Бас тақырыпМедицина

Ұлттық жоба — ұтымды қадам

Халықтың орта жасы ұзарып, елімізде өлім-жітім 30%-ға, аймақта 9% төмендеген. Бұл көрсеткіш Мемлекет басшысының тапсырмасымен, денсаулық сақтау министрлігінің қызметін жетілдіру аясында жүзеге асуда. Кешенді жұмыс барысында халық денсаулығын сақтауда медициналық көрсеткіштің оң динамикасы байқалады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапарында мәлімдеді.

– Әр азаматтың денсаулығы – ұлттың жетістігі. Осы мақсатта, денсаулық сақтау саласын жетілдіру үшін елімізде нәтижелі іс-шаралар жүзеге асуда. Түрлі бағдарламалар мен пилоттық жобалар шеңберінде медициналық нысандар саны артып келеді. Биыл еліміз бойынша 309 дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік пункт құрылысын салу жоспарланып отыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында соның 90-ға жуығы – Қарағанды облысында, 20-дан астамы. Шет ауданына қарасты ауылдарда салынады. Себебі, осы жердегі медицина ғимараттарының дені ескі, әрі талапқа сай емес, – дейді Ажар Ғиният.

Бас дәрігер аймаққа жалғыз келмеген. Жергілікті жерлерде консультациялық көмек көрсету үшін республикалық ғылыми-зерттеу институттарының жетекші дәрігерлері, травматология-ортопедия, кардиология, неврология, акушерлік гинекология және тағы да басқа бағыттар бойынша мамандар бар.

Алдымен жұмыс сапарын Шет ауданынан бастады. Қызылқой ауылындағы медициналық пунктте, Қайрақтыдағы фельдшерлік- акушерлік пунктте болып, аудандық орталық аурухананың тыныс-тіршілігімен танысты. Биыл мұнда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жаңа медициналық нысанның құрылысы басталмақ. Министр құрылыстың мезгілінде басталып, мерзімінде аяқталуын басты назарда ұстау қажеттігін, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне баса назар аудару керектігін баса айтты. Ауылдық жердегі халықтың денсаулығын жіті бақылау, профилактикалық, скринингтік тексеру. жұмыстарын уақытылы жүргізудің де маңыздылығы айтылды.

Ажар Ғиният аудан тұрғындарымен кездесуде медициналық көмек көрсетудегі өзекті мәселелерді көтерді. Әрі науқас адамның жағдайына қарай көрсетілетін көмек түрлеріне қызығушылық танытты.

Сапар барысында, Ақсу-Аюлы кентіндегі 31 орындық аудандық ауруханада болып, медицина қызметкерлерімен жүздесті. Ауылдық жерге жас мамандарды тарту және жергілікті атқарушы билік тарапынан әлеуметтік қолдау шараларын күшейту мәселесін көтерді.

Халық денсаулығын сақтауда маңызды қадамдар мен шұғыл шешімдерді қажет ететін облыстың медицинасы жетістігі мен кем-кетігіне жете көз жеткізбекке кенді өлкеге табан тіреген Ажар Ғиният. оны жетілдіру үшін жүзеге асып жатқан жобаларды егжей-тегжейлі айтып өтті.

Қарағанды медициналық университетінде халықпен және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, медицина саласын дамытуда қолға алынып жатқан жоба-жоспарлармен таныстырды. Халықтың көкейінде жүрген бірқатар сұрақтарға жауап берді. Нақтырақ айтқанда, «Денсаулық» бағдарламасы мемлекеттің әлеуметтік әл-ауқаты мен экономикалық өркендеуінің негізі адамдардың денсаулығын сақтау, қоғамдық денсаулық сақтауды күшейту, медициналық қызметтер сапасын. жақсарту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру әдісінің тиімділігін арттыру секілді ауқымды мәселелерді қозғады.

Әсіресе, шалғайда орналасқан елді мекендердегі тұрғындар денсаулығына баса назар аудару, оларды тиісті дәрігер мамандармен қамтамасыз ету кездесудің өзекті тақырыбына айналды. Әрі науқастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек, тегін дәрілік препараттар мәселесі де назардан тыс қалмады. Осы орайда, жалпы тәжірибелік дәрігер мамандардың міндетінің зор екендігі, алғашқы медициналық көмек қызметінің аясын кеңейту де айтылды. 

– Алғашқы медициналық көмек қызметін жетілдіруге ден қою керек. Себебі, осы қызмет түрін халықтың 80%-ы алады. Сырқаттанса да, тексеруден өтсе де, емхана мен амбулаторияларда алғашқы көмек қызметі міндетті түрде көрсетіледі. Сондықтан, кешенді жоспар қажет. Бұл мәселе де бірте-бірте шешілуде. Мәселен, 50 адам тұратын ауылдық жерлер мамансыз қалмайды. 300 үйі бар елді мекенде үш медициналық маманның қызмет жасауына мүмкіндік туғызудамыз. Бұрындары 800 адам тұратын жерде ФАП ашылатын болса, бұл көрсеткішті бүгінде 500 адамға дейін төмендеттік. Шалғай ауылдарда дәріханалар ашылуда, – деді министр ханым.

Ауылдық жерлердегі халықтың денсаулығын сақтауда медициналық нысандардың материалдық-техникалық базасын жетілдірумен қатар, медициналық қызметкерлердің де сапасына жіті көңіл бөлініп отырғандығы, дәрігерлермен қатар, дәрігер емес мамандардың да еңбекақысының 20%-ға көтерілгені де айтылды. Қала ауруханалары мен емханаларында кезектің көптігі, онкологиялық науқастардың медициналық зерттеулерден дер кезінде өте алмай, дертінің асқынуы және түрлі оқыс жағдайлардың орын алуы туралы арыз-шағымдарды азайту үшін заманауи сапалы құрылғылармен жабдықталған медициналық нысандар салынбақ. Кездесуде медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігі туралы заң жобасының тиімділігі де сөз болды.

– Жоба науқастың мүддесіне жұмыс жасайды. Яғни, дәрігер алдына келген науқасқа сапалы қызмет көрсетуге әрі өз ісіне жауапкершілікпен қарауға міндеттейді. Медицина саласында жетістікке жетудің бірден-бір жолы – осы жоба, – дейді Ажар Ғиният.

Сағыныш ӘБІЛ.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button