Басты тақырыпҚаздауысты Қазыбек бидің туғанына - 350 жыл

Ұлы Дала ұрпақтары ұлы Бабасын ұлықтады

      Егіндібұлақта елдіктің тойы өтті. Қарқаралы мен Қарағанды жұрты ғана емес, Үш жүздің басы қосылды бұл тойда. Қазыбек би КЕЛДІБЕКҰЛЫНЫҢ 350 жылдық мерейтойын қазақ баласы бір кісідей атап өтті. Құран оқылды, ас берілді. Балуан күресті, ат жарысты.

      Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Солардың бірі қазақтың кемеңгер биі, әділдігімен ұлтымыздың абыройы болған Ұлы даланың ұланы, мәңгілік еліміздің мәртебесі болған Қаздауысты Қазыбек би бабамыздың 350 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде дүбірлеп өтті. Үш жүзге сауын айтып, ұлы биін ұлықтаған қазақтар Балқантау баурайында ұланасыр той жасап, ас беріп, ат шаптырды. Халықты ізгілікке, бірлікке бастайтын, ұрпақ бойына патриоттық сезім ұялататын ұлы мерейтойға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова арнайы қатысты.

 

«Мен –

елімнің

ұланымын»

Тойдың ауқымды жүгін «ERG» Еуразиялық тобы көтеріп алды. Баба мерейтойы  бір күн бұрын Егіндібұлақ ауылында  бастама алды. Ел болып ұйымдасып,  туған жерінің көркеюіне қанатымен су сепкен қарлығаштай үлес қосқан ел көп іс-шараларды жүзеге асырды. Ауыл ішінің тазалығы мен абаттандыру, безендіру жұмыстарынан өзге кәсіпкер азаматтар ел есінде сақталатындай қомақты тартулар жасады. «Ұлым дейтін ұлт болмаса, елім дейтін ұрпақ қайдан болсын» дейді дана халық. Айтулы шарада ел азаматтары іске асыр­ған ауқымды шараларға тоқтала кеткен дұрыс болар. Алдымен туған жеріне ат басын бұрып, әке-шеше басына құран оқытып, жерлестерімен кездескен талантты суретші, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Атом» халық­аралық жобасының Құрметті Елшісі, Невада-Семей антиядролық қозғалысының белсенді мүшесі Кәріпбек Күйікевпен өткен кездесуге облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев пен аудан әкімі Халел Мақсұтов қатысты. Лауазымды тұлғалар баба тойы алдында  халықпен кездесуге келіп, туған жерінің түлеуіне өзіндік үлесін қосып отырған Кәріпбек Күйікевке алғыстарын білдірді. Сондай-ақ, мерейтойға арнайы дайындалған би туралы екі томдық жинақ пен мерейтойға арнайы дайындалған кәдесыйды сыйға тартты. Өз кезегінде суретші де жүрекжарды лебізін жеткізді.

– Таңнан жолға шықтық. Туған жеріме келіп, халқыммен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Күн демей, түн демей баба тойына дайындалып жатқан ұрпақтарына шексіз алғысымды білдіремін. Еңкейген қариясынан бастап, еңбектеген баласының еңбегін көріп, жан жүрегіммен тебіреніп, ерекше қуанышқа бөлендім, – дей келе, ауылдағы Тәттімбет атындағы мұражай мен кітапханаға туындыларын тарту етті. Мерейтойды өткеру мақсатында құрылған «Балқантау» қорына картинасын сатудан түскен қаражатын аударды.

Ескерткіш – Елдік

«Туған жерге туың тік». Кәсіпкер азамат Ғани Омаров «Бәйтерек» стелласын  тойға тарту етті.

Көкке құлашын жайып, елдікті асқақтатқан ескерткіштің ашылу рәсімінде облыс әкімі Ерлан Қошановтың лебізін жеткізген облыс әкімінің орынбасары, баба тойын ұйымдастыру комиссиясының төрағасы Жандос Әбішев салтанатты рәсімде сөз алды.

– Баба тойына арнап, қасиетті Егіндібұлақ жерінде осындай стелланың бой көтеруі – тарихи заңдылық. Себебі, ғасырлар бойы ата-бабамыз азаттықты аңсап өтті. Бүгінде біз қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүрудеміз. Әлбетте, бұл ең алдымен елдің ауыз біршілігінің, тұтастығы мен татулығының арқасында. Осы Қазыбектей бабалардың аманатын Елбасымыздың сарабдал саясатымен жалғағандығының айқын көрінісі. Алдағы уақытта осынау стелла елдің береке бірлігінің белгісіндей болашаққа деген  сенімнің асқақ символындай болады деген сенімдеміз, – деп атап өтті. Сонымен қатар, кәсіпкер азаматтың әкесі Ғабдырахман Омарұлы мен анасы Марфуға Мақсұтқызына деген сәлемін жеткізіп, өрелі ұрпақ тәрбиелеген ата мен анаға қазақы жолмен иықтарына шапан жапты. Стелланың бой көтеруіне қолдау көрсеткен кәсіпкер азаматқа облыс басшысының Алғыс хатын табыстады.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мақаласында рухани мәдениетіміз бен  ұлттық рухты дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берген еді. Соның бір парасы туған жер туралы толғамы. Туған жердің әрбір тау мен тасы ыстық, топырағы қасиетті. Әр азамат өзінің кіндік қаны тамған туған жері мен табаны тиген киелі топырағына қандай жақсылық жасаса да артық емес, –  деді аудан басшысы Халел Мақсұтов.

Кіреберісте орын тепкен осы ескерткішті сыйға тартқан азаматтың әкесі Ғабдырахман Омарұлы жерлестерін мерекемен құттықтап, баласының бастамасын қолдаған облыс және аудан басшыларына алғысын білдірді. Ағайыны аралас, малы қоралас Шығыс Қазақстан облысының  Семей қаласынан мерейтойға арнайы ақ шаңқан киіз үйі, адал асымен келген бір топ өкілдері атынан Болат ағамыз сөз алып, бабаның тойы барша қазақтың тойы деп, асылын ардақтап, құрмет көрсетіп жатқан ұрпақтарына деген ақжарма тілегін жеткізді. Туған жерінің алдындағы перзенттік борыштарын қалтқысыз орындап жатқан, ұрпақтың жасап жатқан игілікті ісіне береке тілеген ардагер Жұмабек ақсақал ақ батасын берді.  Ұядан ұшып, қияға қанат қақса да жүрек түкпіріндегі туған жерге деген іңкәр көңіл астаналық бизнесмен жасаған жарқын іспен жалғасын тапты. Бірнеше ай қатарынан құрылыс жұмыстары жүргізілген еңселі стелла менмұндалап көз тартады. Ұшар басына 350 деген жазу қойылған. Жалпы құрылыс жұмысына 20 млн. теңге қаражат жұмсалды.

Бар жақсылық –

балаға

Баба мерейтойы аясында Егіндібұлақ ауылында Берік Камалиев балалар алаңын салып берді. Балалық шағы өткен туған жерінде заманауи спорттық құралдармен жабдықталған алаң салуды әу бастан қолға алған іскер азамат ауыл балаларының жүрегіне қуаныш лебін сыйлайды. Көңілдің гүлі, көздің нұры болған балаларға арнап жасаған Камалиевтер әулетінің ізгілікті ісіне ауылдастары риза болды.

Арқада дүркіреген

той өтті

Тарихи тойдың негізгі мәні мен сәні келесі күні таңнан жалғасты. Бір күн бұрын нөсерлеткен ақ жауын дәл той күні сап тыйылды. Жиналған қауым «бабаның қасиеті ғой, кешегі көкті көмкерген қалың қара бұлттың тігісі сөгілген, аспан шайдай ашылды» деп жатты. Алдымен, ел ағалары Егіндібұлақтағы Қаздауысты Қазыбек бидің еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Салтанатты шараның шымылдығы кемеңгер Қазыбектің бар келбеті бейнеленген С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры артистерінің «Қаздауысты Қазыбек би» драмасының театрландырылған қойылымымен ашылды. Белгілі шешен, Келдібек би мен Тоқмейіл анадан туған бала және дана Қазыбектің болмыс-бітімі шынайы бейнеленді қойылымда. Ел басына күн туып, тағдыры сыналған сәтте, жауынан қаймықпаған, халқына қорған болған, әділдіктің ақ туын желбіреткен ұлы биге деген ілтипат қазақ халқының бір шаңырақтың астына бірігуіне, ынтымағы жарасқан ел болуына, тәуелсіздік атты ұлы ұғымды қастерлеуге алып келді.

Елбасы тәуелсіздік алғаннан бері асыл құндылықтарымызды, тарихи тұлғаларымызды қадірлеп қастерлеуді қолға алып, бабалар аманатын орындауда аянбай еңбек ету бұл ұлттың мұраты екендігін айтумен келеді. Баба тойына Елбасының ыстық ықыласын алып, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова арнайы келді. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Мерейтойға дайындық барысымен танысуға Егіндібұлақ ауылына бірнеше мәрте келген облыс әкімі Ерлан Қошановқа аудан халқы дән риза. Салтанатты шарада аймақ басшысы да өзінің ақжарма тілегін білдірді.

– «…Елбасының құттықтау хатында айтылғандай, осынау тойдың өтуі – бұл алдымен халықтың береке бірлігінің арқасы. Тарих жылнамасына үңілсеңіз, Төле, Әйтеке, Қазыбек билердің аңсар арманы халықтың бірлігі мен ел тұтастығы еді. Сондықтан, үш би қиянатқа жол бермес әділдіктің, қатыгездікке жол бермес парасаттылықтың, бөлінуге жол бермес бірліктің символына айналды. Бір басына ұлттық бірегейлік пен дипломатияны, шешендік пен философияны тоғыстырған Қазыбек бидің мұрасы жан-жақты зерделеуді қажет етеді. Зерттеліп те жатыр. Дегенмен, баба мұрасын шеті-қиыры жоқ мұхитқа теңейтін болсақ, біз әлі жағалауда жүрген секілдіміз. Біріншіден, Елбасы айтқан біртұтас ұлттық перзенттерін тәрбиелеу үшін біз Қазыбек бидің бейнесін жершілдік емес, мемлекетшілдік деңгейде қарастыруымыз қажет. Яғни, ол белгілі бір жүздің ғана емес, барша қазақтың биі, дипломаты. Осыны біз келер ұрпақ санасына сіңіруіміз қажет. Екіншіден, би шешендік ілімін, Қазыбек бидің мұрасын бұдан да биік деңгейге көтеруіміз қажет…» – деген облыс әкімі Қазыбек бидің құнды мұраларын насихаттау мақсатында жоспарланып отырған ауқымды шаралар – халықаралық деңгейдегі аламан айтыстың өтетіндігін, қыркүйек айында шетел ғалымдарының қатысуымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, республикалық жыр термешілері, жыр байқаулары ұйымдастырылатындығын, «Қазақфильммен» бірлесе, арнайы деректі фильмнің түсіріліп жатқандығын, Қазыбек би туралы қос томдық және фотоальбом кітабының жарық көргендігін тілге тиек ете келе, жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтады. Қазақ­­станның Еңбек Ері, КСРО Халық артисі, Қазақстан Республикасының Халық артисі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асанәлі Әшімов киелі өңірден шыққан талантты тұлғалардың тізіміне тоқталды.

– Әйтеке, Төле, Қазыбектердің айтып кеткен нақылдары – бізге мәңгілік мектеп. Ұлы Даладан шыққан Ұлылар – әр уақытта бізге үлгі. Осы өңірден шыққан Мәди, Қалибек Қуанышбаев, Жүсіпбек Елебеков сияқты дарындар салып кеткен сара жол өнердегі мектеп. Осылардың қолына су құйғаныма мақтанамын мен. Ұлы Қаллекидің Мұхтар Әуезовпен достығына куә болдым. Абайдың бейнесін сомдар кезде, Мұхтар «бұл Қаллекидің қолынан келе ме екен?» деген күдікпен жүрді. Сәтті шықты. Кейіннен Құнанбайдың бейнесін сомдады. Қазақтан шыққан бірінші ұшқыш-ғарышкер Тоқтар да біздің мақтанышымыз, осы Ұлы даланың ұланы», – деп, жүрек түкпірінен шыққан тебіренісін жасыра алмады.

Баба мерейтойына арнайы келген зиялы қауым өкілдерінің қарасы мол болды. Қаздауысты Қазыбек бидің мерейтойында өздерінің ыстық ықыластарын білдірген ел ағаларының қатарында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, Қазақстан Республикасының мемлекет қайраткері Оралбай Әбдікәрімов, жерлесіміз, Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, жазушы Медеу Сәрсеке, ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Алматы қаласындағы ардагерлер ұйымының атынан келген Амангелді Ермегияев баба алдында бас иді.  Тоқтар ағамыз еліне бабасының қоладан құйылған еңселі мүсінін сыйға тартты. Мыңдаған халықтың алдында ол мүсінді Қарқаралы қаласына орнатуға ұлықсатын алды. (Мүсінші Мұрат Мансұров).

Сыр өңірі, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Жамбылдан келген бір топ өкілдермен қатар, Шығыс Қазақстан облысының өкілдері де өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдіріп, сый-сияпаттарын тапсырды. Ұлы дала халқының ұлы бабасын ұлықтай келген қонақтардың жақсы тілектері толассыз ағытылды. Шара барысында ақындар сахна төріне көтеріліп, арнау айтты. Ұрпағы бардың – ұланы бар, ал ұланы бардың – ұлылығы ұмытылмайды деген осы шығар, сірә. Ұлы бабаның бар қадірі мен қасиетіне, киесіне бас иіп, тарих қойнауында жатқан құндылықтарымызды екшелеп, түлеткен, Қаздауысты Қазыбек бидің мерейтойы аясында ұйымдастырылған «Қаздауысты Қазыбек би жолымен: Бабаларға тағзым!» атты халықаралық автокеруенді шара барысында салтанатты түрде шығарып салды. Бұл автокеруен қасиетті тарихымызда өшпес ізін қалдырған Ұлы бабамыздың өнегелі жолын жалғастырып, ұлылардың киелі мекені атанған Қарқаралы – Егіндібұлақтан бастау алып, еліміздің көптеген аймақтары – Бұқар жырау, Жаңаарқа, Жезқазған, Сәтбаев, Ұлытау, Балқаш, Ақтоғай, Ақсу-Аюлы елді мекендерінен өзге, Сыр елі, Түркістанға келіп, көршілес Өзбекстан Республикасына да атбасын бұрады. Автокеруен сапары Қазақстан Республикасының Конституциясы күні, яғни, 30 тамызда Қарағанды қаласында Қаздауысты Қазыбек би ескерткіші алаңында мәреге жетеді. Қасиетті тарихымызда өшпес із қалдырған, Ұлы бабамыздың үлгі өнеге, ғибратын насихаттауға шыққан автокеруеннің мүшесі, ақын, Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі Мирас Асан жырдан шашу шашты. Халықаралық автокеруенге  Қазыбек би бабамыздың ұрпақтары Ахмедия Сүлейменов және Мұхит Адамов сәт сапар тіледі.

Құт дарыған қазақтың ақшаңқан киіз үйлерінде ас берілді. Исі қазаққа ортақ тойға облыстың аудан, қалаларынан 150-дей киіз үй тігілді. Ұлттық нақышта жабдықталған қазақы киіз үйлерде ақ дастархан жайылып, арнайы дұға бағышталды.  Елдің рухын көтеріп, қасиетті мекеннің абыройын асқақтатқан ресми шара Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің және еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнер ұжымдарының өнерпаздарының қатысуымен сазды бағдарламаға ұласты.

Жүйрікте де

жүйрік бар…

Ас пен тойдың сәні – спорттық ойындар мен бәйге. Қазақ баласының аламан бәйге мен қазақ күресіне келгенде ықыласы ерекше. Бәйгетөбеге келген халықтың қарасы мол болды.

Алдымен 15 шақырымдық бәйгеде «Рено-Логан» автокөлігі тігілген І орынды Қостанай облысынан (Оразғали Жүнісов) келген жүйрік, ІІ орынды (Айбар Зейнуллин) қарағандылық тұлпар, ІІІ орынды Алматыдан келген сәйгүлік (Ақжол Жұматаев) иеленді.

Отыз шақырымға шапқан аламан бәйгеде 46 аттың ішінен  І орынды Ақмола облысының жүйрігі (Батырхан Үкібаев) алды. Ат иесі жүлдеге тігілген жол талғамайтын көлікке ие болды.

Бұл тойда балуандар да белдесті. Шымыр білек, қажыр мен қайрат, әдіс пен айласы басым қазақтың білекті де жүректі жігіттері басым түсті. Жетпіс келіге дейінгі салмақта қарқаралылық Едіге Сыздықов І орынды иеленіп,  «Тойота Камри» автокөлігінің иегері атанды. Жетпіс келіден жоғары салмақта бүркіттілік Ерсін Мұхамеджанов жеңіс тұғырына көтеріліп, квадрациклді  иеленді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Қаздауысты Қазыбек бабамыздың мәңгілік тағылымы, ұлы дала қайраткерлігі 350 жылдан кейін Алты Алаштың, үш жүздің басын қосқан тарихи, рухани жаңғыру болып есте қалды!

Нұрқанат ҚАНАФИН,

Сағыныш Әбілова.

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button