Ұлттық сапаны сауатты ұрпақ көтереді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен, бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет» деп атап өткен болатын. Қарағандыдағы Абай атындағы мектеп-гимназиясында облыстың білім беру жүйесін дамытуға бағытталған алқа отырысы өтті. Облыстың әр ауданынан жиналған білім саласының қызметкерлері өзара пікір алмасып, тәжірибе бөлісті.
«Жайлы мектеп» құрылысы жалғасуда
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын қатысты. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында атқарылған жұмыстарға тоқталған ол, білім беруді дамытудың маңызды аспектілерін атап өтті. Маңызды мәселелерді шешу бағытындағы облыс педагогтерінің басты міндеттеріне тоқталды. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Мемлекет басшысының «Еліміздің жастары өзін жеке тұлға ретінде дамытумен қатар, мемлекеттің озық инновацияларға сай өркендеуіне зор үлес қосуы қажет. Бұл – қазіргі білім және тәрбие беру үдерісінің алдында тұрған маңызды міндет. Отандық білім саласы туған жеріңе, қоршаған ортаңа, өз тарихыңа құрметпен қарауға тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуі тиіс» дегенін тілге тиек етті.
– Президент педагог мәртебесіне үлкен көңіл бөледі. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады. Саналы азамат қалыптастыру – өте өзекті мәселе әрі мемлекет дамуындағы ең басым бағыт. Қай салада жүрсек те, мойнымызда үлкен жауапкершілік тұр. Мықты азаматтар тәрбиелеуде ұстаздар еңбегі зор. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген сөз тегін емес. Биыл облыс көлемінде білім саласына 240 мың миллиард теңге бөлініп отыр. 23 мектеп күрделі жөндеуден, 100-ден астам мектеп ағымдағы жөндеуден өтті, – деп атап өтті Ерлан Құсайын.
Жиында биылғы білім беру жүйесін дамытудағы міндеттер жайлы облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова баяндады.
– Облыс бойынша «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының аясында 12 500 оқушы орнына арналған 18 мектеп салынады. Сондай-ақ, өткен жылы 115 нысан жөнделді, оның ішінде 13 нысан күрделі жөндеуден, 102 нысан ағымдық жөндеуден өтті. Ағымдағы жылы 59 білім беру ұйымын жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз, оның ішінде 29 нысан күрделі жөндеуден, 30 нысан ағымдық жөндеуден өтетін болады.
Физика, химия, биология, STEM пән кабинеттерімен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы 72 кабинет сатып алынды. Биыл тағы 65 кабинет сатып алу жоспарлануда. Нәтижесінде заманауи кабинеттермен жабдықтау көрсеткіші 80%-ды құрады, – деп атап өтті Гүлбақыт Жүнісова.
Жиынға сондай-ақ, «Өркен» балалардың әл-ауқаты ұлттық ғылыми-практикалық институтының президенті Есенғазы Иманғалиев қатысты.
Ғылыми жаратылыстану бағытындағы көрсеткіштер
Білім саласы мамандары алқалы отырыста біртұтас тәрбие бағдарламасы әсіресе, құндылықтар және оны жүзеге асыру жайлы мәлімдеді. PISA зерттеуінде оқушылардың ғылыми жаратылыстану бағытындағы білімдерін қолдана білу жайлы жан-жақты талқылады.
– Халықаралық зерттеулердің (PISA, PIRLS-2021, ББЖМ) қорытындылары бойынша, өткен жылмен салыстырғанда, біздің балалар жақсы нәтижелер көрсеткенін атап өткен жөн. Барлық қорытындылар бойынша республикалық көрсеткіштерден жоғары. Өткен оқу жылында оқушылардың олимпиадалық командасы республикалық олимпиадада 75 медальді жеңіп алды, 30 оқушы халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Осы жылдан бастап әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан және репетиторлық қызметті пайдалану мүмкіндігі жоқ 7-11 сыныптардың үлгерімі төмен оқушыларының білім сапасын арттыруға бағытталған «Сандық мұғалім» республикалық жобасын іске асыру басталды. Облыс бойынша осы санаттағы 1 418 оқушыны оқыту ұйымдастырылатын болады, – деп атап өтті облыстық білім басқармасының басшысы.
Спикерлер жиында білім беру ұйымдарында тәрбиелік аспектілерге басымдық берді. Білім беру мекемелеріндегі тәрбие жұмысының негізгі мақсаттары мен міндеттері айқындалған бірыңғай тәрбие бағдарламасын іске асыру жұмыстарын талқылады. «Біртұтас тәрбие бағдарламасы: құндылықтар және оны іске асыру» тақырыбында Есенғазы Иманғалиев облыста пилоттық түрде іске асырылатын «Менің бауырым» волонтерлік жобасын ұсынды. Бірыңғай білім беру бағдарламасы аясында құндылықтарға негізделген білім беру аспектісіне тоқталды. «Халықаралық ғылыми ынтымақтастық орталығы» жеке мекемесінің президенті Ләззат Құсайынова. Балалардың ғылыми шығармашылығын қолдау, ғылыми білім мен сауаттылықты арттыру, сондай-ақ, қазақстандық ғылымды шетелде ілгерілетуге көмек көрсету туралы айтты.
– Облыстың білім беру саласында барлық деңгейде өзгерістер байқалады. Мектепке дейінгі білім беруде балаларды ерте жастан дамыту жүйесін құруға, оқытудың баламалы түрлеріне және жекеменшік балабақшаларды кеңейтуге баса назар аударылған. Мектептерде оқытудың деңгейін көтеру, оқытудың жаңа әдістерін табуда басымдық бар, – деп атап өтті Ләззат Құсайынова.
Жиында колледждерде түлектерді жұмысқа орналастыру, дуальді оқытуды дамыту, студенттердің академиялық дербестігін, студенттердің бизнесін ашу мәселесі сөз болды. Балалардың құқықтарын қорғау бойынша «Менің бауырым» волонтерлік жобасының жай күйі талқыланды.
«Менің бауырым» – мүмкіндіктер алаңы
Жиында «Менің бауырым» волонтерлік жобасы бастау алды. Волонтерлік жобаның мақсаты – оқушылардың қолайлы ортада болуын қамтамасыз ету. Жоба аясында балалардың құқықтарын қорғауға жәрдемдесу де назардан тыс қалмайды. Осы орайда Қарағандыдағы Шәкәрім атындағы мектеп-гимназиясында жобаны іске асыруды талқылау бойынша семинар өтті. Білім басқармасы мен «Өркен» балалардың әлауқатын арттырудың ұлттық ғылыми-практикалық институты арасында бірлескен шаралар жоспарына қол қойылды. Кеңеске қалалар мен аудандар білім бөлімдерінің басшылары мен әдіскерлері, жоғары оқу орындарының, колледждердің өкілдері, облыстың жалпы білім беретін мектептерінің директорлары және еріктілер қатысты. Жалпы «Менің бауырым» волонтерлік жобасын жүзеге асыруға оқу орындарынан 390 волонтер қатысты.
– Президент жастарды адал азамат етіп тәрбиелеу, олардың бойына ізгі құндылықтарды сіңіру аса маңызды міндет екендігіне назар аудартты.
Осы мақсатта қолға алынып отырған «Менің бауырым» волонтерлік жобасы облыс жастарына кең мүмкіндіктер ашады. Еріктілер оқушыларға патриоттық және экологиялық тәрбие беріп, рухани-мәдени жобаларға қатыстырады. Кәсіптік бағдар, буллингке қарсы бағдарламалар ұйымдастырады. Сондай-ақ, мектептегі қауіпсіздік, құқық бұзушылықтың алдын алу, қаржылық, оқырмандық және цифрлық сауаттылықты үйретеді. Бұқаралық спортты және салауатты өмір салтын дамыту жөніндегі жобалар сияқты әлеуметтік тәжірибелерді іске асырады. Осылайша оқушыларды дамуға және шығармашылыққа шабыттандыра алады деп үміттенеміз, – деді Есенғазы Иманғалиев.
«Досбол like» – буллингке қарсы
Жиында биылдан бастап елімізде 2 миллионға жуық оқушы «Досбол like: достық қолын соз» акциясына қосылғаны белгілі болды. Акция барысында 10 000-нан астам іс-шара өткізіліпті. Онда әрбір оқушы өзін, өзінің даралығын, ішкі әлеуетін, шығармашылық қабілетін көрсеткен.
– Акция қорытындысы бойынша республикада балалардың эмоциялық әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген «Досбол like» антибуллингтік бағдарламасы басталады.
Бұл бағдарлама ағымдағы жылдың наурыз айында пилоттық режимде басталады. Сәтті апробациядан өткеннен кейін «Досбол like» бағдарламасын бүкіл ел аумағында кеңейту жоспарлануда. Аталған бағдарлама қауіпсіз оқу ортасын құру үшін маңызды қадам, онда әрбір бала өзін қорғалған сезініп, өсіп-өркендей алады», – деп атап өтті Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Бағдарлама студенттердің жанжалдарға сындарлы жауап беру дағдыларын қалыптастыруға, балалардың әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын дамытуға, тұлғааралық және топаралық қатынастарды оңтайландыруға, балалардың субъективті әл-ауқатының деңгейін арттыруға бағытталған.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz