Ұлттық ұстаным – болашақ негізі
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоғамдық сананы жаңғыртудың алты бағытын айқындап бергені белгілі. Ғасырлар бедерінде әр халық, әр мемлекет рухани жаңғырып, жаңарып отырады. Ал, рухани жаңғыру мен жаңаруда білім берудің рөлі өте зор. Осы тұрғыда, біз өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып, әлемде орын алып жатқан жағымды жаңалықтарды қабылдай білуіміз керек.
Олардың алғашқысы – бәсекеге қабілеттілік. Адам, оның бәсекеге төтеп беру қабілеті мен сапасы ұлттың табысты болуының факторларына айналады. Сондықтан, мемлекеттік деңгейдегі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы да, үштілділік бағдарламасы да, мәдени және конфессионалдық келісім бағдарламасы да ұлтты ХХІ ғасырда озық өмір сүруге дайындаудың бір бөлігі екендігі атап көрсетіліп отыр.
Екіншісі – прагматизм және реализм. Прагматизм мен реализм – таяу онжылдықтардың ұраны. Прагматизм – ысырапшылдық, астамшылдық, даңғойлық пен кердеңдіктің қарама-қайшылығы. Заманауи қоғамның мәдениеті – ұстамшылық пен оңтайлылықтың мәдениеті, сән-салтанаттың емес, ауқаттылықтың мәдениеті.
Үшіншісі – ұлттық бірегейлікті сақтау. Бұдан шығатын екі бұлжымас қағиданың алғашқысы – ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтамай, ешқандай жаңғыру мүмкін емес. Кейінгісі алға қарай қозғалу үшін ұлттың дамуын тежейтін өткеннің элементтерінен бас тарту қажет.
Төртінші бағыт – білімнің салтанат құруы. Егер құндылықтар мен басымдықтар жүйесінде білім бірінші тұрса, онда ұлт табысқа жетеді.
Бесінші бағыт – Қазақстанның эволюциялық дамуы. Тарихи тәжірибеміз бен өткенімізден сабақ алып қарасақ, жаңа ғасырда нақ эволюциялық даму басты қағида ретінде әрбір қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналуға тиіс.
Соңғы бағыт – сананың ашықтығы. Барлық қазақстандық әлемде және өңірде не боп жатқанын көре білуге және түсінуге, өзгерістерге дайын болуға, жаһандық тәжірибені қабылдай және өз игілігіне пайдалана білуге тиіс. Өйткені, санасы ашық адам ғана мына әлемдегі өзінің және жалпы ұлттың болашағын көре алады.
Ұлттық рухты көтерудің нақты жолдары мен шешімдері, басымдықтары мен таяу жылдарға арналған 6 міндеті де айқындалды. Олар: өлкетанулық негізде ұйымдастырылған «Туған жер» бағдарламасы арқылы туған жерге, оның мәдениетіне, салт-дәстүріне деген сүйіспеншілікке бағытталған патриоттық, мәдени-генетикалық кодтың негізін қалыптастыру; жаһандық деңгейде заманауи қазақстандық мәдениетті ілгерілету; «Әлемнің 100 үздік оқулығы» жобасын іске асыру арқылы әлеуметтік және гуманитарлық білімге назар аудару; Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Қазақстанның жаңа 100 тұлғасы» және қазақ әліпбиін латын қарпіне кезең-кезеңімен көшіру.
«Білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады» дейді халық даналығы. Білім мықты болуы үшін үкімет еліміздің білім беру саласын реформалауды қолға алуда. Бәсекеге қабілеттілікті дамытуымыз керек. Білім – әлемдік, тәрбие – ұлттық болуы керек.
Елбасы өз мақаласында «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процестерінің ерекшеліктеріне байланысты» деп атап көрсетті. Бұл әлемдік ғылым саласын игеру үшін жасалып жатқан оқу бағдарламасына сәйкес, бүкіл әлем қарым-қатынас жасайтын ағылшын тілін жастарымыздың тезірек игеруіне мүмкіндік жасайды. Сол үшін қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жүзеге асырылуда. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жай ғана мақала емес, бұл – біздің кезеңіміздің көрінісі, болашаққа бағдарлама. Болашақтың адамы қандай болуы тиістілігі мен рухани сананы сақтау үшін не істеу керектігін көрсететін бағдарлама.
Нұрлан ҒАЛЫМЖАНҰЛЫ.