Абайлықтар Ұлы ақынымыз, кемеңгер ойшыл Абай Құнанбаевтің туғанына 180 жыл толуын Абай күнінде лайықты атап өтіп, оның өлмес рухын аспандатып, ұлықтады.

Бұл күні аудандық Мәдениет үйінің алдындағы еңселі Абай ескерткішіне Абай ауданының әкімі Сәбит Оспанов пен аудандық мәслихаттың төрағасы Данияр Сәкенов гүл шоқтарын қойып, ақын бейнесіндегі зейнеткер Ақан Көшубаев оның өлеңін оқыса, салтанатқа қатысушылар Абайдың “Көзімнің қарасы” әнін қосыла шырқап, “Дидар” үлгілі би ансамблінің бишілері мың бұрала биледі.
Бұдан кейін Абай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Ұлы ақынның мерейтойына орай онлайн форматта 14 пен 29 жас аралығындағы өзге ұлт өкілдері арасында өткізген облыстық “Абай оқулары” байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Оларға марапаттарды Абай Құнанбаев мемориалдық мұражайының директоры Ержан Найманбай бен “Qarmet” АҚ қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Дәуренбек Бағдәулетұлы тапсырып тұрды.
Осынау байқауда үшінші орын алған Татьяна Самойлова (Саран қ.) мен Данил Сидоренковқа (Абай ауданы) 50 мың теңгенің, екінші орын иегерлері Борис Толков (Осакаров ауданы) пен Виктория Естремскаяға (Нұра ауданы) 100 мың теңгенің, ал бірінші орыннан көрінген Надежда Кабановаға (Абай ауданы) 150 мың теңгенің, бас жүлде бұйырған Диана Наумкаға (Абай ауданы) 200 мың теңгенің ақша сертификаттары мен дипломдар табысталып,олар салтанат соңында Абай шығармаларын жатқа айтты.
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы