Жаңалықтар

Ұлы ұстаз ұлықталды

Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген білім беру саласының шамшырағы атанған Ыбырай АЛТЫНСАРИННІҢ 180 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Ұлы ағартушының мерейтойына орай Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана төрінде «Ағарту ісінің Апостолы» атты дөңгелек үстел өтті.

Ағартушының өнегелі өмір жолын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған танымдық кездесуге студенттер Ы.Алтынсариннің педагогикалық қызметі тақырыбында ой-пікірлерін ортаға салып, белсене қатысты. Сонымен қатар, ғалымның ағартушылық тарихы және ұлттық мектеп қалыптастырудағы ерен еңбегі де назардан тыс қалмады.

Өз кезегінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік университетінің профессоры Қалқаман Жақып Ы.Алтынсариннің бүкіл өмірін қазақ даласында бала оқытуға, мектеп ашуға арнағаны, оның өлеңдері мен әңгімелері қазақ жастарына тәлім-тәрбиелік мақсатта жазылғаны туралы атап өтті. Сондай-ақ, шара барысында оқырмандар назарына «Даланың дара ұстазы» атты кітап көрмесі ұсынылды.

Дөңгелек үстелде көпсалалы гуманитарлы-техникалық колледжінің оқытушысы Назерке Тәшімбекова мен Орталық Қазақстан академиясының оқытушысы Сетпен Қуаныш арнайы қонақ болып, ағартушы туралы тың ақпараттармен бөлісті.

Сонымен бірге, «Ұлы қазақтардың құпиялары мен тағдырлары. Ыбырай Алтынсарин» атты «Хабар» агенттігі дайындаған деректі фильмнен үзінді көрсетілді.

Жиын соңында кітапханашылар болашақ мұғалімдерге келешек ұрпақты жігерлендіру мақсатында Ұлы Даланың дара ұстазы Ыбырайдың ісін, асыл мұрасын келешек ұрпақ жалғастыру керектігін айтты.

Жәлел ШАЛҚАР. 

Басқа материалдар

Back to top button