Басты тақырып

Ұлтжанды

1986 жылдың ызғарлы желтоқсаны. Қазақ елі – дүрбелең дүрмегінде. Алматының ақ қары азаттыққа ұмтылған жігерлі жастардың қызыл қанына бөгіп, Арқа жұрты абыр­жып, Қарағанды қамығып тұр. Алуан ұлттың «алтын бесігіне» айналған Теміртау ұлы дүбірде тегеурін таныта алмаса да, теңселіп тұрған. Орталық Комитет жергілікті партия органдарына тапсырманы үйіп-төгіп, бақылауды күшейтіп-ақ жатыр. Сол тапсырмалардың ең маңыздысы – барлық деңгейдегі партия ұйымдары шұғыл жиын өткізіп, атышулы Пленум шешіміне қолдау көрсеткен қарар қабылдау. Яғни, Қонаевтың биліктен кетуін ресми түрде мақұлдап, Колбиннің келуіне шаттанып, шапалақ ұра қолдау көрсетуіміз шарт. Теміртау қаласындағы ВТУЗ қабырғасында да өтті дәл осындай жауқабақ жиын. Алматыдағы дүмпудің себеп-салдары, қыр-сыры – беймәлім. Анығы – Республика басшысы ауысты, «нашақор жастар» қарсылық танытып жатыр.

ВТУЗ бастауыш партия ұйымының шұғыл жиыны ұзаққа созыла қойған жоқ. Мәс­кеудің тағайындауымен келіп, тайраңдап жүрген тас­кеуделер ұрандап жатыр. Пленум шешіміне қолдау көрсеткен пікірлерінің астарында алаңға шыққан жастарды айыптау емеуріні де бар. Сонымен, жиынның шарықтау шегі қарар қабылдап, хаттаманы тастай етіп бекіту сәті де жеткен. Дауысқа салу… Тура сол кездегі партия пәрменінің қағидаты бойынша шешім бірауыздан қабылдануы керек еді. Бұлай болмады. Парткомның екі мүшесі қалыс қалды. Бірі – даярлық бөлімінің (рабфак) деканы, тура осы жиын тізгінін ұстап отырған бастауыш партия ұйымының хатшысы Әбдіжаппар Әбдәкімов, екіншісі – ғалым Төкен Байқабатов. Ал, осы екі азаматтың қалыс қалуы Мәскеу саясатына екі қолын көтеріп, қарсылық білдірумен бірдей ерлік болғанын біз әлі күнге дейін бағалай алмай жүрміз. Кеңестік дәуірдің алғашқы кезеңінде «Өзің – комсомолсың, өзің тары жейсің» «айыптау актісі» болғаны естеріңізде шығар… Өзі парторг бола тұрып, өзі тарихи Пленумның «тарихи шешімін» қолдаудан қалыс қалған Әбдіжаппар ағаның бұл әрекеті әлгі «айыптау актісіне» әбден лайық еді. Ашық қудаланып, қаһарға ұшырамаса да, Компартияның қырағы қырына ілікті. Басқан ізі бақылауға алынды.

Иә, Теміртау жастары тепсініп көшеге шыққан жоқ. Бірақ, ВТУЗ-да тағы ши шықты. Әлгі жиынға тіксініп қалған Орталық Комитет оқу орнына уәкіл жіберген. Бірақ, бұл уәкіл ректорға да, деканға да жолықпай, институт төңірегінде жансыз ретінде әрекет етсе керек. Әбекең басқаратын рабфактың тыңдаушылары – әскерден кейін келген немесе мектептен соң бірер жыл жұмыс істеп, өмір мектебінде ысылған сақа жігіттер. Таңертең сабаққа бара жатқан бір топ қазақ студенттері (арасында рабфакта оқитын ересектері бар) Алматыдағы дүмпуді сөз етеді.

Алматыда студенттер алаңға шығып, Республика билігіндегі ауыс-түйіске қарсылық білдіріпті.

Иә, естіп жатырмыз. Бірақ, студенттер емес, нашақор жастар деп жатыр ғой радиодан берілген жаңалықтарда.

Мүмкін емес, нашақорлардың саясатта несі бар?! Біз секілді студенттер екен. Дер кезінде естігенде ғой, біз де шығатын едік.

Даурығып бара жатқан жігіттердің әңгімесін құлағы шалған әлгі уәкіл диалогқа төтеден қосылады.

Жігіттер, қандай көтеріліс жайында айтып барасыңдар? Оны қайдан естідіңдер? Сендер кімсіңдер өзі? – деп, кимелеп барады.

Естігендерін айтқан жігіттердің ойында ештеңе жоқ еді. Мәселені ушықтырғысы келді ме, уәкілсымақ Пленум шешімінің өте орынды екенін айтып, қазақ ұлтының атына кемсітулер айтып үлгерді. Сол-ақ екен, ызаға булыққан жастар уәкілді төмпештей жөнеледі. Төмпештеген – бер жағы, тепкінің астына алады. Партия ұйымының жиынында екі коммунист қалыс қалып, Орталық Комитетке жаманаты жетіп тұрған ВТУЗ-дағы жағдай мүлде ушықты. Ал, ВТУЗ – тікелей Мәскеудің ықпалындағы оқу орны. Басшылық құрамын, партия ұйымын Мәскеу таңдап, қаржысы да тікелей үлкен үйден бөлінеді. ЦК-ның жансызын сабаған «бұзақылар» оқудан шығарылып, ректоры Нариман Ишмұхамедовтің тағдыры тәлкекке түсті. Рабфактың деканы Әбдіжаппар Әбдәкімовтің де жағдайы мәз емес. Отағасының қудаланғаны жанына батқан ректор Нариман Қуанышқалиұлының асыл жары Шолпан жүрек талмасынан дүние салды. Желтоқсан айында басталған тергеу-тексеру 1987 жылдың сәуір айында аяқталып, ВТУЗ ректорының мәселесі «май шаммен қаралды». Жарының қайтыс болғанына, лауазымдық қызметін адал атқарғанына ешкім қарап жатқан жоқ. Тіпті, Нарекең баласы үйленгенде жас жұбайларды неке сарайынан той өтетін жерге дейін жеткізуге өзінің қызметтік көлігін пайдаланып, ол үшін институт кассасына 3 сом 72 тиын төлеген екен. Осындай кіршіксіз таза адамның тағдыры талқыланған жиында кезінде Нариман Қуанышқалиұлының қолдауын көріп, жақсы лауазымдарға жайғасып алған әріптестері жақтап сөйлеуге де жарамады. Олар ректорға тағылып отырған саяси айыптаудың салмағынан сескенді. Тура сол жиында ректор Ишмұхамедовті жақтап, ол кісінің ғалым ретіндегі еңбектері мен азамат ретіндегі абыройын айтып, отбасылық жағдайына да мән бермей отырған Мәскеудің ректорды қызметтен босату жөніндегі шешіміне тағы да жалғыз адам қарсылық білдірді. Ол – Әбдіжаппар аға!

***

Бұл оқиғалардың ешқайсысы да Ұлтын шексіз сүйген Әбекеңнің жігерін тұқырта алған жоқ. Мамандығы – тарихшы ғой. Қазақ халқының өткен-кеткенін, түбі түркінің тарихын оқытуға тыйым салған жүйеде қыз­мет етіп жүрсе де, тағдырымздың тамырын өктемшіл жүйенің әмірі жоя алмайтынын сезетін еді.

…Кейіпкерімнің келбетін келісті баяндау үшін Әбекеңмен жүз таныстығым, ағаға деген риясыз құрметімнің аздық ететінін жақсы білемін. Қазақы қалжыңға, астарлы әзілге ұста болғанымен, Әбекең – өзі туралы әңгімеге сараң. Кешегі Кеңестің де, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның да ғылымына олжа салып, екі жүйенің де атқарушы билігінде басшылық қызметте болған, облысымыз­дағы басты арна «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының тізгінін ұстаған абыройлы аға жөнінде әлдебір мәлімет шығып қала ма деген дәмемен өзімнің «Орталығымның» мұрағаттағы тігінділерін ақтаруға кірістім. Қарашаңырақтың белсенді авторы болыпты. Жазғанда да, ұсақ-түйекті емес, ұлттық мүддені қызғыштай қорыған өткір пікірлер жазған.

Мәселен, тап бүгінгі күні ұлтқа қызмет еттім деп кеудесін ұрып, ұлттық тұлғаға айналғысы келіп жүргендің қайсысы қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кезеңде «Тіл тағдыры – халық тағдыры» деген мақала жазып, облыстық басылым арқылы Ана тілімізге араша түсті екен? Ал, Әбекеңнің тура осы мақаласы біздің «Орталықтың» 1988 жылғы 2 қыркүйектегі санынан табылды. Мақала авторы мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін математиктер, биологтар мен физиктер оқытып жүргені туралы дабыл қағып, «…Қызығы сол – ешбір жерде орыс, ағылшын, француз, неміс тілдерін металлургтің, дәрігердің немесе агрономның оқытуына жол бермейді ғой. Ал, қазақ тіліне келгенде, әркімге аян, осы бір аксиома неге ескерілмейтіні түсініксіз» деген оқшау да өткір пікірін жеткізген екен.

Әбекеңнің мұндай мазмұндағы мақалалары мұнымен шектелмейді. Ұлт жоқшысы Жайық Бектұровпен пікірлес жүріп, Ұлт көсемдері, Алашорда, ҚарЛАГ туралы танымдық мақалалар жазып, жетпіс жылғы рухани езгіден есеңгіреп қалған қандастарымыздың көкірек көзін ашқан алғашқылардың бірі – Әбдіжаппар Әбдәкімов.

…Мәскеудегі таскеуде билікке жақпаған Әбдәкімов ақыры ВТУЗ-дан кетті. Жұмыссыз қалған жоқ. 1948 жылы 28 наурызда Тәшкеннің іргесіндегі Тоқымбай аулында туып, сол жердегі қазақ мектебін, кейін ҚазМУ тарих факультетінің қазақ бөлімін бітірген жігерлі жігіт ВТУЗ-да студенттерге орысша дәріс оқыды. Ленинград мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірді. ВТУЗ-дан кейін Теміртау қалалық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып сайланды. Оның өзінде, Компартия Әбекеңнің саяси көзқарасын жақсы көріп, маңдайынан сипап өткізген жоқ. Хатшыларды баламалы дауыс беру арқылы сайлау науқаны жүріп жатқан кезең болатын. Әріптестерінің зор сеніміне ие болды. Сол жылдары қазақ ұлтының үлесі 10 пайызға жетпейтін Теміртауда қазақ балабақшалары мен мектептердің ашылуына мұрындық болды. Белгілі режиссер Болат Атабаевпен бірігіп Теміртауда алғаш Наурыз мейрамын ұйымдастырған да өзі болатын. Кейін екінші хатшы болып сайланған. Мәскеуге телміруін қоймаған жүйеде басшылық қызмет атқара жүріп, ұлттық мүддені мақсат еткен бастамаларын жүзеге асырды. Кейін әкімдік жүйе енгізіліп, билік тармағының жаңа формасында қала әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Облыс әкімдігінде де жауапты қызметтер атқарып, облыстық телеарнаны басқарды. ҚР Премьер-Министрінің Кеңесшісі лауазы­мына дейін көтерілді. Қай жерде, қандай орынтақта отырса да, қолынан қаламын тас­тамай, ойынан ұлттық мүддені шығармады. Әйтпесе, мемлекеттік қызметте жүргендердің қайсысы 30-дан астам кітап пен оқу құралдарын, 200-ге жуық ғылыми-танымдық мақала жазып еді?! Мұның барлығы – ұлтын шексіз сүйген һәм еңбекқор жанның ғана қолынан келетін тірлік. Мен білетін Әбдәкімов – осындай азамат!

***

Кеше абазал ағаны мерейтойымен құттықтап қоңырау шалдым. Жетпістің желкенін көтеріп, ақсақалдық жасқа абыроймен көтеріліп отыр. Үйінде немесе мерейтой дастарқаны басында отырған шығар, ыңғайсыз болар ма екен деген күдікпен хабарласып едім. Олай болмады. Ағам кітапханада отыр.

Орыс халқында «Век живи, век учись» деген нақыл бар. Кезінде оқыдық дегенімізбен, мән бермеген көп дүние бар екен. Қайталап оқып жатырмын. Оның үстіне, бір ғылыми мақала дайындап жатыр едім, – дейді. Интернетке телмірген жастарға үлгі боларлық дағды екен.

Мерейтойдың дайындығы, қонақ күту деген мәселеге алаңдамайды. Бақыт жеңгеміз алаңдатпайды. Ғұмыр бойы осылай келе жатыр Әбекең. Асыл жары Бақыт Көпенқызы ел ісінде жүрген ерін тұрмыстың ұсақ-түйегіне алаңдатқан емес.

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button