Бас тақырып

Ұлттық жаңғырудың негізі – тілдік жаңғыру

Жазуды реттеу – тілді реттеу. Тілді реттеу – елді реттеу. Егемендіктің елең-алаңында-ақ басталған пікір алмасуларды былай қойғанда, қазақ жазуын латын жазуының негізіндегі жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшіруге кірісу ниеті «Қазақстан – 2050» Стратегиясында жария етілгеннен кейін де жеткілікті уақыт өтті. Ғылыми ортада да, баспасөз бетінде де, экран мен эфирде де, әлеуметтік желілерде де сан түрлі, қым-қиғаш ойды емін-еркін ортаға салуға толық мүмкіндік берілді. Айтылатын сөз армансыз айтылатындай болды. Бұл мәселеге ширек ғасырдың ішінде жеті өлшеу тұрмақ, жетпіс жеті өлшейтіндей уақыт бөлінді. Халықтың басым бөлігінің ортақ ойы қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру уақыттың талабына да, туған тілімізді тыңнан түлету талабына да сай келеді дегенге келіп сайды.

Кезінде жазуды латынға ауыстырудың жайы парламенттік тыңдауда қаралғанда сөйлеген сөзімізде: «Біздіңше, бұл мәселенің – қазақ жазуын латын әліпбиіне ауыстыру қажет пе, қажет емес пе деген мәселенің басы ашылған. Адам қателесуі мүмкін, қоғам да қателесуі мүмкін, тіпті, заман да қателесуі мүмкін. Ал, уақыт қателеспейді. Уақыттан өткен данышпан болмайды. Уақыт өз сөзін айтып үлгерді. Латын жазуы уақыттың сан ғасырлық сынынан өтіп болды. Қазір әлемдегі халықтың 80 пайызы латын графикасын игеріп, пайдаланып отырғанын, дүние дидарындағы ақпараттың басым бөлігі осы жазумен таңбаланып тұрғанын айтудың өзі көп жайды аңғарта алады», дегеніміз бар еді. Сонымен бірге, бұл істің қиындығын да, тәуекелін де аңғартуға тырысқанбыз. Оны: «Алфавитін асығыс ауыстырған ағайындардың кейбірі айналасы ширек ғасырдың ішінде жаңаша жазуға бір емес, екі емес, үш рет өзгеріс енгізіп үлгергені белгілі. Біз ол істен сабақ алуға тиіспіз. Сондықтан да, бірыңғай стандартты түпкілікті бекітердің алдында жаңа әліпби жобасын тағы да қайтақайта қарау, әбден иін қандыру керек» деп айтқан екенбіз.

Алфавит ауыстыру – іргелі, ірі іс, шын мәнінде тарихи шешім. Ойдағыдай атқарылған жағдайда бұл ісіміздің игілігін, бұл тарихи шешімнің жемісін балаларымыз, балаларымыздың балаларының балалары, қысқасы, халқымыздың болашақ ұрпақтары көре беретін болады. Бұл жөнінде енді күдік-күмән келтіретін ештеңе жоқ. Біз өзгеленгіміз келсе, дараланғымыз келсе, өзге мемлекет екендігімізді сезінгіміз келсе, өзге мемлекет құрғанымызды, басқа мемлекет екендігімізді балаларымыздың балаларының балаларына білдіргіміз келсе, біз бөлекше жазуға тиіспіз. Ұнай ма, ұнамай ма – солай етуге тиіспіз. Әлемдік үрдістегі ортақ алфавитке көшу бір басқа да, көрші мемлекеттің әліпбиімен, славян әліпбимен жазу бір басқа. Бұл арада осындай үлкен, қатып қалатындай қағидатты мәселе бар. Әрине, көптеген қиындықтар болады, оған бәріміз көніп отырмыз, бірақ латынға көшпей болмайды. Мәселе енді қалай көшуге байланысты.

Алдымызда әлі біраз жылдарға созылатын, жүйелі түрде, табандап жүргізуді қажет ететін қиын жұмыс тұр. Бұл шаруа оңай атқарылады деп өзімізді өзіміз алдамайық. Бірақ, ертеңімізді ойлайтын ел екенімізді дәлелдегіміз келсе, елдігімізді ерекшелегіміз келсе, санамызды шындап жаңғыртқымыз келсе бұл іске тәуекеліміз тұруға тиіс. Тек бір ғана шарт бар: ойдағыдай атқарылған жағдайда!

2017 жылдан 2019 жылға дейін бекітілген латын әліпбиіне бір емес, екі емес, үш рет өзгеріс енгізіліп үлгерілгені, енді кемінде тағы бір өзгерту алда күтіп тұрғаны біздің алфавитін асығыс ауыстырған ағайындардың тәжірибесінен сабақ ала қоймағанымызды көрсетеді, өкінішке орай. Жаңа алфавит бекітілуін бекітілгенімен, уақыт сынағынан өтіп, өмірде орнықпай жатып, елді мекендер атауларын, мыңдаған маңдайшаларды, көше аттарын қайтадан жазып, қыруар қаржы шашып үлгергеніміз өз алдына, түрліше тендер хабарландыруларын латынша жариялап, бүйрек бұрылатындарын хабарландыру шығатын күннен хабардар етіп қою, латынша әліпбимен оқи алмайтындарды оқыстан сан соқтырып кету сияқты сұрқиялықтар орын алып жатқаны ұятақ іс. Қалай болғанда да, қазақ тілінің латын жазуына өтуі өмірлік қажеттілік, осы арқылы тіліміздің дыбыс жүйесін қалпына келтіруге, былайша айтқанда, қазақ сөзінің қоңыр үнін қайта оралтуға мүмкіндік беріледі деп сенеміз. Осы тағдыршешті мәселеде барынша салиқалылық, орынды сақтық таныту, жеті рет емес, жетпіс жеті рет өлшеп барып кесу, осы халықтық істегі кез-келген күдік-күмәнге сарабдалдықпен қарау қажет-ақ. Тіпті, латынға толық көшудің мерзімін қайта қарау, уақытты ұзарту қажет болуы да ғажап емес. Бәрі мүмкін. Оның үстіне әліпбидің әлі жетілдіре түсетін тұстары табылады.

Латынға өтудегі басты сөзді, түйінді сөзді әлі де тіл ғылымы айтуға тиісті. Әрине, үлкен шаруаны біраздан жүргізіп келе жатқандықтан және көп мәселені шешіп үлгергендіктен, бұл істегі негізгі тұтқаны алдағы кезде де Мәдениет және спорт министрлігі, оның осы «Тілқазына» орталығы ұстай беруге тиіс, бірақ Білім және ғылым министрлігі, оның Тіл білімі институты жұмысты ғылыми негіздеуге бұрынғыдан әлдеқайда белсенді қатыстырылуға тиіс.

Тілді реформалау барысында ерекше ескеретін жағдай қазақ әріптерін латын графикасында қалай жазу ғана емес, ол айсбергтің судан көрініп тұрған бөлігі ғана. Осы реформа арқылы, осы жазуға көшу арқылы біз қазақ тілінің өзінің қазақтың қара домбырасы сияқты қоңыр үнін қалай қалпына келтіреміз, қазақ тілінің фонетикалық байлығын қалай жарқыратып көрсетеміз және қалай жазғанда күмбірлеп, күңгірлеп тұратын тіл етіп шығарамыз деген мәселені шешуіміз керек.

Солай болады деп сенеміз.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
ҚР Парламенті
Мәжілісінің депутаты,
филология ғылымдарының
докторы

(«Қазақ әдебиеті» газетінен).

Басқа материалдар

Back to top button