Ұлы тұлғаны ұлықтады
Еліміздің жыр һәм терме орындаушылары ата тарихымыздың іргетасын қалауға зор үлес қосқан Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған сайыста бас қосты. Термешілер Қарағандының «Шалқыма» концерт залында өткен «Ордалы сөздің иесі – Қазыбек» сайысында ұлық тұлғаны, ұлттық өнерді ұлықтады.
Термешілер Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын насихаттай отырып, ХІІІ – ХV ғасырдағы: Бұқар, Үмбетей, Қазтуған, Доспамбет, Ақтанберді, Шалкиіз жыраулар шығармашылығындағы ұлтымыздың мәңгілік мұратын көпшілікке насихаттады.
Сайысқа төрелік еткен Аманжол Әлтаев: «Алатаудан, Арқадан, Ақындарым келіпсің, Тілдерінен бал тамған, Жақындарым келіпсің» деп Жамбыл бабамыз жырлағандай бұл сайыс ұлттық өнерді қайта жаңғыртып, дамытуға арналған. Сондықтан, қатысушылар Қазыбек бидің жырларынан бастап, оған дейінгі ақындардың шығармаларын орындай алды, – деді.
Екі кезеңмен өткен сайыс үш күнге жалғасты. Бірінші күні қатысушылар өз қалауы бойынша түрлі терме мектептері өкілдері Арқа, Жетісу, Сыр, Маңғыстау өңірі жыршыларының шығармаларын орындады.
Екінші кезеңде үміткерлер өз қалауы бойынша Бұқар, Үмбетей, Қазтуған секілді Арқа өңірі жыраулардың жырларынан, батырлық дастандардан орындады. Сайысқа Қазақстанның әр қаласынан барлығы 16 қатысушы қатысты. Бес қатысушы Алғыс хатпен марапатталса, қарағандылық Мұхтар Әділов пен Нұрмұхамед Байсүгіров «терме» аталымындағы «Үкілі үміт» арнайы жүлдесін иеленді. «Жыр» аталымында алматылық Данияр Рақымбай, терме бойынша Манаш Әділбаев дипломант атанды.
«Жыр» аталымындағы І орынды БҚО-дан келген Фархат Оразов жеңіп алды. ІІ орын ақтөбелік Перуза Қалуоваға бұйырды. ІІІ орынды Қызылордадан келген Шолпан Бимбетова иеленді.
Астанадан келген өнерпаздар терме сайысында озық өнер көрсетті. «Терме» аталымында І орын – Бақдәулет Толыбекұлының еншісіне бұйырса, ІІ орынды алматылық Жұлдыз Ысқақова лайық деп танылды. Айнұр Қонысбаеваға ІІІ орын бұйырды.
Ал, қызылордалық Майра Сәрсенбаева үздік өнерімен ерекшеленіп, Қазыбек би атындағы Бас жүлдені қанжығалады.
Аяулым СОВЕТ