Жаңалықтар

Ұлттық құрылтай: қоғам мен мемлекеттің даму стратегиясы

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы баяндамалары азаматтық қоғам, саяси және қоғамдық институттар тарапынан Қазақстан халқына Жолдаулары сияқты маңызды әрі күтілетін оқиғаларға айналды. Себебі олар қоғам мен мемлекеттің даму стратегиясына ықпал етеді.

Сурет автордың жеке мұрағатынан

Мемлекет басшысы көтерген негізгі мәселелер әйелдер, балалар, жастардың құқықтарын, тәрбиелеу, өмір салтын қалыптастыру, жеке тұлғаны дамыту мәселелерін қамтыды. Бұл мәселелер олардың белсенді қатысуын талап етеді және оларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдардың, құқық қорғаушылардың, қоғамдық институттардың жүйелі жұмысы қажет. Атап айтар болсақ:

  1. Интернеттегі, қайырымдылық саласындағы алаяқтық, сондай-ақ жалған коучтар мен психологтардың әрекеттерінің жастар мен әйелдерге тигізетін кері әсері қоғамды алаңдатады. Себебі, бұл тек материалдық шығынға ғана емес, тұтас тұлғаның қалыптасуына да қауіп төндіреді. Жастардың шынайы жанашырлық пен мейірімділікке деген ұмтылысы әлсірейді.
  2. Кинотеатрға бару – балалар мен жастар үшін кең таралған демалыс түрі. Сондықтан кино мен анимацияның ақпаратты беру мен қабылдаудағы тиімді құрал ретіндегі рөлін елемеуге болмайды. Сапалы контент жасау – тәрбиелік, білім беру және идеологиялық тұрғыдан стратегиялық маңызы бар мәселе.
  3. Гуманизм қағидаттарын сақтау мақсатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарына әйелдер колонияларындағы, әсіресе жүкті және кәмелетке толмаған балалары бар әйелдердің жағдайын зерттеп, тиісті ұсыныстар енгізу туралы тапсырма берді. Бұл мәселені Ұлттық комиссияның мүшесі, адвокат Айман Омарова көтерді.
  4. «Қазақстан балалары» бағдарламасын әзірлеу. Есірткіге тәуелділік пен есірткі бизнесіне қарсы күрес, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау және жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу жөніндегі жаңа кешенді жоспарларды қабылдау қажет. Заңнамалық өзгерістер енгізіліп, балаларға психологиялық қолдау көрсету орталықтары ашылғанына қарамастан, тұрмыстық зорлық-зомбылық, деструктивті діни ағымдардың жағымсыз әсері әлі де бар. Бағдарлама бұл мәселелерді шешуге, білім мен тәрбиенің біртұтас үдеріс ретінде интеграциялануына ықпал етеді.
  5. Елдегі барлық мемлекеттік білім беру мекемелерінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын енгізу. Болашақта бұл құжатты жекеменшік мектептер де басшылыққа алуы тиіс. Жоба мақсаты – «Адал азамат» тұжырымдамасына сәйкес, отансүйгіш, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу.
  6. Ұлттық киім киюді насихаттау мен қолдау. Бұл ұлттық бірегейлікті айқындайтын және мәдениетімізге жат, денені толықтай жабатын қара түсті киімдерді кию үрдісіне қарсы тұрудың бір әдісі ретінде пайдаланылуы тиіс.
  7. Театрлардың дамуы және Абай мұрасын дәріптеу. Әйелдер, балалар мен жастар театрға бару, үйірмелерге қатысу, шығармаларды мәнерлеп оқу арқылы осы үрдіске белсенді түрде тартылуы керек.
  8. Қазақ тілін дамыту мен ілгерілетуге әйелдер мен жастарды белсенді түрде жұмылдыру қажет. Аналар балаларына тілге деген сүйіспеншілікті сіңірсе, жастар мен балалар оны меңгеруді басымдық ретінде қарастыруы қажет.
  9. «Таза Қазақстан» акциясына балалар мен жастарды қатыстыру – туған жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастырудың және тазалық пен тәртіпке жауапкершілікпен қарау дағдысын сіңірудің бір жолы.
  10. Әрбір облыс орталығында ерекше балаларға, соның ішінде аутизм диагнозы бар балаларға арналған оңалту және дамыту орталықтарын құруды жандандыру. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға кешенді қолдау көрсетуді реттейтін жаңа заң әзірлеу керек.
  11. Жастарға жаңа мүмкіндіктер жасау, кәсіби бағдарлауды күшейту, техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту. Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру үшін қажетті жағдайлар жасау.
  12. Екі жыл ішінде балаларға арналған футбол алаңдарын ашу. Балалар мен жастарды спортқа тарту – есірткіге, құмар ойындарға тәуелділікпен күресудің бір әдісі.
  13. Заң мен тәртіп қағидаттарына құрметпен қарау – жеке және қоғамдық тәртіптің негізі. Бұл бағытта жастар арасында жұмысты күшейту қажет.
  14. Жаңа мектептер мен медицина нысандарын белсенді түрде салуды жалғастыру.

Жоғарыда аталған әрбір мәселе мемлекеттік органдар, қоғамдық қайраткерлер мен институттар үшін басым бағыт болып саналады. Олар ұлттың болашағының әл-ауқатын қамтамасыз етуге, жаңа мағыналар қалыптастыруға және әйелдер, балалар мен жастар үшін кең мүмкіндіктері бар мемлекет құруға арналған.

 

Айжан ҚИЯСОВА,

Қарағанды облысы әкімінің гендерлік теңдік жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі,

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының Қарағанды облысы бойынша орынбасары, аналар кеңесінің төрағасы,

Қарағанды облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық – демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия төрағасының орынбасары, заңгер

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button