Ұлттық тарихқа – ұлттық көзқарас
Кеше Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарих факультетінің 85 жылдығына орай оқушылар арасында облыстық құрылтай өтті. «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының он жылдығы құрылтайдың жоғары дәрежеде өтуіне мұрындық болды.
Аймақтағы 150-ге жуық оқушы атсалысқан тарихшылар құрылтайында, жастар ұлттық тарихқа – ұлттық көзқарас керек екенін алға тартты.
Оқушылар «Тұлғалар тағдырларындағы Қарқаралы өңірінің білім беру жүйесінің қалыптасу және даму тарихы» атты гранттық жоба аясында бақ сынады. Алдымен «Тұлғалар тағдырындағы туған өлке тарихы» тақырыбын қозғаған X құрылтайға орта мектептердің 10-11 сынып оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттар қатысты. Құрылтайда археологиялық деректердегі өлкенің тарихы, сондай-ақ, Қарқаралыдан шыққан танымал және беймәлім тұлғалар жөнінде жобалар қорғалды.
Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын ұлттық руханиятқа қатысты ойымен бөлісті.
– Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов «Сөздің ең ұлысы – тарих» деп бекер айтпаса керек. Ақпараттар ағыны мол қазіргі қоғамда өз еліңнің тарихын білу өте маңызды. «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының жастар тәрбиесінде алатын орны ерекше. Нұрсахан Ахметқызының мұрындық болуымен игі істер атқарылуда. Орталық мамандары уақытпен санаспай, оқушыларды Алаштың аманатына адал болуға бағыттап келеді. Ұрпақты ғаламтор тәрбиелеп отырған заманда, ұлттың келешегі әрбір есті азаматты алаңдатады, – деді Ерлан Құсайын.
Құрылтайға аймаққа белгілі тарихшы ғалымдар қатысты. Орталық жұмысының жандануына үлес қосып жүрген ғалым Айтбай Жұмағұлов:
– Ебіней Бөкетов қалыптастырған оқу орнында тұлғаларды зерттеу, ғылыми мұрасын насихаттау – басты міндетіміз. «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығында қызметте жүрген жеті жылда ұлтқа қызмет еткен, кейін елеусіз қалған тұлғаларды халыққа таныту мақсатында жұмыс істеудеміз. Әсіресе, Жұмабек Тәшенов атындағы шара республикалық деңгейге көтерілді. Бұрын Бұқар жырау Қалқаманұлының әдеби мұрасымен ғана таныс болсақ, қазіргі таңда оның жыр мұрасын дәріптеуде үлкен жұмыстар атқарылуда, – деді.
Тарихшылардың сүбелі еңбегін атап өткен оқушылар, тұлға болып қалыптасудың, ұлттық өркениеттің негізі – кітап деген тоқтамға келді.
– «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығы 2014 жылы ашылды. Алғашқы құрылтай әлем таныған тұлға – Мұстафа Шоқайға арналып, тақырыбын «Тәуелсіз Қазақстан және әлем таныған тұлғалар» деп атадық. Тұлғалар алғаш қазақ даласында, батырларымыз «Алпамыс», «Қобыландыдан» басталып зерттелген. Зар заман ақындарының бәрін зерттеді. Ұлы дала еліндегі тұлғатану бейресми ғылым ретінде қазақ даласында ертеден қалыптасқан, – деп атап өтті «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Нұрсахан Ахметқызы.
Ғалымдар қазақ тарихында тұлғалар – мақал-мәтелдер және жыраулар еңбектері арқылы зерттелгенін алға тартты. Құрылтай жеңімпаздарына диплом және Алғыс хат табысталды. Үздік баяндамалар «Тұлғалар тағылымы» атты жинақта жарияланбақ.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz