндік пен егемендігіміз 1991 жылы тойланып, талай мерейлі де қаурыт істер күрт қолға алына бастады. Алғашқы жылдан-ақ ел басына келген Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Ауыртпалық, қиыншылықтарды көрдік те оған төздік, кемшілік – кемістіктерді білдік те оларды жеңдік» деп айтқанындай елеулі еңбектер атқарылуда. Міне, сол, ғаламат та ғажап Тәуелсіздік жылдарын еліміз бастан өткізіп 25 жылдығымызды тойлаудамыз. Осы ширек ғасырда елімізде қаншама жаһанға жария жаңалықтар, әр тұрақта ғаламат жетістіктер, әр өңірде өркенді өзгерістер болғаны да болып жатқандығы баршаға белгілі. Іргеміз тиянақталып, ірілі-уақты өндіріс орындары орын тепті. Әр аймақта қазақ тілді балабақшалар, оқу орындары ашылды. Бәрін айт та бірін айт дегендейін, жетістігіміздің басты да басым нәтижесінің бірі де бірегейі – Елорда. Астана – жерімізді жаңарту, елімізді дамыту, халқымызды таныту барысындағы орынды ой-талғамдар орталығы, баянды бағыт-бағдарлар белгіленген де белгінелер қасиетті орын. Білім-ғылым жолындағы дарынды жастар мен ақылгөй даналардың еселі еңбектері қыза қайнаған қала. Елбасының ұтқыр ойынан туындаған Астана, қазір де Бүкіләлемді таңғалтарлық шаһарға айналды.
Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартарлық, елдің экономикасын көтерерлік, мемлекеттің саясатын қалыптастырарлық жаңа өмірге бет алған өркенді де өнегелі жаңа Ел пайда болды. Желпінте айтар жетістіктеріміз жетіп жатыр. Олардың бәрін айшықтата суреттеу мүмкін де емес. Қысқаша қайырсақ, сон-ау замандағы қазақ халқының асыл арманы, одан бергі Әлихан Бөкейхан бастаған алаш арыстарының асқақ идеясы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан!
Енді «қайталау-білім анасы» дегендейін Әлекең жөнінде қаншама жазылып, нендей деректер берілсе де, соларды пайдалана, бұрынғы оқырмандардың ой-санасын жаңғырта, жаңа оқырмандарға таныта ақылман азаматтың қалың қазақты қараңғылық қапастан, түнерген түнектен шығару жолын іздестіре азаттыққа тартқан кейбір қайраткерлік қырларына, оның ішінде ағартушылық еңбегіне зерделей үңілейік.
Иә, 90 жылдардың басында Әлекең туралы алғаш оқып, жерлестерден кейбір тарихи деректерді естіп, асыл азаматтың Ақтоғайдың тумасы екендігін білгенімде, сон-ау 1953-55 жылдардың арасында 11-13 жасымда естіген бірер әңгімелер санамды сызып, келе-келе жаңғырыға ойыма оралғандай болды.
…Ақтоғайдағы Калинин колхозының бөлімшесі Кенелідегі біздің қойшы ауылға, ұмытпасам мал дәргері болып істейтін Мұхамедәлі атты аға жиірек келетін. Мал жағдайын өте жақсы білетін маман. Қолы емсек те епті. Ол кісіге мал сойылып, бас тартылатын. Мал миы мен қымыздың нәрлік қасиеттері жөніндегі әңгімелері таңғалтатын. Біздің әке-шешей де әңгімеге құмар адамдар. Сөздерінің төркіні мал, мал жайылымы болып келіп, кей кездерде, өткен уақыттағы билер мен байлар, төрелер мен қожалар жайына да тоқталатын. Жидебай, Қараменде, Шашубай, Әшірбек қобызшы, Ахмет бай т.б. тілге тиек болатын. Қонақ аға айтқысы келе ме, «сіздерге ғана айтайын» деп Қарқаралы, Ақтоғай өңірін билеген төрелер жайлы біраз жайттарды еске алатын. Ол кезеңдерде ешкім де төрелер мен байларды ауызға алып мадақтай қоймайтын, сыбырлап сөйлер үрейлі заман екенін жас болсам да білетінмін. Мұхаңның әңгіме сілемінен «Кенесары, Наурызбай батырлар, Әлихан, Әлихан төре, Бөкейхан ханның тұқымы, менің шешем Әлиханның балалық, жастық кезін жақсы біледі», «шаншар Ақайдың Хасені біздікіне қашып келген жылы…» деген сияқты сөз үзінділерін естіген болатынмын. Әлекең жөнінде Смакең айтушы еді деп Әлиханның жастық шағына, білімділігі мен шешендігіне тоқталатын. 60-жылдары Әлекең туралы кейбір ой-түрткілерді, қиса, тарихи әңгімелерді қисындыра айтатын Ақтоғайдағы Сейілбек, Аятай, т.б. ағалардан, Алматыда Өмірбек деген ақсақалдардың әңгімелерінен де аңғарғаным бар.
Әлихан Бөкейханның ғұмырнамасын, еңбектерін, әсіресе Смахан інісінің естеліктерін және басқа да зерделі зерттеулерді оқи отыра, ел аузында сақталған кейбір әңгімелерді еске ала, Мұхамедәлінің – райкомның хатшысына «Тәйт! Райкомды тапқан шеше жаман бола ма?!…» деп зекуімен, т.б. өткір де өрелі қылықтарымен есте қалған Ақтоғай аумағы сыйлайтын ақылды ананың- Әлиханның қарындасы Нұрбегімнің баласы екендігі анықталғандай.
Жә, енді, осы Әлихан Бөкейхан кім? Бұл қай қазақ? Ол қандай ерекшелігімен, еңбегімен елінің есінде мәңгі қалмақ?!
Ұлы қандай адамның? Бұл қай қазақ?
Қыраны ма даланың? Көргені оның не азап?!
Данасы ма қаланың?
Әлиханның әкесі-Нұрмұхамбед төре, шешесі Бегжан-тобықты, Мамай- -Жолбарыс-Дулат батырлардың ұрпағы. Текті тұқымдардан. Адамнан адам туар милы болып, тектіден текті туар сыйлы болып. Әлиханның да тамыры мен талабынан зиялылық нышанының ерте білінуі осы пайымды да парасатты әке-шешенің, дала даналары мен тамылжыған табиғатың әсерінен шығар.
«Адамның бір қызығы бала» дегендейін, қандай ата-ана болмасын өз баласының қызығына тоймайды. Болар бала әу бастан білініп, жасынан жарқырай бастайды. Әлихан-сондай бір ерекшелігімен ерте танылған бала болыпты. Бүлдіршін шағында көп үндемейтін, айтқанды мұқият тыңдап, әр нәрсені байыппен бақылап, зерделей қарап, асықпай-аптықпай сөйлейтін, ауылдастары аялайтын бала болған. Жас кезінің өзінде-ақ тектіліктің жолын қуып ерекшелігімен көзге түскен. Бала бойындағы жағымды қасиеттерді анасы ерте аңғарады. Баласының кейбіреулерше «түп тамырым төре» деп кеудесін кере сөйлемейтінін, бірақ тектіліктің тәнті де тәлімді қасиеттерін санасына сыналай сіңіре бастағанын сезеді. Ақылдылық пен адамгершіліктің алғашқы белгілерін бауыр еті баласының бойынан байқаған ақылгөй ана Әлиханның болашағына үлкен үмітпен қарайды. Ана мен баланың арасындағы саналы сезім мен сенімді аңғарған туған-туыстары мен көрші-қолаңдар да аяулы ананың арманына үлкен үлес қоса жас өскінді бетінен қақпай, желпінте жетілдіруге көмек береді. Сүйіспеншілікке бөленген жеткіншек, ересейе келе епті де өжет, бетті де белді, өнерлі де өнегелі, қарапайым да қайратты жас болып өскен.
Ауылда хат тануға талпынған баласын әкесі Қарқаралыда оқытады. Бастауышты бітірген Әлихан сол қаладағы кәсіптік училищеге түсіп, оны интернатта жатып оқиды. Училищеде алғырлығымен таныла жақсы аяқтаған жас Қарқаралы уезі бастығының жолдауымен Омбының техникалық училищесіне түседі. Училище тікелей Рессей императорына қарасты оқу орны, оған көпшілігінде дворян, дін басыларының және қала тұрғындарының балалары қабылданатын. Ауыл есебінен барған Әлихан, емтиханнан ойдағыдай өтіп, уез сенімін ақтап, төрт жылдан кейін «техник» деген мамандыққа ие болады. Ерекше аттестат алған Әлихан директордың атына Санкт-Петербордағы императорлық Орман институтына түсуге өтініш жазады. Өтініште фамилиясын Бөкейхан деп көрсетіп, қолын қояды. Училище директоры Н.Е.Доброхотов, Дала генерал-губернаторы Г.А.Колпаковскийдің қолдауымен 1890 жылы Санкт-Петербургке оқуға түседі. Ол заманда ондай адамдардың қошемет-қостауын көріп, үлкен шаһарға оқуға жолдама алу оңайға түспейтін. Қандай да бір көмек беруді өтінуге, тіпті өз балаларын оқытуға сұраныс жасау үшін лауазымды шенеуніктердің алдына баруға тіс қаққан бай-сұлтандардың да батылы бара қоймайтын. «…Мыңды басқан мысы кеп» дегендейін со кездің өзінде-ақ ақылды да алғыр, кейіпті де көркем жігіттің танысты таңғалтатын, жақынды жандандыратын, жатты жақындататын, алысты арбай алатын «Сегіз қырлы, бір сырлы» салиқалық қасиеттері болған-ау деуге болар. Жігерлі жастың жарқ етіп жарқырап, лап етіп жалындауы ерте басталғанын сезінуге болады. Жоғары білімді экономистік және заң институтын сырттай бітіріп заңгерлік мамандыққа ие болуының өзі-де, ол кезеңдегі қазақ даласы үшін желкенді жетістік. Қос дипломға ие болу білім мен мәдениет ошағының ортасында өскен қала жастарының өздеріне де оңайшылыққа түспейтін.
Жас болса да, оның білім алу және Омбыдағы алғашқы еңбек уақыттары саяси санасын оята оңтайлаған, ғылым жолына бет бұра ізденісте болған, қаламгерлік те қайраткерлік қасиеттері қалыптаса бастаған жылдары болды. Елін бодандықтан, жерін «қарашекпенділерден» арылтудың саяси да сақтаушы соқпағын, халқын қараңғылық пен надандықтың шырмауынан шығарарлық жайсаң да жарық жолын іздестіреді. «Озғандарға жету керек, жеткендері-мізден озу керек. Дүниенің төріне тырысқандар төрден орын алып жатыр, тырыспағандар есікте қалып жатыр» («Қазақ» газеті №1,1913) деп, оқырмандарын ойландыра, ең әуелі халықтың сана-сезімін ояту, оқыту, ағарту, сөйтіп қазақ ұлтының ұлттық тілін, ұлттық жазба әдебиетін қалыптастыру, яғни халықтың жалпы ұлттық мәдениетін өркендетуді көздейді.
Жалынды жас оқи да ойлана жүріп, өзі білім алған оқу орындары, қала мен дала жағдайларын салыстыра келе, оларды зерттей де зерделей түсе өз халқының тұрмыс-ахуалының нашарлығына, ал оны дамытуға патшалық Ресейдің керемет көңіл бөлмейтініне, тіпті басқа да қитұрқы көзқараста екеніне мән береді. Білім алушыларға қол астындағы басқа ұлыстар мен ұлттардың, елдер мен жерлердің тарихи дамуы, өркенді жетістігі туралы ешқандай мәлімет-мағлұмат бермей, берілген жағдайда мешеулігі мен мәдениетінің төмендігін сөз етіп, Ресейдің алыптығын алға тарта, патшаларының ұлылығын жиі ұлықтайтынын байқайды. Қарапайым жұмыскерлер мен шаруалардың жағдайын жақсартуды ойластырмайтынына көзі жетеді. Осындай ойда өзі ғана емес, басқа да студенттердің, олардың бас қосып ой толқындарын ортаға салар үйірмелердің барлығын сезген жігерлі жас, олармен тез араласып, белсенді мүшесінің бірі болады.
Бұл кезеңде, Еуропаның басқа елдеріндегідей Ресейде де капиталистік қарым-қатынастың қанаттанып, «коммунизм елестерінің» ентелей еніп, солардың әсерімен әртүрлі ұйымдар мен партиялар туындап, жұмысшы және студент жастардың толқулары кеңінен етек жая бастағантын-ды. Осы жылдары қилы-қилы қозғалыстарға қатысып, мінбелерден сөйлеп жүрген Әлихан Бөкейханның патшалық тәртіптің бастамшылығын, әділетсіздігін, өкімет басындағы қызметкерлерінің көзбояушылық іс-әрекеттерін әшкерелей жазған мақалалары баспа беттерінде жарық көре бастайды. Әрине олардың көпшілігі басқа бүркеме атпен басылды. Ой-пікірлерінің ашықтығымен, өткірлігімен, феодал-капиталистердің тілімен айтылатын «бұратана» халықты қорғауымен Әлиханның беделі арта түседі. Сол кездің өзінде-ақ, азаттықты алға тарта, халық бостандығын аңсай арпалысқан білімді де беделді жас , қазақ елі түгілі Ресейге де, тіпті шет елдерге де белгілі бола бастайды. «Санкт-Петерборлық «Новая жизнь» газеті 1906 жылы «Ә.Бөкейхан 1894 жылы, Орман институтының 4 курс студенті күндері студенттік толқуларға қатысты…» деп жазса, «Веками накопленный гнев народа к царю, с одной стороны, и революция 1905 года с другой, сплачивает вокруг Алихана Букейханова более революционно настроенную интеллигенцию» деп «Степная Правда» (1922г.) газеті Әлиханның ұлт-азаттық қозғалысты ұйымдастырушының бірі екендігін айқын көрсетеді. Осы ойды тиянақтай, ағылшын Оксфорд университетінің «Орта Азияны зерттеу қоғамы» ғалымдарының жазған «Қазақтар 1917 жылғы орыстар туралы» атты кітабында: «Ә.Бөкейхан жас күнінде орнықты революционер, соцалист болды және «Зарзаман» атты орыстарға қарсы әдеби топтың мүшесі болды» («Әлихан Бөкейхан» (С.Аққұлы, «Қазақ энциклопедиясы»,1995ж.)), деп Әлихан есімін тарихта қалдырған.
Жоғарыда айтылған үлкен де ұлы, маңызды да мағыналы мақсатқа жетуді Әлекең өзінен бастады десек шатаспаспыз. Оның білімге ұмтылуы, оқи келе тағы да білсем, тағы да жетсем деген ізденісі – «білекті-бірді, білімді-мыңды жығар» деген даналар қағидасын еске түйе және білімсіз-ғылым, ғылымсыз-жаңалық, жаңалықсыз-жетістік болмайтынына ерекше мән бергендігі. Басқаларды үйрету үшін ең алдымен өзі оқып, өзі біліп, өзі жазса ғана өзгелердің алдында үлгілі де өнегелі, беделді де биік боларын біледі. Әлекең «Мұғалімдерге хат» деген мақаласында «оқытушылар аспан әлемі, дін, тағы басқа мәселелерді балаларға ерте түсіндіруі керек», ал «Білім күші» деген әңгімесінде«Өткен дүние соғысында білім жеңді…,бәрінен білім жүйрік» деп қорытындылайды. Білім жолындағы тағы да бір назар аударарлық ғанибетті қасиеті-өзі ғана біліп қоймай өзгені де, тіпті жалпы халықты сауаттылық пен мәдениеттілікке тартып, өнер мен кәсіпке бейімдеп, білімнің биігіне жетелеуі.
Мақсатын орындау барысында сол кездің бетке ұстар білімділері мен зиялыларын өз қатарына тартқан. А.Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Ж.Аймауытұлы, С.Сәдуақасұлы, Ә.Ермекұлы, Жақыптың Ақпайы, т.б. жүздеген жақтастарымен біріге де пікірлесе, кеңесе де келісе отырып қана көпті көндіріп, істер әрекеттерін әспеттеп, нәрлі нәтижеге, ойлаған ойына жетерін, беделінің бекірін білген.
Айтылғандар мен жазылғандарды қазақтың кең даласына таратудың бірден-бір жолы ақпарат көзі екендігін ерте түсінген ақыл иесі баспа жұмысына айрықша назар аударған. Оның «Иртыш», «Омич», «Голос степи» газеттеріндегі редакторлық жұмысы және 1898-1927 жылдар арасында орыс тіліндегі «Новая жизнь», «Сибирские вопросы», татар тілінде шығатын «Фікір», «Уақыт», қазақ тіліндегі көптеген баспа беттерінде мақалалары мезгіл-мезгіл жарияланып, әр түрлі жанрдағы басылымдары шыққан.
Ұйымдастыру әрекетінде және басшылық қызметте жүрген, сонымен қатар «тар жол, тайғақ кешу» кезінде қысым-қыспақта өмір кешкен қайраткердің, уақыт тауып, жыл сайын ондаған еңбегін өз қолымен жазып оқырмандарына ұсынуы, халық санасына саңылау салып, жүрегіне жылы жел есудің, еркіндікке жетудің бірден-бір қуатты күші тек осындай басылымдар екендігіне кәміл сенгендігі. Қалың қауымды қараңғы түнектен шығаруға таласып-тартысқан осындай еңбекқор да бейнетқор адамды қалайша қажымас қаламгер, ғажайып тау тұлға деп атамасқа?! Сұлтан Хан Аққұлының энциклопедиясында «Ә.Н.Бөкейхан еңбектерінің библиографиялық көрсеткіштері» берілген. Өкінішке орай, Әлиханның өзіне де қаламына кедергі бола кейбір тілі де ойы жаттарға елікен де ілескен түрі мен тілі бір, тілегі мен жүрегі басқа қаракөздердің, белсенділер мен тілкесерлердің жандайшаптығынан, данадан қалған құнды да қымбат мол мұралар 1927 жылдан бастап мұрағат қорынан да, халқының ойынан да жойылып біткен. Өзінің қазақ жеріндегі он екі уезді зерттеп жиналған материалдарынан құралған 13 томынан тұратын ғылыми жинақтары да «қаскөйлер» мен «мәңгүрттердің» жағымсыз жат қылықтарының нәтижесінде жоғалған. Қаскөйлердің қиянат- қарсылықтарына қарамай, өзінің 71 жас өмірінің есті де елеулі шағында үнемі оқып, білім алып, талмай жазып жұртына тарату әрекетінен тынбаған.
Сауат ашуға тиімді де әсерлі жол ауыз әдебиеті екенін, басқа халықтар сияқты қазақ жұртының да құмарта оқитыны ел тарихындағы ержүрек батырлар, жігерлі жыраулар, ақылман азаматтар жөнінде жазылған ертегілер, жырлар, дастандар екенін бала кезінен білетін Әлихан қазақ эпосы мен фольклорына да көп көңіл бөлген. Жырлардың тәрбиелік мәніне, олардың мазмұнындағы жаңа бетбұрысқа жоғары баға берді. Мәселен, «Батыр Бекетегі» (1923ж.) қолға түскен батырды қуып барып, қашуға, елге қайтуына көмектескен оның жарының іс-қимылына масаттана «қазақ әйелінің ерлігі мақтануға жарарлық» дей келе, сондай тәлімділік те танымдылық тарихи әрекеттерді көпшілікке үлгі етуді жөн санайды.
Өз заманының ақын, жазушыларының көркем шығармалары мен ұлағатты ұлыларының еңбектерін таныстыру, мүмкіндігінше аударып насихаттау ел мәдениетінің өсіп-өркендеуіне септігі тиеріне ден қояды. Әлиханның ұлы ойшылдарымыз, қазақтың үш алыбы: Абай, Шоқан, Ыбырай еңбектерімен танысқанына күмән келтіре алмаспыз. Оларды өзге зиялылардың да толық танып, насихатуына бас болып, жалпы көпшіліктің көкірек көзін ашуға атсалысады. Әсіресе хакім Абай өлеңдерін жиі оқып, қара сөздерімен таныстығын жазған мақалаларынан, басқа әріптестеріне берген кеңестерінен байқауға болады. Абай өлеңдерінің құдіреттілігіне, өзге үшін, әсіресе қазақтың өзі үшін тұнып тұрған тәлім, өрнекті өнеге екендігіне көзі жеткен ол, алып ақынның асқақтығын, өлеңдерінің өміршеңдігін басқаларға паш етеді. Әріптестеріне де қазақтың ұлыларын халық арасына кең таратуға ақыл береді: Абайды өзі ғана жазып қоймай Ахметке жазғызады. Шоқанды-Міржақып жазады. Ахметке «сен енді Ыбрай туралы жаз деп қолқалайды» Абай балаларына, әсіресе Кәкітайға әкесінің еңбектерін баспа арқылы шығаруға кеңес беріп, Санкт-Петербор баспаханасынан шығаруға өзі көмектеседі. Кейіннен Абай туралы жазуды жас Мұхтарға (Әуезов) ұсынады.
Әлекең басқа ұлт пен ұлыстан үйренерлік те үлгі аларлық жағдайдың бар екендігіне көңіл бөле, олардың көркем әдебиеттерін аудара көпшіліктің танымына ұсынады. Өзінің кемел шағында тоғыз тілді меңгерген ол, Л.Н.Толстойдың «Кавказ тұтқыны», «Қажымұрат», А.П.Чеховтың «Хамелеоны», Ги де Мопассанның «Жарасын алдырған анасы», Д.М. Мамин-Сибряктың, В.Г.Короленконың, сондай-ақ татар, үнді, түрік тектес Қырым халқы жазушыларының көптеген еңбектерін аударып, баспа арқылы жан-жаққа таратады. Әр елдің тіл мен дініне қоса, жерінің байлығын, әдебиеті мен мәдениетін, өркениетті өнері мен жалпы даму жолын олардың төл шығармаланан толығырақ оқып-білуге болатынын түсіндіре, оқырмандар қатарын ұлғайтуды ойластырады.
Халықтың сана-сезімін ояту, мәдениетін көтерудің бірден бір жолы мектептер ашу екеніне көзі жеткен Әлихан Бөкейхан қазақ жерінде өз тілінде оқытатын оқу орындарының ашылуын қалайды. Шовинистік саясаттағы патша атқаамінерлерінің қол астындағы қарапайым халықтың қараңғылығын ұната, ұлт зиялыларының тілегіне теріс қарап, құптамайтын пиғылын таниды.
Сауаттылықтың сындарлы да салиқалы жолын болашақ ұрпақтың бойынан көргісі келе, ел зиялылары мен көкірегі ояу қатарластары мен таныстарына балаларын білім-білік жолына салуды, адамдықтың асыл қасиеттерін танытуды насихаттайды. Әлиханның өз туғандарына «Балалар сауатсыз қалмасын. Оқытыңдар. Ол үшін бастауыш мектеп ашыңдар. Әзіхан сен Жекежалдағы үйіңді мектепке бер, жылылап ұста. Базылхан сен мектепке керекті құрал-жабдықтарды тауып, қаражатын бересің. Смахан сен мұғалім жалдайсың, басшылық жасайсың…» («Әлекеңнің өмірі» (Смахан Бөкейхан, («Жұлдыз» журналы, №3-1996ж., №3-2003ж.)) деген тікелей тапсырыс бере отырып, бостандықтың бірден бір жолы білімде екенін түсіндіреді. Сондай-ақ, «Мал, мал деп малдың соңына ере бермеңдер, одан да білім теріңдер, мәдениетке бой ұрыңдар» («Алаш үшін жүрегін алау еткен» (М.Халиолла, «Орталық Қазақстан», 2005ж.)) деген уағызынан және Ә.Бөкейханның 1913-1924 жылдарда 15-ке тарта, одан кейінгі 1925-27 жылдар «Жаңа мектеп», «Жаңа кітап», т.б. баспаларында 30-дан аса білім, мектеп, мұғалім мәселелері туралғы мақалаларынан, парасатты педагогтің ағарту, сауаттылық барысындағы сан қилы ой тебіреністерін байқауға болатындай.
Әлихан дананың рухани ұстанымының мықтылығы іс-әрекеттерінен, қоғамдық қарым-қатынастарынан, қаламгерлік еңбектерінен айқын байқалады. «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет етпей қоймаймын», деген басым да басты ойын іс жүзіне асыруды, қазақ елін озық елдердің қатарына жеткізуді мақсаты етеді. Өмірін осы мақсатына сарып еткен азаматтың көрген қиыншылықтары да жеткен жетістіктері, өнегелі өрлігі де ерен ерлігі де ерекше. Қашанда болмасын өз елін асқақтата, өз жерін жайқалта көрсетіп, халқын қадірлей, азматтарын ардақтай танытады. Оның ерекшелігі: саяси қарсыластарына өз ойын ашық та анық айтып, оларға бас имеуі; қандай қиыншылық болып, қыспаққа түссе де, елінің еркіндігін, ұрпағының болашағын аңсай батыл қимылдауы; шен-шекпенге қызықпауы; сауаттылықтың сындарлы жолын іздеп, халқының санасын оятуға талмай ұмтылуы; Алашының алыптығына, халқының бақытты боларына сенуі.
Ұлыны ұлы таниды. Шығыстың ұлы ақыны Саадидің Ә.Бөкейханға арнаған өлеңінен үзінді келтіре:
Талайлар бұл дүниеге келген, кеткен,
Өмірсүре өркендеген, терін төккен.
Қалар тек, сол азамат мәңгілік боп,
Халқына адалдықпен қызмет еткен.
Міне, алаш арысының еңбегінің де есімінің өшпесін, оның қазағының жүрегінде мәңгілік екенін байқаймыз.
Қорыта келе, алаш алыбын тағы да бір қырынан таныуымызға болар. Өнегелі де өрелі азамат қазіргі уақыттағы басқа тілді білсе болды болмысын ұмытатын біреулер сияқты болмаған. Өзінің ана тіліне аса құрметпен қарап, елінің тілінде еркін сөйлеуге, сауатты жазуға баса көңіл аударған. Оны жазған сын мақалаларынан айрықша байқауға болады. Қалай десек те, тоғыз тілді толық білген дарын иесі, тек өз тілін жадында сақтап, ана тілінде жазып, сөйлесе ғана егеменділіктің еңсесі биіктелерін есінен шығармаған.
Қазақтың иен даласына әйгілі де ұлағатты ұлының қаламынан шыққан сан қилы, сан бағыттағы шығармашылық еңбектері мен ғұмырлық өмір жолындағы ерекшеліктерінен, тек ағартушылық қызметін көрсететін мәселелер сөз етілді.
Алып азамат, ғұлама ғалым, қажымас қайраткерді тағы да жан-жақты тануға ұмтылсақ, онда зиялы арысымыздың: орман және ауыл шаруашылығы, экономика мен заңгерлік мамандық иегері; зерттеуші, өлкетанушы этнограф; әдебиетші, аудармашы, энциклопедист, абайтанушы және жазушы; сындарлы саясаткер, қарымды қайраткер және нағыз патриот; ағартушы, ғалым, ұлағатты ұстаз; «Алаш» партиясын ұйымдастырушы, Алашорда Үкіметінің төрағасы, т.с.с. ғаламат та ғажап қызметтік қыр-сырларынан ұлағат алуымызға болады. Еңбек жолына тереңірек үңілсек әлі де сан қаламгерге, тіпті ел болашағына бағытты бағдаршам дерлік, келер ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық шығармалар шоғыры туындауы мүмкін. Осындай ұлылардың ұлықты ісін оқып-танып ұлықтай білген жастарымыздың тарихи танымы мен рухани сана-сезімі арта түспек.
Ұлт-азаттық көсемінің қандай тақырыптағы болсын еңбектеріннің мазмұнына ерекше мән бере оқысақ тұнып тұрған тарих, тамаша тағлым, зерделі зерттеу, зиялы насихат, рухани ұмтылыс екендігі дәлелсіз ақиқат. Олай болса халық жадында қаларлықтай, ұрпақ есінде мәңгі сақталарлықтай: аймақты ма ауданды, қаланы ма алаңды, кешенді ме көшені атап, білім ордаларын белгілеп, еңселі ескерткішін орнатып, бағдарламалар жазып, оқуларын өткізу қажеттілігі туындауда. Театрлық қойылымдар, ғылыми-танымдық, тіптен көркем фильмдер, кітаптар, т.б. дайындалса, онда игілікті де имандылық әрекеттер іске асып, көпшілік тілегі орындалды деп халқымыздың шаттанары сөзсіз.
Әміртайұлы Тілеуғалы,
математик, ардагер педагог,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.