Ұлы Жеңіс ұлықталды
Ғабиден Мұстафин кентінің көпшілік кітапханасының коворкинг залында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай акция өтті.

Бұл шара үш бөлімнен тұрды:
- «Бұл Жеңіс ұрпақтар жадында. Живет Победа в поколениях»
- «Мәңгілік кітап сөресі, Бессмертный книжный полк»
- «Тылда тынбай еңбек еткендер» деген тақырыпта өтті.
«Бұл Жеңіс ұрпақтар жадында. Живет Победа в поколениях» атты видеолекторийда кітапхана қызметкерлері Ұлы Отан соғысының басталу себебіне тоқталып, кенттен сол сұрапыл соғысқа аттанған боздақтар жайында айтып өтті.
«Мәңгілік кітап сөресі, Бессмертный книжный полк» деген бөлімде жерлес Кеңес Одағының батыры Корниенко П.П. ерлігіне тоқталып, басқа да майдангерлер еске алынды. Сонымен қатар Ұлы Жеңіс қандай жолмен келгені жайлы жазылған кітаптармен таныстырып және оқырмандар осы кітаптардан ерліктері туралы үзінділерді, тақпақтарды дауыстап оқыды. Мысалы, «Бұқар жырау ауданы: аула тарихынан аудан тарихына» деген өлкетану кітабынан П. Корниенконың ерлігі туралы оқылып, сонымен қатар «Боздақтар», «Жеңіс туын желбіреткен – Рақымжан Қошқарбаев», «Люди победы», «Катюша», т.б. әндерді Рупель Александра гармошкамен шырқап, қатысқандардың көңілінен шықты.
Ұлы Жеңістің 80-жылдығына орай, «Тылда тынбай еңбек еткендер» деген тақырыпта тыл еңбеккерлерімен кездесу кеші өткізілді. Бұл кеште тыл еңбеккерлеріне жылы лебіздер айтылып, сол сұрапыл соғыста қабырғалары қайысып, балалықтың дәмін де татып үлгермей, ерте есейген қарттарымызға арнайы өлеңдер оқылып, әндер айтылды. Кент әкімі Ускембекова Б. Қ. құттықтау сөз айтып, тыл еңбеккерлеріне берілген медальдарын кеуделеріне тақты.
Бұлар: В.М.Нежинская, В.М.Науменко, Д.Чернуха, А.И.Грязина т.б. болды. Соңынан өздерімен сұхбаттасып, әңгімеге тартылды. Тыл еңбеккерлері ризашылықтарын білдіріп, жылы сөздер айтты.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы