Білім

Қарағандыда 300 оқушыға арналған мектеп ашылды

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа №28 жалпы орта білім беретін мектеп білім айдынында желкенін түрді. Заманауи білім ордасы 300 оқушыға арналған. Мұнда 30 сынып ашылып, балалар екі ауысымда білім алады. Оқушыларға арналған 80 орындық жайлы асхана бар, сондай-ақ, ерекше білімді қажет ететін балаларға да жоғары деңгейде жағдай жасалған.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков барша ұстаздар мен оқушыларды білім мерекесімен құттықтады.

– Бүгін барлығымызды біріктірген шуақты әрі қуанышты мереке. Жаңа оқу жылының алғашқы күні – жаңа бастамаларға жол ашып, ізденістер мен идеяларға шабыт беретін күн. Мемлекетіміз әрдайым білім беру саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Облысымызда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бүгін 3 жаңа мектеп іске қосылды. Биылдың соңына дейін тағы 5 мектеп пайдалануға берілмек, – деді ол өз сөзінде.

Өңірде қолданыстағы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жүйелі түрде жаңартылуда. Биыл облыста 33 білім беру нысанында күрделі жөндеу жүргізілді, оның ішінде, 29 мектеп «Мектептерді реновациялау» жобасы аясында іске асты. Бұдан бөлек, 232 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды.

Жаңа №28 мектептің ашылуы Қарағандыдағы білім сапасын арттыруға, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және ұстаздардың сапалы еңбек етуіне мол мүмкіндік береді. Бұл білім ордасы жас ұрпақтың арман-мақсатына апарар сенімді көпірге айналмақ.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button