Жаңалықтар

Ұлы достық дәнекері

Вилен Борисович Молотов-Лучанский. Бұл есімді облыс тұрмақ республика көлемінде білмейтін жан кем болар. Оның қаламынан туған 150-ге жуық ғылыми еңбек алыс-жақын шетелдердің мерзімді басылымында жарық көрді. Ол бүгінде – ІІ дәрежелі «Достық» орденінің кавалері. «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері. Медицина ғылымдарының докторы, профессор, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі, «Қарағанды еврей мәдениеті орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Бастысы, ұстанымына тас­тай берік атпал Азамат! Балқаштың бауырында өмірге келіп, ақ халатына кіршік түсірмеген абзал жан жүрегіне де дақ түсірмеген мүбәрәк қалпында 70 дейтін жастың желкенін көтеруде.

Сурет Вилен Борисович Молотов-Лучанский жеке мұрағатынан

Вилен осынау жарқын күннің жаршысы боларлық дәреже-деңгейге бір күнде жетіп, қоғамдық пікірдің майталманы бола салмағаны кім-кімге болсын анық хал. Біздің мақсат осы бір ғибратты да ғазиз ғұмырдың танық тұсына бір үңілу еді.

Ол үнемі қоғам бедеріне диалог қажеттігін еске салып жүреді.

– Адамдар бір-бірін түсінгені ғана жеткілікті. Мен үшін ең биік мотивация сөйлесуден танбау. Адам пікірлесуден қалған күні ұғысудан да қалады. Ал, мылқау қоғам шыңырауға құлдилайды, – дейді Вилен Борисович.

Бұл кейіпкеріміздің фәниден тапқан бір хикметінің шешімі дерсіз. Бүгінде аңыз адамға айналып келе жатқан ақ халатты абзал жан әрі педагог тұлға өмірінен хикмет іздеуін доғарған емес. Вилен Борисович Қарағандының түрлі клиникаларында қалтқысыз қыз­мет атқара жүріп, күнбе-күн жанқиярлықпен, науқастың өмірі мен денсаулығы үшін күреске бағытталған ауыр клиникалық арпалыспен бетпе-бет келген. Замандастары оның көземеліндегі әрбір клиникалық жағдай адамға, оның жеке басына, әлеуметтік мәселелеріне шынайы назар аударатынын айтады. Әр науқастың құлантаза болып жазылып кетуіне жанын да, барын да салатын тұлға дәрігерлік антына бекемдігін ел өзі мойындайды. Ол терапия саласында ғана емес, онымен қатысты барлық ғылымды тұтас меңгеріп, алдынан өткен нау­қастың риясыз алғысын арқалады. Бәлкім, Қарағанды клиникаларында профессормен шағын және үлкен құрамда жұмыс істемеген, тым күрделі жағдайларда, дәрігерлік консилиумдарда гаухарға бергісіз кеңесін алмаған әріптестері жоқ шығар.

– Ол әрдайым қоғамдық жұмыстың алғы шебінде. Шығармашылық бастама мен шынайы­лық аңдаған алғаусыз жандар өз өміріне мән мен мағына үстеді. Оның парасат-пайым шеңберінің кеңдігі бір ғана медицинамен шектелмек емес. Ол гуманизм, әдебиет, музыка, өнер турасында терең білім жиып, театр және кино өнерін өмірлік хоббиіне айналдыр­ды. Бір кездері Вилен Борисович Қарағандыда кино клубына жетекшілік етіп, көркемөнерпаздар театрының режиссері де болған. Ол бірде философ кейпінде ғұмырының әр сәтінен мән іздеп жүреді. Шәкірттеріне ұдайы қарым-қатынас принциптері мен нормаларын, биоэтиканы, кәсіби мінез-құлықты, адамның медициналық мәселелеріне пациентке бағытталған көзқарасты тынбай үйретумен келеді. Бір бойында Чеховтың зияткерлігі мен шығыс дүниетанымы қатар астасқан ол Отанына деген сүйіспеншілігі шексіз! Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясының негізі қаланғаннан бері Вилен Борисович осы бірегей ұйымның аскетигі, қоғамдағы бейбітшілік пен келісім идеяларын насихаттаушы, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың төрағасы болып риясыз талмай еңбек етуде. Осы ақеділ қалпынан таймай ел игілігіне қызмет ете берсін! – деген тілек білдіреді Қарағанды облысының дәрігерлер қауымдастығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері бірауыздан.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button