Спорт

Ұлы Дала ұлағаты

Шет ауданында І аудандық «Көшпенділер ойыны» ұлттық спорт додасы өтті. Ата-бабамыздың асыл мұрасын жаңғыртқан айтулы шараға 500-ден астам оқушы қатысты. Жарыста жас спортшылар аударыспақ, қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ, бес асық, садақ ату сынды ұлттық ойындарда бақ сынады. Қатысушыларға аудан басшысы Мұхит Мұхтаров сәттілік тіледі.

Суреттер ұйымдастырушылардан

– Осындай шаралардың арқасында өскелең ұрпақ атадан балаға мирас болған этноспорт түрлерін жоғары деңгейде танытуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, көшпенді халықтардың мәдени өміріне рухани жақындасуына септігін тигізеді. Батырларымыз ұлы даланы дүбірге бөлеп, ат үстінде күн-түн демей ел қорғаса, Ақан сері, Біржан сал, Балуан шолақ, Мәди сынды балуан, сал-серілеріміз ұлттық құндылығымызды бізге жеткізді. Біздің бар мәдениетіміз ат үстінде. Жылқы мен қазақты бөліп-жаруға болмайды. Сондықтан, көшпенділер ойынының маңызы зор, – деді әкім Мұхит Сайлауұлы.

Қатысушыларды тегін ыстық тамақпен жеке кәсіпкерлер «Саттибаева», «Жунусовтер» ЖШҚ, «Исина» ЖК, «Қамбар» ЖК, «Мукашева» ЖК, «Станова» ЖК, «Оспанова» ЖК, «Куланова» ЖК қамтамасыз етті. Сонымен қатар, С.Мұхамеджанов атындағы балалар өнер мектебінің өнерпаздары өз өнерлерін көрсетіп, шараның сәнін келтірді.

Дүбірлі дода барысында тек спорттық жарыстар ғана емес, сонымен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, қазақ халқының бай мұрасын танытатын ұлттық өнер мен қолөнер үлгілерінен көрме ұйымдастырылды. Жасалған өнімдер, дайындалған бұйымдардан жәрмеңке көпшіліктің назарына ұсынылды.

Сонымен қатар, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, медальдар және І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар табыс етілді.

Айта кетейік, қазақ күресінен І орын – 10 қатысушы, ІІ орын – 10 қатысушы, ІІІ орын – 20 қатысушы марапатқа ие болды. Аударыспақта І орын – 5 қатысушы, ІІ орын – 5 қатысушы, ІІІ орын – 10 қатысушы марапатталды. Тоғызқұмалақта І орын – 6 қатысушы, ІІ орын – 6, қатысушы, ІІІ орын – 6 қатысушыға бұйырды. Садақ ату бойынша І орын – 6 қатысушы, ІІ орын – 6, ІІІ орын – 6 қатысушыға табысталды. Асық атуда І орынды – 3 қатысушы, ІІ орынды – 3 қатысушы, ІІІ орынды – 3 қатысушы өзара бөлісті. Бес асық ойыны бойынша І орын – 3 қатысушы, ІІ орын – 3 қатысушы, ІІІ орын – 3 қатысушы марапаттарға ие болды.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Шет ауданы

Басқа материалдар

Back to top button