Ұлы кәсіп иелері ұлықталды
Кеншілер мәдениет сарайында Ұстаздар күніне арналған «Қалдырған ізің мәңгілік» мерекелік концерті өтті. Шара шымылдығын облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ашып, мереке иелерін құттықтады. Кәсіби мереке аясында қарағандылық мұғалімдерге құрмет көрсетілді. Бұл күні ұстаздарға жылы лебізді құттықтаулар, гүл шоқтары, марапаттар, музыкалық шашу және тосын сыйлар болды. Салтанатты шара барысында шәкірт тәрбиелеумен 40 жыл айналысқан тәжірибелі маман Жәмилә Ахмадиева мен дене шынықтыру мұғалімі Владимир Бородастовқа екі бөлмелі пәтер кілті табысталды. Бұл қос ұстазға күтпеген мерекелік сый болды.
– Қадірменді ұстаздар жылдар бойы қалыптасқан тамаша дәстүр бойынша кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Жыл сайын білім беру жүйесіне 600-ге жуық жас педагог келеді. Олардың арасында облыстық бюджет есебінен білім алатын түлектер бар. Биыл облыс бюджетінен педагогикалық мамандықтарға 20 грант бөлінді. Оның 50-ден астамы жоғары оқу орындарын бітіріп, білім мекемелерінің ұжымдарын толықтырды. Барлық мұғалімдерге денсаулық, күш-қуат, шабыт, оқуда үлгерімді оқушылар және сіздердің асыл миссияларыңызға жаңа табыстар тілеймін! – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнайы комиссия құрылып, пәтер кезегінде тұрғандардың тізімі мұқият талданғанын айтты. Жәмилә Ахмадиева «Бақыт» балабақшасында жұмыс істейді. Бірақ, заң бойынша зейнеткерлікке шыққаннан кейін ол 20 жылға жуық тұрған тұрғын үй кезегінен шығарылған екен.
– Бұған дейін ұлым екеуміз жалдамалы пәтер жағалап жүр едік. Оның жырын өздеріңіз білесіздер. Жыл сайын көшу-қону. Қазір менің төрт немерем бар. Өзім зейнеткермін. Бірақ, өз жұмысымды сүйгендіктен жалғастыра беремін. Бұл оқиға, шынымен де, менімен болып жатқанына әлі сенбеймін. Менің енді қос бөлмелі өз үйім – өлең төсегім бар. Эмоцияларымда шек жоқ. Менің арманымды жүзеге асырғандардың барлығына рахмет, – деді тәрбиеші Жәмилә Ахмадиева.
Расында, еңбек өтілін бүлдіршін тәриелеумен бастап, сол еңбегін ақырына дейін жеткізіп, жұмысын сүйер жан ілуде-шалу. 40 жылдық тәжірибе біршама шәкірттің алғысы екені айдан анық. Десек те, тек еңбек өтілі мен көпжылдық тәжірибесі болмаса да, білгірлігімен ізденімпаздық адамды алға сүйрейді емес пе?! Владимир Бородастов – балалар үйінің түлегі еді. Ол балалар үйінен соң бірден тұрғын үй кезегіне тұрған. Мереке қарсаңында баспаналы боларын жас ұстаз күтпесе керек.
– Мен өте бақыттымын! Келіншегім де мұғалім. Біз бір ұл тәрбиелеп отырмыз. Тағы да жарымның аяғы ауыр. Дүниеге келер сәбиімнің несібесі шығар. Шыны керек өз пәтеріміз болады дегенге сенбес едім. Құрметті қазақстандықтар біле жүріңіздер, үміттер ақталады, армандар орындалады. Өйткені, бұл – Қазақстан, – деп бөлісті ол.
Сонымен қатар, аймақ басшысы тағы бес педагогқа «Қарағанды облысының білім беру саласының құрметті педагогтары» төсбелгілерін табыс етті. Облыстық ерекшелік белгісі бірнеше жыл бұрын мұғалімдер еңбегінің беделін арттыру үшін құрылған. Оған 1,5 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы қоса беріледі.
Мерекеде мерейі тасып, мейманы асқан төсбелгі иегерлерінің бірі – Шет ауданы Өспен ауылының математика пәнінің мұғалімі Гүлбаршын Қошқарбаева. Ұстаз 40 жылдан астам өмірін осы мамандыққа сарп еткен. Бүгінде шәкірттері – аудандық, облыстық, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары атанған.
Ұстаздар құттықтаулар мен сый-сияпатқа дән риза.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz