ОсакаровРухани жаңғыру

Ұлттық тәрбие – ұлағат үлгісі

   Бүгінгі күннің, қазіргі жаһандану дәуірінің, басты талабы – өркениетті қоғамға ілесе алатын ұрпақ тәрбиелеу. Әлем елдерімен қабырғасын теңестіруді меже етіп отырған елдің білімді жастары тәуелсіздікті нығайтады, ұлттық тәрбиемен сусындаған ұрпақ болашақты гүлдендіреді деген сенім мақсатымызға айналып отырғандай. Ал, оған қол жеткізудің алғы шарттарының бірі – ұлттық тәрбиеге арқа сүйеу.

Саяхатшы, зерттеуші А.Янушкеевич: «Мен қазақ ақынының суырып салма өнерін, асқақтата салған әнін тыңдап, ерекше әсерге бөлендім, бұдан бірнеше күн бұрын екі ел егесінде шаршы топтың алдында сөз сөйлеген шешендерді көрген едім, сонда мен тумысында Демосфен, Цицерондарды естіп, білмеген жандардың жезтаңдай ділмарлығына таң-тамаша болған едім. Ал, бүгін менің алдымда не оқи, не жаза білмейтін ақындар бұлбұлдай сайрап отыр. Жаратқан иесі мұндай өнер берген халық мәдениет әлеміне өгей болуға тиіс емес…» деп атап көрсеткендей, атамыз қазақ бір ауыз сөзбен қуантып, бір ауыз сөзбен жауын орнынан тұрғызбай тастаған шешен, қайсар, кеңпейіл халық болған. Қара қылды қақ жарған төрелігін халық мойындаған. Атақты орыс зерттеушісін таң еткен шешендер мен ақындар сияқты Жиренше шешен айтып кеткен «жақсылар» қатарында бір-бірінен бөле-жара қарауға келмейтін әйгілі Төле, Қазыбек, Әйтеке билер ойып орын алады. Үш жүздің басын біріктіріп, адал төрелігімен халық қалаулысына айналған, есімі өшпес үш бидің өмірі мен өнегесі – біздің  асыл мұрамыз.

Руханияттың бiр өлшемi, қолдаушысы және қорғаушысы  билiк, басқару, әкiмшiлiк екені ақиқат. «Басшысыз ел – жетім» демекші, қазақтың ұлыс болып ұлғаюы, елдiгiн құрып орнығуы жолындағы би-шешендердiң рухани дәстүрi өз алдына бір төбе. Билер дәстүрiнiң басты басымдылығы – адамды тәрбиелеу, адамгершілікке баулу, өнегелi азаматты қалыптастыру, адамға қажеттi iзгi қасиеттердi үлкен құндылық дәрежесiне көтеру. Бұл мәселелер – тұлғалық пен елдiктiң тұтқасы. Би-шешендер сол тұтқаның ұстанымын айқындады және соған сүйендi. Онысы:

Кiсiлiкке қайшы iске қарап тұрмау;

Кiсiлiкке қайшы сөзге бас шұлғымау;

Кiсiлiкке қайшы былыққа батпау;

Кiсiлiк қасиеттi ақтау, құдiреттi баптау, – “кәмiл адам” тәрбиелеудiң тиегi мен пернесiн орнықтырды. Осы ереже мен сұраныстар билердiң мәртебесiн қалыптастырды. Ел билеген хан, сұлтандардың өздері билердің алдында бас иіп, аталы сөздеріне бағынған. Дала заңы да осы билердің есімімен астасып жатады.

Қазақ даласы Тәуке ханның «Жеті жарғысы» қағидаларын бұлжытпай орындауға, оған бағынуға мойынсұнғаны да белгілі. Ал сол заңдар негізін қалауға ұйытқы болған – үш бидің төрелегі екенін қазіргі ұрпақ әдебиет беттерінен оқып-танысуда. Жауапкершілігі молқандай iсте болмасын бидiң сөзiне артықшылық берiлдi. Би шешiм қабылдарда қиналып, билiк айтудан бас тартса, оған айып салынбады. Егер ол терiс билiк шығарса, онда ол қияметте, құдай алдында жауап бередi делiндi. Осыдан-ақ қазақ халқының билерді ерекше құрмет тұтқанын білуге болады. Би кез келген адамға басу сөз айта алды. Куәлiкке құдайдан қорқатын, күнәсi жоқ, көпке қадiрлi адамдар шақырылды. Антын бұзып, iске нұқсан келтiрген немесе елге зиян келтiрген адамды абыройсыз деп, қоғамнан аластатылды. Кез келген дауды аса білгірлікпен шешіп, жауласқан екі елді бітіге келтірген билер философиясын әлі күнге дейін мойындайтынымыз шындық. Ал сол билердің өзі бұл істеріне қаншалықты баға берген екен? Соған көз жүгіртсек…

Төле би халықпен қоштасқанда былай деген: “Оңаша ойға батып, өткен – кеткенімді таразыласам, менің кесім-бітімімнен де кемшілік табылатындай. Ердің құны екі жүз байтал болсын дегенім дәл, әділ билікке жатпайтын тәрізді. Олай дейтінім, ер болғанда мынау жақсы жігіт, мынау жаман жігіт деген жоқпыз. Ер деп адамның құнын жалпыға бірдей есеп қылып айттық. Оның ішінде неше түрлі адам бар. Бір адам бар еліне пайдасы тиген, жақсылық істеп, атағы шыққан, мейлі хақ, мейлі би атансын, әділ болса халық қадірлеген. Бұл да адам. Екінші бір адам бар, туысы жаман. Елді жаудан қорғап, ажыратпақ түгіл, шөгіп жатқан түйеге міне алмайды. Қаңғып, не далада мал ұрлап жүріп адасып, не шөлдеп өліп қалады. Мұның да құны екі жүз байтал. Сондықтан, мен ережемді осы екеуінің, жақсы мен жаманның бағасының бір-ақ баға болып кеткеніне қапалымын. Меніңше, бұл әділдік емес. Осыны өздерің қайта бағалап, қайта кесемін десеңдер, еріктерің, халқым. Екінші, қыздың құны қырық жеті қара дедік. Қыздың да қызы бар. Айтулы ай десе аузы, күн десе көзі, қараса түрі, сөйлесе лебізі, тегі мен заты, аты мен атағы, сезімі мен ақылы бірдей келген арулардан халық аузында аңыз болып жүрген Ләйлі, Қыз Жібектердің құны қырық жеті қара. Екінші бір қыз бар, дөң жауырын, алакөз, кісі бетіне қараса ұрсатұғын, адам көрсе жынды болғандай арқа-басы құрысатұғын, бір адаммен сөйлесіп, мейірленіп, сыйласа алмайтұғын. Әкесі мен шешесіне сүйкімсіз, тілін алмайтұғын, ауыл үймен ұрсысып, аяқ-табақ қатынаспайтұғын. Мұның аты да қыз. Мұның құны да қырық жеті. Халқым, мен сендерге ереже айтқанда осы жағын ойламаған екенмін…”  Иә, халқы үшін төрелігі заң болып қабылданған ұлы тұлғаның осы сөзінен әр ісін байыптап, ақыл таразысына тартып, өзіне де баға бере алатын ұлылықты байқаймыз.

«Жер астында жатқанды қазбай қарап тіл табар» деп саналы сөзді сары алтыннан артық бағалаған халқымыз салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды, ұлттық құндылықтарымызды асыл қоймасындай сақтады. Өнерлі халық – өміршең халық. Демек, күні бүгінге дейін ғасырлар бойы дамып қалыптасқан халық ауыз әдебиетінен, халықтық салт-дәстүрлерінен, ұлттық педагогикалық ойлардан құралған бұл халықтық салт-дәстүрлеріміздің ғылыми-педагогикалық мәні өте зор екені рас.

Ұлттық қадір-қасиет – ұлттық сана-сезімнің өзегі, адамгершіліктің бірегейі, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық сана­сының жемісі, кісілік қасиеттер жиынтығы. Қазақ халқы өз ұрпағын адамгершілікке, ізгілікке, инабатты­лыққа тәрбиелеуді ежелден-ақ өзінің басты мақсаты етіп қойған.

Халық өз ұрпағына қайырымды­лықты ес білгеннен үйретіп, тиісті талап қою, дағдыландыру арқылы оны тұрмыстық салтқа, адамгершілікке, дәстүрге енгізді.

Ұлттық рух – халықтың өзін-өзі тануымен айқындалатын, өскелең арман-мұраттарымен сипатталады. Қай халықтың болмасын табиғатына тән, өзгеде қайталанбайтын қасиеттері, мінезі, діні, тілі болуы ұлттық рухпен тікелей байланысты. Оны асқақтататын – ұлттық тәлім-тәрбие. Оның негізі ана тілінде. Қазақ тілі халқымыздың ұлттық болмысын, әдет-ғұрпы мен салтын, дәстүрін, ұлттық жадын қалыптастырушы негізгі құрал ретінде ұлттың тілі мен діні, біліктілігін болашаққа жалғайды. Ал, осы асыл қазыналар билердің ұлағатты сөздерінен бастау алатынын көп жан түсіне бермейді. Ескіліктің көлеңкесіне айналып бара жатқан осындай ойлы сөздерді неге қайта жаңғыртып, ұрпақ санасынан ойып орын алатындай дәрежеге көтермеске деген көкейдегі сауалдың орын алатыны да шындық. Алайда, «заманына қарай адамы» деген түсінікпен өзімізді шектеп отырғанымыз өкінішті. Орайы келгенде айта кететін мәселе, осындай философиялық ойы терең шығармаларды неліктен қазіргі мәтіндермен жұмысқа, оқу сауаттылығы сынағына негіз етіп алмасқа?! Біздің қолдан келер шара – ұлы тұлғаларымыздың мерейтойына орайластырып іс-шара өткізу. Сонымен ғана шектеліп қалып отырмыз.

Сол сияқты көрермендерімен қауышқанына көп болмаса да «Балапан» телеарнасы бүлдіршіндердің сүйікті арнасына айналды. Балалардың тілі шығуына, жақсы мен жаманды айыруына көп көмегі тиюде. Тек ұлттық құндылықтарды насихаттайтын анимациялық мультфильмдердің аздығы қынжылтады. Ал бұл – ойлантарлық  мәселе.

Баланың тәрбиесіне ықпал ететін негізгі төрт нәрсе бар: отбасы мен өскен ортасы, балабақша, мектебі мен достары. Міне, бұлар үйлесім тауып, адам тәрбиесіне сергек қараса, ұлтқа қауіп төнбес еді. Кез келген ұлттың ұлт болып қалыптасып дамуы үшін оның ұлттық санасы, ұлттық құндылығы болуы керек. Сондықтан ұрпағымыздың ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, ел қамын ойлайтын азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық тәрбиені бойына дарытуда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мына бір ұлағатты сөзі бағдаршам болмақ: «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намыс болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып, көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа».

Билер ұлағаты арқылы ұлттық тәрбиеге мән беру – сіз бен біздің қоғам алдындағы парызымыз. ХХІ ғасыр азаматының бойында өркениетті өмірге талпынатын, ата-баба дәстүрін жалғастыратын, кіндік қамы тамған туған жерін, асқақтаған көк тулы Отанын сүйетін, үлкен-кішіге мейірімді, ізетті, текті, дені сау азамат және азаматша болып өсулеріне тілектеспін!

Ж.ТҮСІПБЕКОВА,

Осакаровка кентінің

№1 орта мектебі базасындағы

тірек мектебі (ресурстық

орталығы) мұғалімі.

ОСАКАРОВ ауданы.

Сурет ғаламтордан алынды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button