Ұлы мұратқа ұмтылыс
Қолданыстағы Конституция өзінің тарихи миссиясын толық атқарды. Айналасы 30 жылда 6 рет өзгертілген Ата Заңымызды түбегейлі өзгерту талабы күн тәртібіне кеше-бүгін шыға келген мәселе емес. Әрине, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі Мемлекет қалыптастырудың ауыр жүгін көтеріп, ең басты құндылығымыз Тәуелсіздігімізді нығайтуға орасан септігі тиген бас құжаттың тарихи бағасын беріп, өтпелі кезең өткелегіндегі өлшеусіз игілігін ерекше атап өтуіміз керек.
Уақыт жылжып, замана құбылған сайын, өз кезегін күтіп тұрған өзгерістің құлағы қылтиғалы қашан. Сонымен, ескі дәуірдің мұрасына айналып, құқықтық өкілеттілігі өркениет талаптарына жол бергелі тұрған қолданыстағы Конституциямызды тәрк етуімізге тура келді. Сөйтіп, Қазақстан мемлекеті өзінің алмағайып тағдыры мен тағылымды тарихында тағы бір елеулі реформа кезеңіне қадам басты. Түбегейлі өзгерді (84%) деуге тұрарлық жаңа нұсқа еліміздің стратегиялық даму бағдарын нақтылап, ресурстарға тәуелді экономикалық бағыттан бас тартып, ел болашағын ғылым-білім, инновация және адам капиталы арқылы тұғырландыруға бетбұрыс жасайтын болады. Жаңа редакциядағы Конституцияның маңызы да, өзегі де – осында.
Әңгімеміздің әлқиссасын әлем елдері Конституцияларының тарихынан өрбітсек…

Конституциясы жоқ елдер бар
Конституция жобасын ашық талқылау барысында эмоциямызды екшей алмай, жалаң ұран, жалған патриотизмнің жетегінде кетіп жатқанымыз жасырын емес. Ел тағдырын таразылау ісінде мұндай қателіктерге жол бермегеніміз абзал болар еді. Әрине, сөз бостандығы, ой еркіндігі – еліміздің демократиялық принциптерін қуаттай түсетін маңызды фактор. Десек те, ішкі дау, сыртқы жаудан келер қатерге қалқан болар бас құжатымыз бұлай талқыланбаса керек-ті.
Әлеуметтік желіде «Ана елдің анасын, мына елдің мынасын қайталап жатырмыз», «Конституция жобасында ұлттық сипат жоқ» деген сыни пікірлер өріп жүр. Жаңа жобада тұңғыш рет Ұлы Дала ұғымы енгізіліп, мемлекеттілігіміз бен саяси мәдениетіміздің тарихи сабақтастығын айқындап тұрғанына неге мән бермеске? Ең әуелі жаңа Ата Заң жобасының түпнұсқасы тұңғыш рет қазақ тілінде әзірленіп, орыс тіліне сонан соң аударылғанын қайда қоясыз? Еуропадан көшіріп алған ештеңеміз жоқ екен. Мысалы, Ұлыбританияның Қауымдар палатасында 650, Лордтар палатасында 800-ден астам мүше бар екен. Біздің бір палаталы болашақ Құрылтайда 145 мүше болады. Яғни, біздің таңдаған бағытымыз – мүлде басқа бағдар.
Саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқанымызды тілге тиек еткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанның «The News International» басылымына берген сұхбатында:
– Ел тарихында ең елеулі саяси трансформация үдерісі жүріп жатыр. Бұл өзгерістер қоғамда дамудың игілігін әділ бөлуді талап етеді. Мемлекеттің іргесін бекемдеу жолындағы барлық қам-қарекеттеріміз елімізді жаңғыртуға, шын мәнінде Әділетті Қазақстанның негізін қалауға бағытталған, – деді.
Яғни, біз ешкімге ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын жол таңдадық. Ең бастысы, осы реформа арқылы Қазақстан билігі басқарудың «суперпрезиденттік» моделінен бас тартып, билік пен байлықтың жалқы мүддеге шоғырлану дәуірінің аяқталғанын жариялады. Президент емеурінінен өркениет өрекпіп, жаһандану жанталаса жағамыздан алған бүгінгі дәуірдің күрделі талабын тануға болады. Жер планетасындағы жеті миллиард адамның ешқайсысын бейжай қалдырмайтын өркениет талабы сәт сайын өзгеруде. Сын-қатер еселеніп, геосаяси ахуал ұшығып тұр. Ескі көрпеңді жамылып, етек-жеңіңді қымтамай жата берсең де, ешкім саған қой демейді. Бірақ, бір мәселенің басы – ашық. Жаһан жұрты жанталасып жатқанда, сен бейқамдық танытсаң – көштен қалғаның.
Өйткені, мемлекеттің қалыптасуы, тұтастығы, дамуы, жаһандық өзгерістерге бейімделуі, қорғаныс қабілеті – заңға тәуелді. Кез келген қоғамдық құбылыс пен ұлттық идея заң талаптарына негізделгенде ғана өміршең бола алады. Осы орайда Мемлекеттің негізгі заңы, Тәуелсіздіктің басты нышаны саналатын Конституцияның маңызы орасан екенін ерекше атап өтуге тиіспіз.
Солай бола тұра, әлемде Конституциясы жоқ елдер бар екенін естігенде, таң қалмасқа амалың қалмайды екен. Мәселен, әлемнің Ұлыбритания, Канада, Сауд Арабиясы, Жаңа Зеландия, Швеция, Сан-Марино, Израиль, Ливия секілді 8 елінде Конституция жоқ. Бұл дерек аталған елдер заңға мүлде бағынбайды дегенді көрсетпейді. Оларда кодификацияланбаған конституция бар. Ол дегеніміз – салалық заңдардың, нақты бір доктриналардың, құқықтық әдет-ғұрып пен сот прецеденттері нормаларының жиынтығы. Біздің қолданыстағы кодификацияланған Конституцияның жөні бөлек. Кодификацияланған Конституцияда мемлекеттік заңдардың, аумақтық (аудандық, облыстық, федерациялық, т.б) деңгейде қолданылатын заңдық нормалар мен ережелердің ортақ мүддесі жиынтық формада қолданылады. Яғни, барлық заңдардың бастауы – Конституцияда.
Мысалы, Ұлыбританияда (Англия) ежелгі заңдар, сот тәжірибесі және бірнеше конституциялық келісімдер қолданылады екен. Олардың ең көнесі рыцарьлық билік тұсында қабылданса да, әлі күнге дейін ағылшындар осы заңды құрметтейді. Бүгінгі жаһандану дәуіріне дейін Ұлыбританияның «Құқықтар туралы Билл» және IV ғасырда қабылданған «Ұлы азаттық хартиясы» атты заңдар мен ережелер жиынтығы небір мемлекеттік шешімдер қабылдауға негіз болып келеді.
Ал, Израиль неге Конституциядан бас тартты. Шындығында, бас тартқан жоқ, қабылдай алмай отыр десе де болады. Себебі не? Себебі – жалқы. Израиль мемлекетіндегі зайырлы қоғам мен діни ұстаным қабыспай тұр. Міне, осы екі бағыттың келіспеушілігі салдарынан ел Конституциясын қабылдау кейінге шегеріліп келеді. Тереңірек үңілсеңіз, біздің елде де осыдан бірер жыл бұрын орын алған осы мазмұндағы мүдде қайшылығы есіңізге түсер еді. Мектеп оқушыларының сабаққа хиджаппен келуіне тыйым салу мәселесі күрделеніп, оның әлеуметтік салдары еселеніп кете жаздаған. Жаңа Конституцияның жобасындағы 7-бап бұл мәселеге нүкте қойды. Өзін унитарлы мемлекет деп таныған Қазақстанда ешқандай діни көзқарасқа шектеу жасалмайды, алайда, діни бірлестіктердің қызметі заң шеңберінде реттеледі. Нақтырақ айтқанда, 7-баптың екінші тармағында: «Қазақстан аумағында діни ұйымдардың қызметі заңға сәйкес жүзеге асырылады және ол конституциялық құрылыс негіздерін, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығын және қоғамның адамгершілік болмысын қорғау мақсатында шектелуі мүмкін», – делінген. Осы бір ғана мысалмен-ақ Конституцияның тарихи мәні мен қоғамдық маңызын тануға болар еді.
Сауд Арабиясында Конституция орнына Қасиетті Құран мен Мұхаммед пайғамбардың сүннеттері қолданылады. Яғни, шариғат шарттары мемлекет басқару мен құқықтық жүйенің негізі болып табылады. Ливия мемлекетінде де Құран кітабы – мемлекеттік саясаттың басты құжаты.
Сонымен қатар, АҚШ пен Үндістанның да Конституциялары еріксіз назар аудартады. АҚШ Конституциясы – әлемдегі ең көне (1787 жылы қабылданған) заңдар жүйесі. Қабылданғанына 239 жыл болған АҚШ Конституциясына бар болғаны 27 рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілген. Ал, дүние жүзіндегі ең көлемді Конституция – Үндістанға тиесілі. Ол 12 бөлім, 448 бап, 103 тараудан тұрады. Сондай-ақ, әлемде ең көп өзгертілген (100-ден астам өзгеріс енгізілген) ең тұрақсыз Конституция да – осы Үндістанның бас құжаты.
Жер шарындағы ең шағын мемлекеттің бірі – Бутан корольдігі. Бар болғаны 800 мың ғана халқы бар гималайлық корольдік 2008 жылы өз Конституциясына «Жалпыұлттық бақыт» тұжырымдамасын енгізіпті. Бұл тұжырымдамада елдің дамуын тек экономикалық өсіммен ғана емес, адамдардың өмір сүру сапасымен, мәдениетті сақтаумен, қоршаған орта құндылықтарын қастерлеу талаптарымен бағамдау қажеттігі нақтыланған. Біздің жаңа Конституция өзегіндегі ұлттық сипатты мен осы Бутан корольдігінің «Жалпыұлттық бақыт» идеологиясына ұқсатуға болады.
Иә, сәт!
Жаңа Конституция. Жаңа бағыт. Жаңа идеология
Жаңа Конституция жобасының маңыздылығы мен жаңа бағытқа икемділігі – оның өміршең сипатына анықтама боларлық деңгейде әзірленгендігінде. Ұлттық дүниетанымға етене жақын мазмұнда дайындалған жаңа жобада кешегі тарих пен бүгінгі ұлттық идеологияның сабақтастығы көшелі көрініс тапқан.
Сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің «Біз – XV ғасырда «қазақ» деген ел болып біріккенімізді Ұлытаудың көктасына қашап басқан ру таңбаларымен куәландырған ел едік. Бірігеміз, бір ел боламыз деп анттасқанымыз да сол, Конституциямыз да сол – тасқа басылған таңба», – деген сөзі бар. Яғни, біздің заңға бағынып, тәртіпті мойындап өмір сүру дәстүріміз тым әріден басталады.
Иә, қазақ халқы – заң мен тәртіпке ежелден бас иген халық. Дала демократиясының құқықтық негіздерін саналы түрде қабылдап, өзіндік өркениетін қалыптастыруға деген ұмтылысы Әз Тәукенің «Жеті жарғысы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы» секілді заңдық нормалары арқылы айқындалған. Бұлардың қай-қайсысы да өз дәуірінің Ата Заңы болғаны, бүгінгі Конституцияның бастауы екені ақиқат. Тіпті, Ресей патшалығының боданы кезінде «ақырып теңдік сұраған» «Қарқаралы петициясы» мен Алашорданың «Қазақ елінің уставы» атты конституциялық жобасын «сауатсыз жазылған сандырақ» деп айта аламыз ба? Ол аз десеңіз, қазақтың мағынасы терең, мәні зор мақал-мәтелдері мен ел ішіндегі дау-жанжал кезіндегі қара қылды қақ жарған билердің шешімдері ресми түрде белгілі бір құқықтың нормалар жиынтығы болмағанымен, дала өркениетінің қоғамдық ережелері болғаны дәлелдеуді қажет етпейді. Мәселен, «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы», «Иілген басты қылыш кешпес», «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Әділ туған заң жақсы», «Балам бол, басқа бол – бәріңе заң біреу-ақ» деген тәмсілдердің астарында әділдікті ту еткен асқақ рухтың үні жатқан жоқ па?!
Менің бұл пікірлерім Сақтан қалған салтымызбен, Ғұннан қалған ғұрпымызбен бүгінгі құқықтық жүйені билеп-төстейміз деген сөз емес. Жаңа дәуірдің сұранысы жауапкершілікке ғана жүгінеді. Кешегі өткенді көксеп, бүгінмен ғана өмір сүру ертеңгі атар таңның арайлы нұрын көмескілендіреді. Оның арты – дағдарыс. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, саяси дағдарыстың салдары қаржы дағдарысының салмағынан әлдеқайда ауыр.
Конституциялық реформа – уақыт мойындатқан шындық. Кедергіні айналып, дағдарысты белден басып өткеніңмен, ақиқаттан айналып өте алмайсың. Өйткені, әлем картасында ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында ғана пайда болған Қазақстан мемлекеті үшін ұлттық экономика қалыптастыру кезеңі күрделі кедергілерді еңсеру мехнатымен ерекшеленді. 1993 жылы қабылданған алғашқы Ата Заңымыз бұл қиындықтар құйынын тізгіндей алмады. Иә, ол барынша демократияшыл құжат болғанын мойындаймыз және ел тарихында да солай қалады. Дегенмен, алғашқы әрі ғұмыры тым қысқа болған Конституцияның негізгі өзегі билік тармақтарын нығайтуға бағытталып, адами факторды екінші орынға ысырып қойғандығынан ғұмырлы бола алмады десек, тарихқа қиянат жасаған болар едік. Оның басты айыбы Ата Заң жобасын сол кездегі Жоғарғы Кеңес органы әзірлегендіктен, олар өкілетті органға басымдық бермек ұстанымдары арқылы Конституцияда билік тармақтарының байқалмайтын бәсекелі бөлініске жол бергендігінде болды деп топшылаймыз. Сондай-ақ, оның тағы бір кемшілігі 1978 жылы қабылданған Қазақ КСР Конституциясының жүйесімен дайындалғанында, посткеңестік мүддеден алшақ кете алмауында болды.
1995 жылы қабылданып, күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқан қазіргі Ата Заңымыз да алғашқы Конституцияның кейбір қателіктерін қайталағанын айтады заңгер мамандар. Мәселен, қолданыстағы Конституция да өзінің логикасы мен рухы жағынан кеңестік жүйе идеологиясынан алшақтай алмаған. Мұнда мемлекет басты субъект ретінде танылып, адам факторы басқару нысаны ретінде ғана қарастырылады. Қабылданғаннан бері 6 өзгертілсе де, ескі-құсқы қисынның көлеңкесінен шыға алмаған Конституцияны өзгерту талабын күн тәртібіне уақыт өзі алып шықты.
Қайталап айтайын, Қазақстанда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынып, ел арасында қызу талқыланып жатқан Конституциялық реформа – уақыт талабынан туындаған ұмтылыс. Ұлы мұратқа деген ұмтылыс. Сондықтан да, халықтың талғам таразысына ұсынылып, қызу талқыланып жатқан Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасында келешек үшін күмән тудыратындай көлденең ештеңенің жоқтығына назар аударуымыз керек.
Біздің бұл тұжырымымызды Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі, «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбековтің мына пікірі қуаттай түседі:
– Ең әуелі, бұл жобаның ресми биліктің шаблондық нұсқасы негізінде емес, алты ай бойы халықтан түскен 2000-нан астам ұсыныстар есепке алына отырып, 2025 жылдың 8 қазанында құрылған Парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі арнайы жұмыс тобының егжей-тегжейлі сүзгісінен өтіп барып әзірленгенін ескергеніміз жөн.
Дүйім дүние, барша адамзат қоғамы түбегейлі бетбұрыстар жасап жатқан кезеңде бізге де жаңғыру міндеттері туындады. Дана қазақта «Таң атпайын десе де, күн қоймайды» деген қанатты қағида бар. Бүгінгі Конституциялық реформа – тура осы сипаттағы ахуал негізінде қолға алынып отырған саяси құбылыс. Өзгеріске біз бармасақ, өзгеріс өзі келеді. Өйткені, тұтас әлем өзгеріп жатыр, – деген еді ол реформаны талқылауға арналған облыс активінің жиынында.
Біз қалай болғанда да, Конституцияның жаңа жобасын демократиялық жолмен қабылдағалы отырмыз. Реформа жөнінде бастама көтерілгеннен бергі алты айда халықтан 2000-нан аса ұсыныс түскен болса, жаңа жоба ашық алаң талқысына шыққалы бері 5000-ға жуық талап-тілек жолданыпты. Бұл ұсыныстардың барлығын енгізе беретін болса, бір емес, бес Конституция жазып шығуға болар еді. Бағзыдағы бабалар аманаты мен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік ондай қателікті кешірмейтіні де белгілі.
Сондықтан да, реформа жөніндегі комиссияның жұмысы күрделене түсті. Талқыға ұсынылған жоба түпкі шешім емес екеніне мән бермей, «аттанға – айқай» қосып жатқанымыз да бар. Әйтсе де, әлеуметтік желіде желдей ескен пікірлердің көптігі де көңіл қуантады. Неге? Ел азаматтарының ертеңгі күнге, қазақ халқының тағдырына, мемлекеттің абыройына бейжай қарамайтындығы қазақстандық қоғамның сергектігін айшықтайды. Пікір қайшылығының болуы да – заңдылық. Іште пікір өлтірмей, қоғамдық талқылау кезінде белсенділік таныту ілгерілеуге кепіл болар іргелі мүмкіндік. Ресми биліктің де жаңа Конституция жобасын «жабық есік» жағдайында талқыламай, комиссия отырыстарын тікелей эфир арқылы ел назарына ұсынып, комиссия шешімімен бекітілген жобаны халықтың талғам таразысына ұсынуының өзінде үлкен тарихи мән жатыр. Билік пен бұқараның бір-біріне жақындай түскені, Мемлекеттің халық тағдыры үшін өзіне алған жауапкершілігі айқын аңғарылады.
Мың мүмкіндік, бір түйткіл
Физика ғылымында «Жердің тартылыс күші» деген заң бар. Барлық денелер жерге тартылады. Яғни, жердің көзге көрінбес, қолға ұсталмас тылсым күші бар. Ол денелер өзінің қанша салмағы болса да, жердің тартылыс күші алдында дәрменсіздік танытады. Салмақсыздық – ғарышта ғана. Адамның өзі жер бетінде тартылыс заңы негізінде ғұмыр кешеді. Шыр етіп дүниеге келген сәттен қара жерге табанымен тартылған пенденің өлшеулі ғұмыры біткен соң, сол жерге жамбасы тиеді. Осы екі аралықта адам баласы бар ырзығын жерден алып, Жер-Ананың бұйыртқан несібесін теріп жейді. Біз қабылдағалы отырған жаңа Конституцияда сол жердің тартылыс күшінің қуаты бар секілді көрінеді. Бар заңдар Конституцияға тартылады. Бар құндылық Ата Заңға телінеді. Халық бар игілікті сол Конституция арқылы тұтынады.
Сондай-ақ, бұл реформаның бастауында биліктің өзіне ыңғайлы мүддесі емес, тарихи һәм табиғи себеп тұрғанын аңдау қиын емес.
Біріншіден, Конституция – Тәуелсіздіктің қалқаны. Ал, Ата Заңымыздың жаңа редакциясында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендіктің иесі – халық» деп нақтыланған. Бұл дегеніміз – талабыңды да, талғамыңды да қанағаттандыратын таудай мүмкіндік.
Екіншіден, білім-ғылым, мәдениет пен инновация ел тарихында тұңғыш рет Конституцияның негізі идеясы ретінде енгізілді. «Өнер-білім бар жұрттардың» өрісі кең, жемісі мол екенін бүгінгі цифрлық дәуір талаптары дәлелдеп отыр. Ендеше, ел ертеңінің еңселі болмағына негіз боларлық нормалар бар.
– Конституцияның Преамбуласын талқылау кезінде ғылым мен білімді мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындауға ерекше мән берілді. Бүгінгі Қазақстан – енді қалыптасу кезеңіндегі емес, даму бағытын айқындай алатын, көзқарасы орныққан мемлекет. Сондықтан, жаңа редакцияда білім, ғылым және мәдениетке берілген басымдық – уақыт талабынан туындаған заңды шешім, – деген пікірімен бөлісті академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің ректоры, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Нұрлан Дулатбеков.
Үшіншіден, жаңа нұсқаның тағы бір маңызды тұсы – бас құжаттағы «дін – мемлекеттен бөлек» деген норманың жетілдірілуі. Бұл норма жаңа жобаның 33-бабының 5-тармағында белгіленген. Діни ағым фанаттарының тым «жасарып» кеткендігі қоғамдағы түйткілді мәселеге айналғалы қашан. Оң-солын танып, шынайы өмірге бейімделіп үлгермеген мектеп оқушылары мен студенттер жастардың жаппай дінге ден қоюы мектеп пен жоғары оқу орындарының діннен бейтарап болуына елеулі нұқсан келтіріп келгені жасырын емес еді. Бұл мәселе де Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында өткір көтеріліп, өтімді ұсыныстар айтылуда. Осындай ұтымды ұсынысын академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің ректоры, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Нұрлан Дулатбеков те жеткізді комиссия отырысында.
– Университеттер мен мектептер ғылымның, білімнің және академиялық еркіндіктің кеңістігі болып қалу керек. Мұндай тәсіл студенттерді қорғайды, бейтарап білім ортасын сақтайды және идеологиялық қысымның қатерін төмендетеді, – деді Нұрлан Орынбасарұлы.
Төртіншіден, Конституцияның жаңа нұсқасында адам құқықтары лайықты дәрежеде қорғалатыны туралы заңдық норма бірнеше бағытта енгізіліп отыр. Соның бірі – адвокаттар мәртебесі туралы норма. Ата Заңымыздың жаңа нұсқасында адвокаттар мәртебесі прокурорлармен теңестірілмек. Бұл өзгеріс туралы Қарағанды облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, жеке адвокат Алмас Айтбеков:
– Бұған дейін адвокаттар мәртебесі Конституцияда арнайы бап бойынша белгіленбегенімен, адвокаттар қызметінің шешуші рөлі бірнеше негізгі нормалар арқылы айқындалған. Мысалы, қолданыстағы Конституцияның 13-бабында әр азаматтың білікті заң көмегін алу құқығы бекітілген. Ал, жаңа норма бойынша адвокаттардың тәуелсіздігін, кәсіби кепілдіктерін күшейту құқықтық мемлекетті нығайтудың маңызды қадамы деп санаймын. Сондай-ақ, бұл норма менің әріптестерім үшін ғана емес, халық үшін де пайдасы орасан шешім болар еді, – деген пікірімен бөлісті.
Жалпы, біз мысалға алып отырған игілікті қадамдар – Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістердің ширегіне де жетпейтін нормалар. Бірақ, барлығы да – эволюциялық жолмен табиғи әрі тарихи тұрғыда қоғамдық қажеттілікке айналған өзекті мәселелер. Сондықтан, біздің сараптама мұнымен шектелмейтінін естеріңізге саламыз.
Қоғамдық ортада ой көкпарының көк серкесіне айналған тіл, жер тағы басқа да түйткілдердің түйінін келесі сараптамаларымызда тарқататын боламыз. Қалай болғанда да, Ата Заңымыздың жаңа жобасы мыңдаған мүмкіндіктерге жол ашып, қоғамды ізгілендіруде жүздеген игілікті қадам жасаларына еш күмән жоқ.
Ерсін МҰСАБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»



