Ресми

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ АҒАРТУШЫСЫ ТУРАЛЫ АДАЛДЫҚ САҒАТЫ ӨТТІ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кезекті «Адалдық сағаты» қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогі, жазушы, этнограф, фольклоршы ғалым, ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсаринге арналды.

Қазақ даласында білімнің шырағын жаққан Ыбырай Алтынсарин бар ғұмырын қазақ балаларын оқыту жолында өткізген.

Сол мақсатпен алғаш рет балаларға арнап мектеп ашып, ана тілімізде оқулық жазған.

Ағартушы оқулықты жазудағы мақсатын «Қазақ христоматиясының» алғы сөзінде: «Бұл кітапты құрастырғанда мен кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын, сонымен қатар, жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын көздедім…» деп тұжырымдаған.

Қазақ жастары арасында білім беруді дамытудың маңыздылығын Алтынсарин өзінің басқа да көптеген шығармаларында сипаттаған.

Олардың қатарына «Өсиет өлеңдер», «Әй, жігіттер» сияқты тағы да басқа туындыларын жатқызуға болады. Бұл өлеңдерінде биік адамгершілік тұрғысынан ұрлық-қарлықты, астамсу, әділетсіздікті сынап, еңбексіздікті, ескілікті салттардың зияндығын көрсетіп, адал еңбектің адамгершілік мінез-құлықтың артықшылықтарын бейнелейді.

«Кел, балалар, оқылық» өлеңінде ақын қазақ ауыз әдебиетінің дәстүрлерін шебер пайдаланып, білім мен надандықты, жақсылық пен жамандықты қатар алып, салыстырып отырды.

Ы. Алтынсариннің шығармалары бүгінгі күнге дейін заманауи білім беру жүйесінің негізі болып табылады.

Жазушының адамгершілік туралы идеялары эстетикалық тәрбиемен байланыста, бірімен-бірі ұштастырыла суреттеліп отырады.

Қазақ даласына азаттық идеясы тарай бастаған тұста жаңа поэзияның бастаушысы, білімнің көшбасшысы, алғашқы ұстазы болып Ыбырай Алтынсарин қашан да тарих биігінде тұра берері хақ.

Ұлт ұстазы біздің тарихымызда өшпес із қалдырды. Оның арманы – халықтың гүлденген болашағына нық сеніммен қарайтын білімді жастар болды.

 

Бейне-дәріске сілтеме: https://youtu.be/nucWdy4gOsY

Басқа материалдар

Back to top button