Қажымас күрескер Нығмет Нұрмақовқа арналған әдеби-танымдық шара өтті
Аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, жалынды публицист, Қазақстан Автономиялы Республикасының 1924-1929 жылдардағы Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы Нығмет Нұрмақовтың туғанына 130 жыл толуына орай Қарағандының Жаңа Майқұдық Мәдениет үйінде «Өмірі – өнеге, ісі – ұрпаққа үлгі» деген тақырыппен әдеби-танымдық іс-шара өтті.

Нығмет Нұрмақов 1924 жылдың қазаны мен 1929 жылдың сәуірі аралығында Қазақ Автономиялы Республикасының Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы болды. Оның саяси тұлғасы, ұйымдастырушылық қабілеті жарқырай көрінгені осы тұс еді.
Қазақ АСР-ның алғашқы астанасы Орынбордың Ресейге берілуіне қарсылық жасағаны оның қызметтен кетуіне себеп болған соңғы түйін еді.
Ол жиырма жылға таяу уақыттан кейін, 1956 жылғы тамызда ақталды.
Қазақ халқы үшін аса ауыр кезеңдерде өмір сүріп, бүкіл саналы ғұмырын, білімін, күш-қуатын ұлтын өркендету, әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосу үшін жұмсаған қажымас күрескер Нығмет Нұрмақовтың өмірі мен қызметі әдеби-танымдық шарада көрсетілген деректі бейнефильмге және тарих ғылымдарының кандидаты, Қарағандының Ә.Сағынов атындағы техникалық университетінің доценті, нығметтанушы Сәуле Қасымованың әсерлі әңгімесіне арқау болды. Қайраткердің немере інісі, ішкі істер саласының ардагері Мұқан Нұрмақов әулеттері жайлы ақпараттармен бөлісті. Маңызы зор, мазмұны терең іс-шара өнерпаз жастардың отаншылдық ән-күйлерімен әдіптелді.
Мемлекет және қоғам қайраткерінің туғанына 130 жыл толуына орай өткізілген әдеби-танымдық шараға Жаңа Майқұдық Мәдениет үйі, оның директорының орынбасары Амангелді Ахметжанов тәп-тәуір әзірлік жасаған екен.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»