Бас тақырыпСпорт

Ұлттық спорт фестивалі басталды

Бұқар жырау ауданы Құрылыс ауылының атшабар алаңында ұлттық спорттың мәртебесін көтеретін маңызды шара – Ұлттық спорт түрлерінен IV облыстық фестивальдің салтанатты ашылуы өтті. Мәдениет пен спорттың тоғысқан бұл үлкен мерекесі қазақтың салт-дәстүрі мен рухани байлығын ұлықтап, облыстың барлық өңірінен келген спортшылардың басын қосты.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Құрылыс ауылының атшабар алаңы ұлттық нақышта безендіріліп, мерекелік әуен әуеледі. Музыкалық саздың сүйемелдеуімен жарысқа қатысушы командалар бірінен соң бірі сап түзеп, көрермен алдында парадпен жүріп өтті. Қарағанды облысының қалалары мен аудандарынан жиналған 350-ден астам спортшы көкпар, аударыспақ, қазақ күресі, жамбы ату сынды дәстүрлі жарыстарда өзара бақ сынауда. Спорт додасына 50 төреші тартылған.

Фестивальдің ашылу салтанатына құрметті меймандар арнайы шақырылып, сахна төрінен құттықтау лебізін білдірді. Облыстық мәслихаттың төрағасы әрі облыстық ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Нұркен Кобжанов өз сөзінде атаулы шараның мән-маңызына тоқталды.

– Құрметті спортшылар және Ұлттық спорт жанкүйерлері. Ұлттық спорт – ұлттың жаны. Ол – тарих, тәрбие, намыс, бірлік. Осындай фестивальдер арқылы біз жастарды отансүйгіштікке баулып, төл өнерімізді ұрпақ санасына сіңіреміз. Бұл – мәдени мұрамызды сақтаудың нақты жолы. Осында республикалық «Ақбидай» ұлттық спорт фестиваліне іріктеледі. Ең мықтылар Талдықорғанда облыс намысын қорғамақ. Лайықты өнер көрсететініне сенім мол. Қасиетті Бұқар жырау жерінде өтетін бұл шара дәстүрге айналды. Біз облыстық мәслихаттың депутаттары ұлттық спортқа жанашырлық танытып, осы фестивальдің өтуіне үнемі қолдау көрсете бермекпіз. Ұлттық спорт дами берсін, – деді Нұркен Сайфиддинұлы.

Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын өз сөзінде бұл фестивальдің аудан үшін ерекше рухани мәні бар екенін айтып өтті.

– Құрылыс ауылы – қазақы болмысты сақтаған, ұлттық спортқа жанашыр елдімекен. Мұндай ауқымды шараның біздің жерде өтуі — үлкен мәртебе әрі сенім. Спортшыларға сәттілік, ал, көрермендерге жарқын әсер тілеймін. Еліміздің өсіп-өркендеуі, ұлттық болмысымыздың бекемдене түсуі осындай ұлттық мінезге тәрбиелейтін шаралардан басталады. Президентіміз Ұлттық спортты дамытудың маңызын үнемі айтып келеді. Биыл осы ауқымды шараны ұйымдастырып, өз деңгейіне өтуіне ұйытқы болып отырған облыстық мәслихат төрағасы және облыстық мәслихат депутаттарына, фестивальдің өтуіне өз үлесін қосқан басқа да азаматтарға алғысымыз шексіз, – деді Ерлан Құсайын.

Сонымен қатар, жарыс төрелігін әділ жүргізетін құрам таныстырылып, Көкпар федерациясы, дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық мәслихат өкілдері де жарысқа өз тілегін жеткізді. Салтанатты ашылу соңында Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалып, фестиваль ашық деп жарияланды.

Барлық спорт түрлерінен жеңімпаздар анықталады. Қаржылай сыйлықтар тағайындалған. Жалпы жүлде қоры – 12 млн теңге.

Ұлттық спорт – ұлттың рухани тірегі. Құрылыс ауылындағы атшабарда басталған бұл фестиваль – қазақтың батырлық рухын, өнерін, салтын бүгінгі ұрпақпен жалғайтын алтын көпір. Ел бірлігі мен ұлт болмысын ұлықтайтын мұндай шаралар арқылы қазақ спортының келешегі кемелдене түспек.

Бұл туралы толығырақ «Ortalyq Qazaqstan» газетінің алдағы сандарынан оқып, таныса аласыздар.

Жәлел ШАЛҚАР,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button