Бас тақырып

Ұлы мұрат жолында

Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық Құрылтайдың Бурабайда IV отырысы өтті. Жиынға Құрылтай мүшелері мен басқа да делегаттар қатысты. Өз кезегінде спикерлер сөз алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің басында Құрылтайға жиылған қауымды Амал күнімен құттықтады.

Суреттер Ақорда

Салық жүйесін оңтайландыру – уақыт талабы

Президент Үкіметтің салық реформасына қатысты жаңа тәсілдер ұсынғанын атап өтті. Ол кәсіби мамандар мен халықтың қосымша құн салығы мөлшерлемесін көтеру қажеттігіне түсіністікпен қарайтынын айтты. Алайда, бұл өзгеріс­терге, әсіресе, қосымша құн салығына қатысты сын-пікірлер де айтылып жатқанын жеткізді. Дегенмен, оның пікірінше, мұндай сын шынайы ахуалға негізделмеген. Президент кейбір елдердің түрлі себептерге байланысты ауқымды әлеуметтік міндеттемелерді мойнына алмайтынын атап өтті. Ал, Қазақстанда бюджет қаржысының жартысынан астамы әлеуметтік салаға бағытталуда.

– Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан, білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастырамыз. Бұл – біздің конституциялық міндетіміз. Бірақ, шын мұқтаж азаматтарға ғана көмек көрсетілуі керек. Қызметін асыра пайдалануға, алаяқтыққа жол берілмейді. Сондықтан, басымдық берілмеген жобаларға бөлінетін қаржы азаяды. Бұл қажет шара екені айдан анық. Үкімет осы жылдың соңына дейін оны қалай оңтайландыру керектігін біржола анықтап алуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанда әртүрлі салық режимдері, көптеген жеңілдіктер мен преференциялар бар екенін атап өтті. Бұл жағдай елде салық офшоры тәрізді ахуал қалыптастырғанын айтты. Оның сөзінше, кәсіпкерлердің екі негізгі тобы пайда болды. Біріншісі – заңнамадағы олқылықтарды пайдаланып, салық салынатын табысын жасанды түрде төмендететіндер. Екіншісі – барлық салықты адал төлейтіндер. Соңғы топтағы кәсіпкерлер осындай әділетсіз бәсекеге төтеп бере алмай отыр. Президент Үкіметтің салық төлеуден жалтару үшін бизнесін бөлшектейтіндердің әрекетіне орынды назар аударғанын атап өтті. Өкінішке қарай, мұндай құбылыс кеңінен тарап кеткенін де ескертті.

Ұлттық бірегейлік және тарих

Соңғы жылдары ұлттық бірегейліктің маңызды факторы ретінде тарих ғылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Әсіресе, бүгінгі Құрылтай тарихи белеспен тұспа-тұс келді. Биыл Қызылорда қаласын ел астанасы ету туралы шешімнің қабылданғанына 100 жыл толып отыр. Осыған байланысты, Президент Құрылтайдың келесі отырысын Сыр өңірінде, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізу туралы ұсыныс жасады.

Мемлекет басшысы көрнекті қаламгер Төлен Әбдіктің жыл басында «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатына да ерекше назар аударды. Жазушының «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген сөзі терең мағынаға ие. Анығында өз ұлтыңды өзгелерден биік қою түптің- түбінде қауіпті жолға алып келеді. Президенттің пікірінше, қазақ халқы ешкімнен кем емес, бірақ өзгелерден артық та емес. Бұл – ақиқат. Президент қазақ халқын данышпан халық деп атауға негіз бар екенін айтты, бірақ әлемде басқа да данышпан халықтар бар екенін еске салды. Кейбіреу­лерге бұл пікір ұнамауы мүмкін екенін мойындай отырып, көпшіліктің көңілінен шығу үшін тура сөзден тайқымау қажет. Ол әр елдің дамуы өзінің өркендеу деңгейіне қарай бағаланатынын еске салып, қазақ тарихына өркениеттік тұрғыдан қарау керектігін баса айтты. Мұндай көзқарас халқымыздың өткеніне, бүгініне және болашағына жаңа түсінік қалыптастырады деп қорытындылады.

– Қазір отандық тарих ғылымының және біздің зияткерлеріміздің алдында төл тарихымыз туралы түсінікті жаһандық өркениет парадигмасы тұрғысынан кеңейту міндеті тұр. Ашығын айтсақ, көптеген ғалымдар мен қоғам белсенділері әлі күнге дейін Қазақстанның жылнамасына ұлттың жадына жара салған тарихи оқиғалар тұрғысынан қарайды. Бұл жағдай төл тарихымызға көзқарас ауқымын тарылтады. Біз барынша кең әрі терең ойлауымыз қажет, – деді Президент.

Ірі инфрақұрылымдық жобалар

Президент Ұлттық құрылтай отырыстарында әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық мәселелер ғана емес, ел дамуының басқа да бағыттары бойынша маңызды шешімдер қабылданатынын атап өтті.

– Қазір бүкіл елімізде ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, 2025-2026 жылдардың өзінде Қашаған кенішінде газ өңдеу зауытын, сонымен бірге, «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры мен «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісін іске қосу жоспарланған. Үкімет Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ құрылғысына негізделген электр стансасын салады. Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 жаңғыртылатын болады. «Кендірлі» демалыс аймағында су тұщытатын зауыт жұмыс істей бастайды. Кәсіпорын Жаңаөзен қаласы тұрғындарын ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етеді. Қарағандыда және Екібастұзда болат қорытатын зауыттар, Жамбыл облысында минералды тыңайтқыш өндіретін химия кешені пайдалануға беріледі, – деді Президент.

Елімізде ірі инфрақұрылымдық және өндірістік жобалар жүзеге асады. Мәселен, Алматы қаласы мен Қостанай облысында автокөлік зауыттары ашылады. «Достық – Мойынты» теміржол учаскесі мен Алматы бекетін айналып өтетін теміржол желісінің құрылысы аяқталады. «Қызылжар – Мойынты» бағытында жаңа теміржол жобасы басталады. Сонымен қатар, Ақтауда Каспий теңізі жағалауындағы контейнер хабы салынады. «Қорғас – Шығыс қақпа» ЕЭА аумағында халықаралық әуежай іске қосылады. Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі демалыс аймақтарында жаңа әуежайлар ашылады. Президент Каспий теңізінің түбі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылатынын атап өтті. Бұл жоба Еуропа мен Азия арасында цифрлық дәліз құруға мүмкіндік береді.

Жаһандық белгісіздік жағдайында

Президент әлемде ауқымды өзгерістер жүріп жатқанын, Қазақстанның да осы үдерістердің белсенді қатысушысы екенін атап өтті. Ол басты халықаралық мәселелерді шешуге қатысты жаңа пайымдар мен нарративтер, ерекше көзқарастар мен тәсілдер пайда болғанын да айтты. Қазіргі жаһандық ахуалдың негізгі сипаттары ретінде: бұрын-соңды болмаған қақтығыстар, сенім дағдарысының ушығуы, халықаралық құқықтың әлсіреуі, экономикалық текетірестердің күшеюі аталды. Бұл өзгерістер жаңа технологиялық дәуірдің қалыптасуымен, маңызды ресурстар үшін күрестің күшеюімен, өндіріс пен сауда-логистика байланыстарының қайта құрылуымен, сондай-ақ, техногендік және табиғи апаттардың жиілеуімен тұспа-тұс келіп отыр­ғанын айтты.

– Беделді саясаткерлер мен сарапшылар «дүние жүзі жаппай берекесіздік жайлаған немесе болашағы бұлыңғыр жаңа заманның қарсаңында тұр» деген пікір білдіре бастады. Басқаша айтқанда, әлемдегі ескі тәртіп күйреп жатыр, ал жаңа дәуірдің сұлбасы әлі нақты айқындалған жоқ. Көз алдымызда тарихтың жаңа айналымы басталып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жаһандану үдерісінің әлсіреп, оның орнына мемлекеттік ұлтшылдық, ықпал жүргізетін аумақтарды бөлісу және әлемдік саясатта аймақтарға бөліну үрдісі күшейіп келе жатқанын атап өтті. Ол демократиялық құндылықтар деген ұғымның көптеген елге күшпен таңылғанын, ЛГБТ қозғалысы, халықаралық үкіметтік емес ұйымдар мен қорлар арқылы мемлекеттердің ішкі ісіне араласу белең алғанын айтты. Оның пікірінше, бұл әрекеттердің түпкі мақсаты – сан миллиардтық бюджеттерді бақылау және жеке мүдделер үшін пайдалану.

– Біз үшін ешкім елімізді дамытып, көркейтіп бермейді. Қазақстан өз азаматтарымызға, яғни, бізге ғана керек. Біз өз мүмкіндігіміз бен күш-қуатымызға арқа сүйеуіміз қажет. Сондықтан, ұлт ретінде алға басуға не кедергі болса, соның бәрінен арылып, сапалы ұлт болуға тиіспіз. Елімізді жаһанға жайылып келе жатқан өзгерістерге дайындап, Қазақстанды кез келген сын-қатерге төтеп бере алатын қуатты мемлекет етуіміз керек. Бұл – менің Президент ретіндегі басты миссиям. Бұл – тұтас ұлтымызға ортақ маңызды міндет, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстанның басты күші

Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біздің басты күшіміз – адам және оның жасампаздық әлеуеті» деген қағиданы үнемі басшылыққа алатынын атап өтті. Оның пікірінше, білімді, еңбекқор және мақсатшыл азаматтар ғана елді табысқа жеткізеді. Сонымен қатар, ол Қазақстанда азаматтарға туған кезінен бастап өмір бойы қолдау көрсететін тиімді мемлекеттік жүйе қалыптасқанын айтты.

Мемлекет басшысы адам капиталына салынған инвестиция – мемлекеттің ең сенімді әрі дұрыс салымы екенін атап өтті. Ол білім-ғылым, медицина, спорт және креативті индустрия салаларына қаржы бөлуді жалғастыратынын, сондай-ақ, азаматтардың өзін жан-жақты дамытуына барлық жағдай жасалатынын айтты. Президенттің пікірінше, жекелеген адамдардың табысты әрі бақуатты өмір сүруі – нағыз қуатты мемлекеттің көрсеткіші. Сонымен қатар, ол цифрландыру мен жасанды интеллект, энергетика, агроөнеркәсіп секторы және адам капиталы Қазақстанның жаңа әлемдегі орнықты дамуына жол ашатын негізгі факторлар болатынын баса айтты.

Президент елдің әлеуетін нығайтып, азаматтардың мұң-мұқтажына құлақ асатын және ең бастысы, мәселелерді тиімді шешетін мемлекет құру қажеттігін атап өтті. Ол білім мен инновацияға негізделген, жоғары технологиялық дамыған экономика қалыптастырудың маңыздылығын ерекше айтты. Президенттің пікірінше, барлық бастамалар мен реформалар ең алдымен азаматтардың игілігі үшін жүзеге асырылады, өйткені адам – мемлекеттің басты құндылығы.

– Сіздер Ұлттық Құрылтай аясында көптеген бастама көтеріп, игі істерге ұйытқы болып жүрсіздер. Отаншыл азаматтардың арқасында еліміз тұрақты дамып келеді. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Бүгін біршама өзекті мәселелер талқыға түсті. Алдағы уақытта да осылай береке-бірлікте болып, еліміздің болашағы үшін маңызды жұмыстарды бірге атқара береміз деп сенемін! Ораза қабыл болсын! Баршаңызға амандық тілеймін! – деп тұжырды сөзін Мемлекет басшысы сөзінің соңында.

Жиында Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым, Қостанай автомобиль көлігі колледжінің директоры Дмитрий Павленко, Қарағанды облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Бекзат Алтынбеков, Team Qazaqstan жобасының жетекшісі Олжас Сүлеймен, құқық қорғаушы қайраткер Айгүл Орынбек және Қолданбалы экономика зерттеулері орталығының ғылыми жетекшісі Жақсыбек Құлекеев сөз сөйледі.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button