Ұлттық құрылтай мемлекеттік шешімдер тоғысқан алаң
Ұлттық құрылтай бүгінде жай ғана кеңесетін орган емес, қоғамдық пікір мен мемлекеттік шешімдердің тоғысатын нақты диалог алаңына айналды. Әрбір құрылтайда азаматтарды алаңдататын өзекті мәселелер көтеріліп келеді. Әлеуметтік саясат, қоғамдық келісім, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру сияқты бағыттар тұрақты түрде талқыланып, нақты ұсыныстар жасалуда. Бұл – құрылтай жұмысының жүйелі әрі нәтижелі екенін көрсетеді.

Биылғы құрылтайдың қаңтар айында, жылдың басында өтуі де кездейсоқ емес деп ойлаймын. Бұл жаңа жылға нақты бағыт-бағдар беріп, елдің қай жолмен дамитынын айқындап алуға мүмкіндік береді. Алдағы кезеңдегі басты міндеттер мен басымдықтар айқындала түсті.
Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңесінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссиясының төрағасы ретінде, құрылтайда көтерілген Халық кеңесінің рөлін күшейту, сондай-ақ бірпалаталы парламент мәселелерін аса маңызды деп санаймын. Бұл бастамалар қоғамның басқару үдерістеріне қатысуын арттырып, шешім қабылдаудағы жауапкершілік пен ашықтықты күшейтеді.
Ең бастысы – азаматтардың өздері де белсенді болуы тиіс. Құрылтайда не айтылып жатқанын білу, талқыланған мәселелерден хабардар болу – әрбір саналы азаматтың міндеті. Өйткені бұл алаңда қабылданатын ойлар мен ұсыныстар елдің ертеңіне тікелей әсер етеді.
Ұлттық құрылтай – халық пен билік арасындағы сенімді нығайтатын маңызды тетік. Оның шешімдері мен бастамалары Қазақстанның орнықты дамуына қызмет етеді деп сенемін.
Жәнібек САДЫҚАНОВ
Қарағанды облысы Қоғамдық кеңесінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссиясының төрағасы



