Жаңалықтар

Ұлылар ұлағаты ұмытылмайды

Бұқар жырау аудандық орталық кітапханасының ұжымы жуырда осы тақырыпта сұхбат-кездесу ұйымдастырып, өткізді. Ол биыл туғанына 125 жыл толған қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаев пен оның академик шәкірті, осы жердің тумасы Арықтай Қайыповтың 110 жылдық мерейтойына арналды. Шараға қос ғұламаның көзін көрген туыстары мен жерлестері арнайы шақырылып, аудандық мәслихаттың төрағасы Асхат Әлиев пен кітапхана оқырмандары қатысты.

Суреттер автордан

Негізі, қазақ үшін Қанағаңның орны бөлек! Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­­­ Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің осы сәуір айында өткен отырысында сөйлеген сөзінде: «Біз Ұлы Абайды қазақ руханиятының темірқазығы, Ахмет Байтұрсынұлын ұлт ұстазы дейміз. Ал, Қаныш Сәтбаевты қазіргі қазақ ғылымының атасы деуге болады. Өздеріңіз білесіздер, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – халқымыздың біртуар перзенті. Еліміз әлі күнге дейін оның ғылыми жаңалықтарының игілігін көріп отыр. Әйгілі ғалымның мерейтойын жоғары деңгейде атап өту маңызды» деген еді.

Міне, осы орайда Қанекеңнің мерейтойлық шаралары Бұқар жырау ауданында да қолға алынып, мұның алдында Ақбел ауылының Қаныш Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін орта мектебінде облыстық құрылтай өткізіліп, аудандық әкімдік пен мәслихаттың бастамасымен Үлгі ауылындағы Қаныш бағында 125 түп ағаш көшет отырғызылды. Сонда екі тұлғаның есімі бөле-жармай бірге аталған болатын. Себебі, бұл Үлгінің топырағында Қаныштың ізі қалып, Арықтай туып-өскен-ді. Сондықтан, бұл жолы да олардың бірдей ұлықталуы заңды да. Сол үшін жатпай-тұрмай ізденіп, өз елінде аты аталмай, ескерусіз қалып бара жатқан Арықтай ағамыз туралы қаншама мәліметтер мен фотосуреттер жинақтап, солардың басын қосып, «Геологияның қос алыбы» деген атаумен экспозиция жасаған осы кітапхананың әдіскері Майгүл Асқарованың еңбегі ерекше екенін айтуымыз керек. Бұдан бөлек, ол кітапхана залының тұтас бір қабырғасына қос ғалымның кітаптары, ғылыми еңбектерінен, олар жайында жазылған баспасөз материалдарынан көрме ұйымдастырып, экраннан оларға қатысты деректер мен суреттерді жиналған жұртқа орнымен көрсетіп, ұсына білді.

Сонымен, кездесу тізгіні қолына тиген Майгүл қарындасымыз ең әуелі Қанағаңның көзін көрген, оның бала күнгі досы, аталас ағайыны Жұмаштың баласы, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы Жеңіс Шәдетовке сөз берді. Сексеннің сеңгірінен асса да сақпанның тасындай сартылдап тұрған Жеңіс ақсақал жүргізуші қойған сұрақтарға қарай Қаныш ағамыздың анасы Әлиман, алғашқы жары Шәрипа, оның әкесі Имантайдың қазасы, осы өңірдегі Қаныш құдығы мен бағы жөнінде елге беймәлім көп жайттардың бетін ашып, әдемі әңгіме-сұхбат құрды.

Ал, келесі сөз алған Әлімтай Кулов бұл бас қосуға сонау Алматыдан ат арытып келгені, Арықтай ағамыздың жақын жұрағатының бірі. Арекеңнің әкесі Қайып пен мұның бабасы Құл бір әке, бір шешеден туған ағайынды адамдар екен. Әлекеңнің айтуына қарағанда, Ақай ағалары (өздері солай атайды) 1972 жылы елге келіп, ағайын-туыс, дос-жарандарын көріп, бір мәре-сәре болса, 1989 жылы Баянауылда болған Қаныштың тойынан қайтып бара жатып, әкесі Қырбастың үйіне соққанда, сол кездегі кеңшар директоры осы отырған Жекеңді алдыртып, көп әңгімелескен көрінеді. Ұстазына өле-өлгенше адал болған Арықтай Қайыпұлының сол кезде ешкімнен қорықпай, өзі 50 жылдай жұмыс істеген геология ғылымдары институтында жылда Қаныш ағасының туған күнін атап өтіп отырғанын Әлекең аузынан естіп, оны нағыз көзсіз ерлікке баладық.

Сұхбат-кездесуге шақырылған Арекең туыстарының бірі Қайдар Ахмадин Майгүлге Арықтай ағасы хақында біраз мағлұматтар бергені мен сан рет Алматыға барғанда сол ғалым ағасының шапағатын талай рет көргенін айтады.

Бұл сұхбаттар арасында осындағы «Руханият» қосымша білім беру орталығының мұғалімдері Диас Ғабдолла Қанекең орындайтын «Сарыжайлау» күйін төгілт­се, Саян Бөдес ол сүйіп айтқан «Гаухартас» әнін нәшіне келтіре шырқады.

Тағылымы мол мазмұнды шараны қорытындылай келе аталған кітапхана директорының міндетін атқарушы Гүлайым Жұмкенова бұл кездесудің сыйлы меймандарына Алғыс хат пен ескерткіш сыйлық табыс етті.

Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button