Жаңалықтар

Ұлттық жауапкершілік және рухани таңдау

Ұлттық құрылтай – елдің ар-ұяты мен азаматтық ойы тоғысатын биік мінбер. Соңғы жылдары Құрылтай Қазақстан қоғамының сапалық тұрғыдан өскенін, сөзден іске көшкен кезеңге аяқ басқанын айқын көрсетті. Қызылорда төрінде өткен биылғы отырыста да жалпылама ұрандар емес, ел болашағына тікелей әсер ететін нақты шешімдер мен ортақ жауапкершілік талқыланды.

Сурет Ақорда

Мемлекет басшысының «Ұлы ата-бабаларды мерейтойында ғана ғана еске алу жеткіліксіз» деген пікірі – әр азаматқа бағытталған терең мағыналы үндеу. Өйткені, елдің тарихи жады салтанатты даталармен қатар, күнделікті өмірде, тәрбиеде, қоғамдық ұстанымда да, көрініс табуы тиіс. Шынайы патриотизм – өткенмен мақтана отырып, өткеннің аманатына адал болу.

Құрылтай дәл осы адалдықты нақты мазмұнмен толықтырды. Азаматтық жауапкершіліктің артуы, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін күшейту, әлеуметтік әділеттілік, құмар ойындарды шектеу сияқты шешімдер – қоғамның ең сезімтал әрі өзекті мәселелеріне берілген нақты жауап. Бұл өзгерістер мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің нығайып келе жатқанын көрсетеді.

Айрықша атап өтерлік мәселе – ұлттық руханиятты халықаралық деңгейде мойындату бағыты. Абай Құнанбайұлының «Қара сөздерін», әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауидің еңбектерін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу туралы бастама – қазақ халқының дүниетанымын, ойлау жүйесін, рухани кодын әлемге танытатын тарихи қадам. Ұлттың рухани негізі бекем болса, оның егемендігі де өміршең болады.

Президенттің дәстүрлі мәдени және діни құндылықтарды қорғау, деструктивті әрі ашық айтқанда аморальды мінез-құлық үлгілерінің таралуына қарсы тұру жөніндегі ұстанымы бүгінгі күрделі кезеңде ерекше маңызға ие. Бұл мәселе идеология шеңбері мен болашақ ұрпақтың қауіпсіздігі мен санасының тазалығына тікелей қатысты. Сондықтан, бұл ұстаным – діндар қауымға да, этномәдени бірлестіктерге де, бүкіл азаматтық қоғамға ортақ.

Ұлттық құрылтайдың тағы бір ерекшелігі – оның алдын ала жан-жақты дайындалған ұсыныстардың қорытынды кезеңі екендігінде. Бұл онда қабылданатын шешімдерінің салмағы мен өміршеңдігін арттырады. Осы тұрғыдан алғанда, рухани даму, ұлттық бірегейлік, тарихи сана мәселелері қоғам тарапынан кең қолдау табатынына сенім мол.

Ұлттық құрылтай бүгінгі Қазақстанның қандай болғысы келетінін ғана емес, ертеңгі ұрпаққа қандай мемлекет қалдырғымыз келетінін де анық көрсетті. Бұл – тарихи жауапкершіліктің таңдауы.

Дмитрий ПОЛТАРЕНКО
Қарағанды облысы Діни бірлестіктер клубының модераторы,
Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Медиация кеңесінің төрағасы, Қазақстан Халық партиясының мүшесі

Басқа материалдар

Back to top button