Жаңалықтар

Ұлы ақын және Шаншар елі

Әлбетте, қазақтың маңдайына біт­кен ұлы ақыны Абай даңқын асқақтатқан – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы оның өмір жолын толық баяндайтынын жақсы білесіздер. Мұхаң сол шығармасының бірнеше нұсқасын жазып, ақыры коммунистік цензурадан өтетін ең соңғы үлгісін жариялады. Онда Құнанбайдың өзін шонжар етіп көрсетіп, Абайдың нағашылары мен қайын жұрты – Шаншар елінің адамдарын да сол тұрғыда бедерлеген. Ал, шындық солай ма еді? Әрине, жоқ.

Сурет biographe.ru

Ежелден төскейде малы, төсекте басы қосылған Қаракесектің бауыр Бошан елі мен Арғын Тобықты жұрты – ауылы аралас, қойы қоралас ел еді. Қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы болды. Едірей болысының Мыржық тауының бауырынан бастап, Дегелең, Доғалаң тауларына дейін, шығысында Ақбота болысында Бес Бошанның бірі – Таздан тараған ұрпақтар тұрып жатты. Қазақ ғұрып бойынша әуелден текті жермен құда болып, қыз алысуға тырысқан. Сонда ғана қан тазалығы сақталып, алтын құрсақты аналардан туған ұрпақ алғыр болатынын аталарымыз білген. Сол себепті, ат арылтып, алыс жерден текті әулеттен ұлдарына қалыңдық іздеген.

Күндердің күнінде осындай ата-аналық борышты орындау міндеті Өскенбай қарияға келіп, Құнанбайға қалыңдық іздегенде таңдау көрші отырған Шаншар абыз әулетіне түскен көрінеді. Соның ішінде Нұрбике-Шаншардың қарадан шығып хан болған Бертіс тұқымдарына таңдау түседі. Сол Бертістің Бектемір деген баласынан тараған ұрпақ – тілді, шешен болып келетін еді. Әрі Бектемір әулетінен әйгілі күйші Тәттімбет Қазанғапұлы шыққанын айта кету ләзім. Ал, Бектемірдің Битен деген ұлынан Тұрпан, Қантай, Тонтай, Жантай бастаған он ұл туыпты. Әсіресе, Тонтайдың тілі өткір болып, ел аузына іліккен дейді. Сол айтқыш, сөз тапқыш Тонтай қартайып, төсек тартып жатқанда қожа-молдалар келіп, жеңілдік айта берген екен. Сонда ақырғы демі бітіп бара жатқан Тонтай ақсақал: «Жазыла-жазыла қожа-молдалардан ұят болды, енді өлмесем болмас» деп қалжыңдап, езу тартқан деседі. Міне, осы Тонтайдың ағасы Тұрпанның қызы Ұлжанға Өскенбай құда түсіп, Құнанбайға алып берген. Ұлжан осы әулетке келін болып түсіп, тоғыз айдан соң Ибраһим есімді ұлды өмірге әкелгенін білесіздер. Оны анасы бала күнінде еркелетіп «Абайжан» деп атап, ақыры Абай болып әлемге танылды. Құнанбайдың кейінгі әйелдерінен де ұл-қыздар туған. Әйткенмен, олар әсте Абайдай бола алмады. Ұлжан анасы өте тәрбиелі, басынан жаулығы түспеген, мұсылманша білім алған зерек жан екен. Дәрет алмай ешқашан сәби Абайды емізбеген деседі. Ел анасы болған Ұлжан бәйбішеден ұлы ақынның тууы да заңдылық десе болады.

«Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» дейді дана халқымыз. Сол халық аузында айтқыштығымен қалған Абайдың Тонтай нағашысы жайлы бір әңгіме айта кетейік.

Бала Абай Семей медресесінде оқып жүргенде жазда ауылға демалысқа келіп, нағашы жұрты тұратын Мыржық тауына бет алыпты. Сонда жол жүрейін деп жатқанда әкесі Құнанбай: «Балам, ол жақта байқап сөйле, әр сөзіңе сақ бол» деп ескертіпті. Содан жайлауға келген шәкірт бала біраз күн бой жазып, қонақ болып жүріп қалыпты. Бір күні Тонтай қарияның намазды асығыстау оқығанын байқап қалып, тиыш отырмай: «Нағашы, намазды дұрыс оқыған жоқсыз, тым тез-тез жығылып, ережесін бұздыңыз» десе керек. Сонда нағашысы: «Жиенжан, біздің ұстайтын шариғатымыз қазақтың кең даласындай – оң жағынан да, сол жағынан да ашық. Тобықтының шариғатындай емес, садақтың оғы, аттың жалы, түйенің қомынан сақтасын!..» деп мырс етіпті. Шәкірт Абай бұл жұмбақты одан әрі қозғамай, ауылына келген соң оның мәнісін әкесінен сұрады. Құнанбай қабағын түйіп, Абайға ренжіп отырып: «Байқап сөйле дегенімді қаперіңнен шығарыпсың» деп, Тонтайдың сөзінің мағынасын өзі айтып беріпті. Сөйтсе, ділмар Тонтай емеурінмен Еңлік-Кебек, Қалқаман-Мамыр, Қодар-Қамқаның басынан кешкен қайғылы оқиғаларды еске салған екен.

Сонымен, Нұрбике-Шаншар елінің жиені Абай ержетіп, қалыңдық іздеген кезде әкесі Құнанбайдың, анасы Ұлжанның таңдауы Айбике-Шаншар ұрпақтарына түскен ғой. Ол уақытта Қаздауысты Қазыбек бидің үшінші ұрпағы Алшынбай бидің дәурені жүріп тұрған кез еді. Алшынбайдың Құнанбайдан 15 жастай үлкендігі де бар. Бабасының аруағы көтерген Алшекең Айбике-Шаншар елінің болысы ғана болғанымен, бүкіл Қарқаралы дуанына сөзі өтіп тұрған-ды. Әрі Абайдың анасы – Ұлжанның (1810-1887) аталас туысы еді. Содан Алшекең 1844 жылы Қарқаралы дуанының төбе биі болып сайланады. Сол кездегі патша саясаты бойынша аға сұлтандыққа тек төрелер сайлансын деген ережені бұзған да осы Алшынбай. Қарқаралы өңірінде Бөкейхан ұрпақтары ғана аға сұлтан сайланатын. Бұрын аға сұлтан болып келген Құсбек төре мен Жамантай (Тұрсын) төренің жолын кесіп, өзінің құдасы Құнанбайды өткізіп жіберген. Сөйтіп, Құнанбай қарадан туып, билік лауазымына қол жеткізеді. Алшынбайдың аузын қарату үшін Құсбек төре оған төрт мәрте сыйлық жіберіпті. Осы сайлауға Тәттімбет те қатысып, өтпей қалған соң Алшынбай туысына өкпелепті деген ел аузында қауесет бар. Алайда, Тәттімбеттің кандидатурасын Омбы генерал-губернаторы өткізбеген екен. Себебі, Тәттімбеттің Кенесары көтерілісін қолдап, оған көмек бергені билікке белгілі болса керек. Ақыры не керек, Құнанбай 1849 жылы аға сұлтан болып сайланды. Осыдан бастап екі елдің қарым-қатынасы да нығая түсті.

Содан құдалық басталып, Алшынбайдың бәйбішесінен туған Жүсіп мырзаның қызы Ділдәні Абайға айттырады. Кейбір кітаптарда Абайдың қалындығы өзінен үлкен болыпты деген жаңсақ пікірлер айтылады. Шындығында, олай емес. Мысалы, Қарқаралы округінің аға сұлтаны Шалғынбай Бірәлин 1867 жылы дайындаған ресми анықтамада Айбике-Шаншар болысының басқарушысы Жүсіп Алшынбаевтың жасы 50-де, екі әйелі бар, үлкен ұлы Бекжан 20-да, Қадыр 18-де, Надыр 14-те, Сланбек 9-да, қызы Ділдә 19 жаста деп жазылған. Сонда Ділдә 1848 жылы туған, Абайдан үш жас кіші болып шығады. Сол «Абай жолы» эпопеясында Ділдә апамыз можантопайлау, қолынан іс келмейтін адам болып суреттелген. Ақиқатында, Алшынбайдың немересі сондай болды дегенге ешкім сенбейді. Ділдә жасынан білім алған, орысша-қазақша сауатты, ел ішінде беделді болған. Абай екеуі өз балаларының сауатын өздері ашып, білім берген.
Енді сәл шегініс жасап, Ділдәнің ұзатылуына тоқталайық. Шамамен 1865 жылдары екі әулет той жасап, жастарды қосады. Алшынбай немересін сән-салтанатымен ұзатады. Сондағы дүбірлі тойға 40 қазан ет асылған екен. Сол қазандарға арнап қазылған 40 шұңқырдың орны әлі күнге дейін Үшқара тауының солтүстігінде Жыланды деген жерде бар. Ділдәнің жасауы ақсүйектерге тән ақ боз үйі бүкіл жабдығымен, қымбат киім-кешегімен, алтын-күміс әшекейімен беріледі. Құнанбай құда аға сұлтандықтан кейін өз елінің шоншарлары жазған арыздан істі болып, біраз жыл Омбымен екі ортада жүріп, әбден қажып, енді ғана босаған кезі екен. Алшынбаймен, оның үлкен ұлы Жүсіп мырзамен төс қағыстырып, екі жасты қосып, көңілі бір көтеріліп қалса керек. Енді осы қос құданың арақатынасына қатыс­ты бір әңгімеге тоқталайық. Алшынбай қартайып, тұғырынан түсер шағы болса керек. Сонда ол Құнанбайға: «Екеуміз Тәңірі қосқан құда болдық. Менің де шапағатым тиген болар, дегенмен Құдай жар болып, қарадан шығып хан болдың, аға сұлтандыққа жетіп, бір дуан елді биледің. Енді маған өкпең жоқ шығар» деген екен. Оған жауап қатқан Құнанбай: «Алшекем-ай, менде қандай өкпе болсын, аға сұлтандықтың атағы менікі, абыройы сіздікі болды ғой. Аға сұлтан бола тұрып, мен бес болыс Тобықтының басын қоса алмадым. Ал, сіз ешқандай лауазым иесі болмай-ақ, Қарқаралы дуанының жиырма төрт болыс елін ашсаң алақанында, жұмсаң жұдырығыңда ұстадыңыз» деп жауап қатыпты. Ертеден құдандалы болған екі елдің қариялары осындай сыйластықта болған-мыс.

Енді Абайдың бәйбішесі Ділдә Жүсіпқызы (1848-1924) туралы аз-кем ақпарат бере кетейік. Ол қасиетті Қаздауысты Қазыбек бидің тікелей ұрпағы. Жалпы, баба ұрпақтарының барлығы да зор болған. Ділдә өзі шешен, әрі ісмер, қолы өнерлі болған. Оған мысал ретінде мына бір жайды айта кетуге болады. Ділдә күндердің күнінде жақсы тон пішіпті. Құнанбайдың бауырында болған Абайдың үлкен ұлы Ақылбай тонға қызықса керек. «Маған беріңізші» деп қолқа салса, Ділдә күліп: «Тонды өз балаларым киеді, сен атанның баласысың ғой» депті. Сонда Ақылбай өлеңдетіп:

«Қазыбек арғы атаң әулие өткен,
Дүниеден фәни жалған о да кеткен.
Қиыр шетте бір адам «баба» десе,
Аруағы сол сәтте келіп жеткен.

Бекболат туып қалған артық заттан,
О дағы қарғағанын дереу атқан.
Орта жүзді билеген Абылай да,
Қаймығып, ақыл алған Бекболаттан.

Тіленші одан туған ел билеген,
Одан қорқып Арғынға жау тимеген.
Алдына барған жанға әділ екен,
Тентекті, тәртіпсізді нанша илеген.

Алшынбай одан туған орны басқа,
Ешбір жан сөз асырмас жүйрік қасқа.
Алқа-қотан халқына билік айтса,
Теріс деп, ұзақ тартып шайқамасқа.

Одан соң мырза Жүсіп нағашы атам,
Сөзімді сөкпеңіздер болса қатем.
Әрі-бері әулетін түгел айттым,
Анама осы өлеңді тонға сатам, – депті.
Сонда сырттай тыңдап отырған Абай мырс етіп күліп: «Ділдә, тоныңның құны жетерлік болды» дейді. Анасы Ақылбайды маңдайынан сүйіп, тонды өз қолымен кигізіпті.
Ділдә анамыздан Абайдың ең дарынды, алғыр балалары – Ақылбай, Әкімбай, Әбдірахман, Мағауия деген ұлдары, Күлбадан мен Райхан деген қыздары туған. Сол балаларды жасынан оқу-білімге бау­луда Ділдә анамыздың да еңбегі елеулі. Ұлдарымен қоса қыздары да орысша оқып, жаза білген. Мұхтар Әуезовке Абай туралы көп деректерді берген де осы бәйбішесі болатын. Бірақ, романда Ділдә онша жағымды кейіпкер болмауының себебі – ол үстем тап өкілі, би-болыстың ұрпағы еді. «Бәйбішесі Абайдан үлкен болған-мыс, өзі сөз білмейтін қарабайырлау адам болыпты» деген қисынсыз сөздің шығуы – біріншіден көреалмаушылық, екіншіден Абайдың бәйбішесінің үстіне тоқал алуын ақтау үшін көлденең жұрттың шығарған сөзі деп ойлаймыз. Осыған қатысты ел ішінде мынандай әңгіме бар. Абайдың көңілі Тоғжанға ауғанда үлкендер: «Ділдә бәйбішенің үстіне тоқал алма, ол киелі әулеттің ұрпағы ғой. Кесірің балаларына тиеді» деп ескертіпті. Ақыры сол сөз шындыққа айналып, Абайдың үміт артқан балалары өзінен бұрын өмірден өтіп кеткені өкінішті-ақ. Бұл ұлы ақынның ең үлкен трагедиясы…

Қорыта айтқанда, Абай Құнанбайұлының нағашы және қайын жұртына қатыс­ты кейбір деректер легі осындай. Заманында халық аузында болған, атақ-даңқы жер жарған Шаншар абыз бен Кеңгірбай ұрпақтарының өзара құдандалы болуы – Абай тәрізді ұлы ақын, данышпанның өмірге келуіне сеп болды деп айтуға осындай негіз бар.

Серік СЕКСЕНҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
«Құрмет» орденінің иегері

Басқа материалдар

Back to top button