Ұлық мейрам ұлықталды
Әз Наурыз мейрамына орай Нұра ауданында салтанаты жарасты, мәртебесі келісті той болды. Таң сәріден орталық алаңға жиналған қауым алтыбақан теуіп, наурыз көжеден дәм татты.
Бес ғасырдан астам тарихы бар еліміздің төл мейрамы Наурыз мерекелік көш-керуен шеруімен басталды. Орталық аллеямен жүріп өткен халықтың көңілі көтеріңкі. Аудан орталығының бес жүзге тарта қызметкері, студенттер мен мектеп оқушылары жұмылдырылып, еліміздегі басты құндылықтарды әспеттеп, он төрт колоннаға бөлінген мерекелік шеру орталық «Тәуелсіздік» саябағында аялдады. Бұл жерде әр колонна атадан балаға мирас болған салт-дәстүрлерімізді насихаттап, бейбітшілік пен келісім тақырыбында қойылым сахналап, өнерлерін ортаға салды.
Аудан әкімі Ниқанбай Омарханов жиналған қауымға наурыз тілегін білдірді. Тамырын тереңге тартқан осынау мереке – береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мейрам екенін атап өтті.
Жауапты мекемелер орталыққа тігілген ақ боз үйлерде мерекелік дастарқан жайып, табақ-табақ ет тартып, көпшілікке наурыз көже ұсынып, ел шат-шадыман болды. Сонымен қатар, әсем безендірілген әрбір қазақы үйде ұлттық құндылықтарымыз насихатталып, әжелер келіндеріне өсиет айтып, жас балалардың тұсауы кесіліп, бесікке бөленіп жатса, енді бір үйлерде құда түсіп, қыз ұзатылып, шаңырақ көтеру тойы әспеттелді. Тағы бір киіз үйде аудандық жұмыспен қамту орталығы бос орындар жәрмеңкесін өткізді. 30 жұмыссыз орын тауып, 10 маман жұмыспен қамтылды. Үлкендерден бата алған жас балалар үй маңында асық ойнап мәре-сәре.
Ұлттық спорт түрінен ойындар ойнатылды. Аузы аққа тиген нұралықтар бұл ойындарға бір кісідей атсалысты. Орталық саябақта білектілер кір көтеріп, мықтылығын танытса, палуандар боз кілемде күш сынасты. Арқан тартыс, тоғызқұмалық ойындарына жиналған қауым кезекке тұрып, ойын көрігін қыздырды.
Арғымақ атқа ер салған білекті жігіттер Ахмет ауылында көкпар тартып, тартысты ойын көрсетсе, Кертінді ауылында бәйгенің түр-түрі өткізіліп, жүлдеге бағалы сыйлықтар қойылды.
Ұлы мерекеде 400 литр наурыз көже, 150 келі палау әзірленіп, одан әркім қалауынша ауыз тиді. Ыстық бауырсақ пен шайы тағы бар.
Бұдан бөлек «Ұтыс лотореясы» ойнатылды. Бас жүлде “IPhone 7” ұялы телефоны, 2 орынға жерсеріктік «OTAU TV» хабар тарату желісі, 3 орынға сүт тартқыш машинасы қойылды. Шөп, көмір тонналап, картоп, жемнің түр-түрі қаппен қойылса, қосымша 200-ге тарта ұсақ ұтыс ойнатылды.
Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.
НҰРА ауданы.