Ұлы дала сарыны
Сұрыптау стансасының Мәдениет үйінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ұлы дала сарыны» атты өнер фестивалі өтті. Онда негізінен дәстүрлі әндер орындалып, Арқаның шертпе күйлері тартылды.
Бұл жолы да елдің назар тіккені – Арқаның белгілі күйшілері болды.
Алдымен сахна төріне Қалкен Қасымов көтерілген. Шекті де өзі ызитын, домбыраны да өзі тұтастай шабатын ағамыз бұл жолы көрермендер назарына Тәтекеңнің «Бестөресін» ұсынған. Бес буыннан тұратын осынау күрделі шығарманы әркім барынша түрлендіріп бағады. Әбікеннен бастап талай сүлейлердің шертісі сақталған. Соның ішіндегі сужорғасы Мағауия Хамзиннің тартысы болса керек. Ел білетіндей Мақаң бұл күйді тасқындатып, төгілдіріп орындайды. Жылқы жарықтықтың мың сан тұяғы аспанда көшіп бара жатқандай әсер қалдырады.
Қалкен ағамыз да өзінше орындады. Әр дыбысты таза алатыны сүйсіндірді.
Келесісінде «Қоңырдың» өзін аңыратқан. Әбікеннің «Қоңырын».
Жесісіп тартты. Әбікеннің өзімен шеберлік таластырсын. Орындаушы сонысымен ұтты.
Дәнелия Хамзиннің есімі көпшілікке таныс болса керек. Өзі де күйші ағамыз бүгінде ағасы Мағауия Хамзин күйлерінің жалынды насихатшысы, шебер орындаушысы. Ол кісі жұртшылық назарына Мақаңның «Қырық бірінші жылғы солдатын» ұсынды. Бір қызығы ағамыз күйді әлқиссалап отырып орындады. Зал ішінде жастар жағы көбірек отырғандықтан бұл да бір қолайлы тәсіл екен деп ой түйдік.
Дәкең сынды Құнан Кәріп ағамыз да күйлерін әңгімелеп отырып шертті. Алдымен Тәтекеңнің «Көкейкестісін» былпылдатқан. Соңынан өзінің «Тәуелсіздік» күйін орындап берді. Ел қарт күйшінің бұл шығармасын жылы қабылдады. Онан кейін ағамыз көпшіліктің сұрауымен орындауы өте қиын Мағауия Хамзиннің «Жайлауын» орындады.
Кәдімгідей ысылып қалған Әнет Сепбосынов ініміз де Тәтекеңнің «Саржайлауынан» бастаған. Одан кейін Әбдидің қосбасарына түскен. Бұл бір шертарқатар күй еді. Соның тігісін жатқызып тарту екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Көптеген байқауларда топ жарып жүрген Мәдияр Сүлейменов, Жансұлтан Қалкенов сынды інілеріміз құр жаяу еместіктерін көрсетіп тастады. Орындау шеберліктеріне қарап, олардың ертеңіне сендік.
Осы өнер додасына қатысқан жалғыз күйші қарындасымыз Жанат та есімізге кешегі Аққыз, Әпике, Гүлбарам апаларымызды еске салғандай болды. Сөз ішінде айта кетейік, Жанат Гүлбарам Рахымбекова апайдың қызы болады. Осы бір тіннің үзілмей келе жатқанына жанымыз семірсін.
Дәстүрлі әншілер арасында көпшілік назарын өзіне аудартқандар арасында Бекжан Серікбаевты, Жақсылық Ахметовты айтар едік. Алғашқысы халық әндерін тамылжытса, кейінгісі Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақтың әндерін құйқылжытты.
Сондай-ақ, жиналған қауым «Арғынғазы» ансамблінің өнеріне қошемет көрсетті.