АймақБас тақырыпҚарағанды

Ұлттық жоба: аймақта инфрақұрылымды жаңғырту семинары өтті

Қарағанды облысында «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының тетіктері мен қатысу шарттары түсіндірілген ақпараттық-насихат семинары өтті. Шара Ұлттық жоба бойынша жобалық кеңсенің ұйымдастыруымен өтті.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Семинарға облыс әкімдіктерінің өкілдері, табиғи монополия субъектілері, құрылыс және жобалау ұйымдары, отандық өндірушілер, салалық қауымдастықтар, өңірлік кәсіпкерлер палаталары және екінші деңгейлі банктердің өкілдері қатысты.

Шараны Ұлттық жоба бойынша жобалық кеңсе ұйымдастырды.

Ұлттық жобаның негізгі бағыттары жөнінде ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев, сондай-ақ ҚР Индустрия және құрылыс министрлігінің, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «Қазцентр ЖКХ» АҚ, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ өкілдері баяндама жасады.

Тимур Қосымбаевтың айтуынша, инфрақұрылымды жаңғырту – экономиканың тұрақтылығына, әлеуметтік тұрақтылыққа және азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететін стратегиялық қадам.

«Бәйтерек» холдингі өкілдерінің мәліметінше, Ұлттық жобаның басты мақсаты – тікелей бюджет қаржыландырудан қайтарымды тетікке көшу. Бұл табиғи монополия субъектілеріне желілер мен жабдықтарды жаңартуға ұзақ мерзімді инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде инфрақұрылымның тозу деңгейі төмендеп, жылу, су және электр энергиясын үздіксіз жеткізу қамтамасыз етіледі.

Семинар барысында қатысушыларға өтінім беру, қаржыландыру алу, мердігерлерді таңдау және жобаларды мониторингтен өткізу тәртібі түсіндірілді.

2025 жылы Қарағанды облысында екі пилоттық жоба іске қосылады. 

«Қарағанды Жарық» ЖШС желілердің 72,4 % тозуына байланысты 218 шақырым электр желісін реконструкциялауды және 38 трансформаторлық қосалқы стансаны жаңғыртуды жоспарлап отыр. Бұл көрсеткішті 0,5 %-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Компания Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран, Абай қалалары және Бұқар жырау ауданындағы 360 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетеді.

«Оқжетпес-Т» ЖШС Теміртау қаласында 16 шақырымдық жылу желілерін қайта жаңартуды қолға алды. Қазіргі тозу деңгейі – 75%, ал жобаны іске асыру нәтижесінде бұл көрсеткіш 1,9%-ға төмендейді. Кәсіпорын 68 мыңнан астам абонентті қамтиды.

Қазіргі уақытта «толығымен дайын» келісімшарттарға ашық қолжетімділікті қамтамасыз ететін, сондай-ақ жобаларды тиімді іріктеу мен бақылауға мүмкіндік беретін электрондық сатып алу платформасы әзірленіп жатыр.

Ұлттық жоба бойынша азаматтар мен ұйымдарға кеңес беретін байланыс орталығы 1465 нөмірі арқылы жұмыс істейді.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button