Ұлық мейрамның ұлттық бояуы
Наурыз мейрамы қарсаңында «Жастар» спорт кешенінде ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Оған облыстың аудан, қалаларынан іріктелген спортшылар келіп, бағы мен бабын сынады. Доданың мақсаты – ұлтымыз үшін ғана емес, тұтас Түркі жұрты үшін қастерлі әз Наурыздың қадір-қасиетін арттыру және саламатты өмір салтын насихаттау.
Жарыс 8 спорт түрі бойыншы өтті. Кір тасын көтеру (24 келілік екі кір тасы), қол күрес, арқан тартыс, асық ату, қой көтеру, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, ләңгі тебу. Жеңімпаздарға қаржылай жүлде тағайындалды. Мәселен, кір тасын көтеру мен қол күрестен бірінші орын алған қатысушыға 50 мың теңге, асық ату мен тоғызқұмалақтан үздік атанғандарға 20 мың теңгеден берілді. Ал, жұрт асыға күткен қазақ күресінің бірінші орынына 500 мың теңге тігілді.
Жарыстың ашылуы өзіндік сән-салтанатымен өтті. Этно бағыттағы әндер шырқалып, ою-өрнекпен көмкерілген көйлекпен бойжеткендер ұлттық билерді билеп, мейрамның ажарын кіргізді. Домбыра шертілді.
Ұлттық спорттың салтанатына облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожухов, орынбасары Ләззат Төкенқызы және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Серік Сәпиев арнайы келіп, спортшыларға қолдау көрсетті.
Спорт ардагері, бұл күнде жас спортшыларға жол нұсқап, батасын беріп жүрген Сабиғолла Әлкейұлына сөз берілді.
– Ұлтымыздың ұлық мейрамы әз Наурыз баршамызға құтты болсын! Ұлттық спортымыз қарыштай берсін! Еліміздің болашағы жастар, сіздер арқашан жеңіс тұғырынан көрініп, ел дамуына өз үлестеріңізді қосады деген сенімдеміз. Ел аман, жұрт тыныш болсын! Не келсе де қайырымен келсін! Ұлымыз ұлықты, қызымыз қылықты болсын! Алаштың жақсы-жайсаңы тек жақсылықта жүздессін! – деді ақсақал.
Қазақ күресінен 60 келі салмақ дәрежесінде Үмбетхан Бердікбек, 74 келі салмақ дәрежесінде Қайырғали Төлепберген бірінші орын алып, доданың қаржылай жүлдесін қанжығалады.
Спорт кешенінің сыртына киіз үйлер тігіліп, шара қонақтары наурызкөже мен басқа да ұлттық тағамдардан дәм татты. Екі иінінен дем алған сары самаурынның шайын ішті. Ұлттық нақышта киінген қыз-жігіттер қонақтардың көңілін көтерді.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет автордан