Жаңалықтар

Ұлтын сүйер ұл қайда?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда еліміздегі идеология мәселесін көтеріп, соның аясында жастарға қатысты өзекті мәселелерге тоқталды.

Президент жаһандану кезеңінде жастардың санасын дұрыс қалыптастырудың маңыз­дылығын атап өтті. Қазіргі заман жастарының түрлі ақпараттың ықпалында жүргенін, сондықтан, оларға ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие беру қажет екенін айтты. Сонымен қатар, жас буынды білімге, еңбекке, отансүйгіштікке баулу идеологияның басты міндеті болуы тиіс деді.
Жастар – ұлттың болашағы. Егер біз ұлттық бірегейлікті сақтағымыз келсе, алдымен жастардың дүниетанымын дұрыс бағытта қалыптастыруымыз керек. Қазір интернет пен әлеуметтік желілер арқылы түрлі шетелдік көзқарастар мен құндылықтар жастар санасына тез сіңіруде. Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің идеология мен ұлттық тәрбиені бірінші орынға қоюы – маңызды және дер кезінде көтерілген мәселе.
Идеология құр ұранмен емес, іс жүзінде көрінетін мазмұнмен жүргізілуі керек. Мысалы, қазақ тілін, тарихын, мәдениетін терең үйрету жолға қойылғаны дұрыс. Оған қоса, жастарға арналған патриоттық жобалар мен бағдарламаларды көбейту де маңызды. Осы орайда ауыл және қала жастары арасындағы теңсіздікті жою мәселесі де айтылды. Құрылтайда айтылған шынайы табысқа жеткен, елге үлгі болатын тұлғаларды насихаттауда күн тәртібіндегі мәселелердің бірі.
Бүгінгі таңда белсенді жас ретінде осы бағыттар бойыншы іс-шараларды жүзеге асырудамыз. Оның ішінде тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытында «Өз елімізде із қалдырмай саяхаттаймыз» жобасы тау-тастағы вандалдардың жазып кеткен жазуларын өшіруге мүмкіндік береді. Адамдық тұрғыдан да, құқықтық тұрғыдан да вандализм құптарлық іс емес. Біз осы жөнінде қоғамда замандастарымызға жиі айтамыз. Әр адам өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауы керек.
Вандализм, яғни, тарихи-мәдени мұра объектілерін, тарих және мәдениет ескерткіштерін, мемлекет қорғайтын табиғи объектілерді, жазулармен немесе суреттермен, қоғамдық құндылықтарға нұқсан келтіретін өзге де әрекеттермен қорлағандар жазаға тартылады. Нақтырақ айт­қанда, 100 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде, яғни, 393 200 теңгеден 786 400 теңгеге дейін айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады.
Осы жөнінде жастарға жиі айтып, жұмыстар жүргізудеміз. «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген бабалар даналығына қарап, озық ұлттан бұрын аты биік адам болуға ұмтылуымыз керек-ақ.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы аясында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Оның басым бөлігі жастардың ықпалымен жүзеге асатынын айта кеткен жөн.

Жанарай САНАҚБАЙ,
Ұлттық волонтерлік желінің Қарағанды облысы бойынша елшісі,
«Ауыл» партиясы жастар қанатының төрағасы

Басқа материалдар

Back to top button