Балқашта қазақ халқының ұлы ағартушысы, жазушы, этнограф Ыбырай Алтынсаринге ескерткіш тас қойылды. Ескерткіш Қоңырат ықшам ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы №25 мектептің алаңына орнатылды. Шараға ұлағатты ұстаздар, ата-аналар, мектеп түлектері мен шәкірттері қатысты.
Шараны осы мектептің түлегі, қалалық мәслихаттың төрағасы Ахат Мүслімов, «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Балқаштүстімет» ӨБ-нің бөлім бастығы Рысқұлбек Оспанов, Қоңырат кенішінің директоры Марат Тоғжанов жүргізді.
Тарихқа үңілсек, №25 қазақ орта мектебінің іргетасы 1942 жылы қаланып, 1965 жылдың 21 мамырында мектепке қазақтың ағартушы-педагогі Ы.Алтынсариннің есімі берілген.
80 жылдай тарихы бар білім ұясынан бірқатар ғылым кандидаты, генералдар, білікті мұғалімдер, дәрігерлер, кеншілер және өзге де салалардың саңлақтары түлеп ұшқан.
Ескерткіштің авторы – Қарқаралы ауданының мемлекеттік мұрағатының басшысы Манарбек Кәрім.
Қазақ даласына білім сәулесін шашқан, «Кел, балалар, оқылық!» деп ұран тастаған тұлғаға арналған тасбелгінің биіктігі – 3,5 м, ені – 2,5 м, қалыңдығы – 25 см.
Шара барысында мектептің ардагер ұстазы Несіпқайша Шөкейқызы атындағы дәстүрлі жүлдені ұстаздың қызы Жанат Әсержанқызы тапсырды. Сондай-ақ, 11-сынып оқушысы Сабина Қасымова 10-сынып оқушысы Ділназ Назароваға «Аманат кілтін» табыстады.
Тұсаукесер рәсімінде сөз алған мектеп директоры Гүлбахрам Мейірбекова түлектерге сәт сапар тілеп, ұлы тұлға Ыбырай Алтынсариннің ескерткішін орнатуға атсалысқан азаматтарға алғысын айтты.
– Ағартушы Алтынсарин, педагог Алтынсарин, қайраткер Алтынсариннің қазақ мүддесі үшін жасап кеткен қыруар игі ісі ешуақытта қадірін жоймақ емес, – деді Гүлбахрам Мейірбекова.
Сонымен қатар, мектептің дарынды оқушылары ән шырқап би биледі. Поэтикалық драмадан үзінді келтіріп, сахналық қойылым қойды.
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz