Ұлттық Құрылтай: ұлы мұратқа ұмтылыс
Қазақстандықтар жыл сайын қоғам өміріндегі екі ауқымды шараны асыға күтетін жағдайға жетті. Бірі – Президентіміздің жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауы болса, екіншісі – Ұлттық Құрылтай отырысы. Екеуінде де еліміздің өткені сараланып, ертеңі салмақталады. Әсіресе, қарапайым халықтың баянды бастамалар мен тың идеялар алаңына айналған Ұлттық Құрылтай отырысынан күтері көп.
Karaganda Buketov University Басқарма Төрағасы-Ректоры, заң ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбековпен сұхбат барысында Ұлттық Құрылтайдың алдағы отырыстарында, сонымен бірге, ғылым мен жоғары білім беру саласында өзі көтеруге ниет еткен бастамалары мен ұсыныстары туралы әңгіме болды.
– Ұлттық Құрылтай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қазақстандық қоғамды біріктіру және диалог мақсатында құрылған бірегей алаң. Нұрлан Орынбасарұлы, Сіз Ұлттық Құрылтайдың мүшесісіз, Қарағанды облысындағы ғылым мен білім саласының өкілі болып табыласыз. Құрылтай отырыстарында қандай бастамалар көтеріп, ұсыныстар жасайсыз?
– Ұлттық Құрылтай отырыстарындағы басым бағыттардың бірі – ғылым мен білім беруді дамыту мәселелері. Құрылтай шеңберінде біз жұмыс органымен өзара тұрақты іс-қимыл жасасып отырмыз. Бұл бізге білім беру және ғылыми зерттеулер жүйесін жақсартуға бағытталған күш-жігерімізді тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді.
– Нұрлан Орынбасарұлы, алдағы Құрылтай отырысында талқылау үшін қандай мәселелер мен бастамаларды басым орында деп санайсыз?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық домбыра күніне арналған салтанатты іс-шарада: «Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз болуға тиіс», – деп атап көрсетті. Біздің мәдениетіміз бен руханиятымыздың алтын діңгегі болып саналатын қазақтың күй өнері жөніндегі маңызды бір мәселе бар. Қазақ халқының күй өнері екі үлкен мектепке бөлінетіндігі белгілі. Дәстүрлі аспаптық музыканың асқар шыңы қасиетті өнеріміздің басында тұрған төкпе күй мектебінің атасы Құрманғазы мен шертпе күй өнерінің негіздеушісі Тәттімбет – еліміздің әлемдік өркениетке қосқан есімдері, ұлт мақтаныштары. Төкпе күй өнері Батыс Қазақстан мен Маңғыстау аймағында, шертпе күй өнері Арқа, Алтай-Тарбағатай, Қаратау, Жетісу өңірінде қалыптасқан. Күй атасы, композитор Құрманғазы мен оның шәкірттері орындаған төкпе күй өнері бүгінде ұлттық өнеріміздің шыңына айналды. Құрманғазы атындағы Мемлекеттік оркестрінің орындауындағы төкпе күйлер халқымыздың рухын көтеріп, тарихи жадысын шыңдап келеді.
Биыл – ұлы композитор, шертпе күй өнерінің атасы Тәттімбет Қазанғапұлының 210 жылдығы. Осы орайда Күй күмбезінің ұлы есімін қайта жаңғырту арқылы, ұлттық руханиятымыз бен құндылықтарымызды сақтауға, зерделеуге жол ашады. Мәңгілік мұрамыз күй өнерін дәріптеу, насихаттау және ұрпақ тәрбиесінде кеңінен қолданудан біздің ұтарымыз мол болмақ. Менің ойымша, биылғы мерекелі жылы, еліміздің бас қаласы Астанадағы өнер, мәдениет саласы мамандарын даярлайтын оқу орындарының біріне халқымыздың біртуар тұлғасы, композитор Тәттімбет Қазанғапұлының есімін берсе құба-құп болар еді. Алматыда – Құрманғазы, Астанада – Тәттімбет, домбыраның қос ішегіндей – төкпе күй мен шертпе күй шебер сабақтасып, жақсы жарасым табар еді.
– Жалпы Сіздің беделді заңгер ретінде цифрлық әділеттілікті дамыту жөніндегі ұсыныстарыңыз сот саласындағы реформалардың ілгері жылжуына оң ықпалын тигізеді деген сенімдеміз. Осы тұрғыдан алғанда, цифрлық технологияларды сот төрелігіне біріктіру азаматтар мен сот жүйесі арасындағы өзара іс жүргізу іс-қимылына қаншалықты оң әсерін тигізеді деп ойлайсыз?
– Мен заңгер ретінде көтергім келетін екінші мәселе – цифрлық әділеттілікті дамыту. Цифрлық сот төрелігінің белсенді дамуы байқалады, онда сот қызметін цифрландыру процестері сот процестерін электрондық басқаруға ықпал етеді, бұл сот ісін жүргізудің тиімділігін арттыруға бағытталған жұмыстың инновациялық әдістерін енгізуді қамтиды. Алайда, ел халқы үшін сот төрелігінің қолжетімділігін одан әрі жақсарту үшін жасанды интеллект құралдарын пайдалануды жандандыру қажеттілігі туындайды, бұл азаматтар үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал ететін болады. Мәселен, 2014 жылдан бастап Қазақстанда «Сот кабинеті» жүйесі жұмыс істейді, ол сот органдарының электрондық сервистеріне қол жеткізудің бірыңғай «терезесі» болып табылады, бұл халыққа интернет арқылы қашықтық режимінде соттарға жүгінуге мүмкіндік береді. Цифрлық технологияларды сот төрелігіне біріктіру азаматтар мен сот жүйесі арасындағы өзара іс жүргізу іс-қимылын жеңілдетіп қоймайды, сонымен қатар, құқықтық информатика саласындағы ғылыми зерттеулерге жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұдан бөлек, Қазақстанда «Е-татуласу», «Онлайн-әңгіме», «Сот істерін іздеу», «Өтініштердің онлайн-конструкторы» және «Сот актілерінің банкі» сияқты түрлі электрондық сервистер табысты жұмыс істеуде. «Төрелік» жүйесі сот процесінің қолжетімділігі мен ашықтығын жақсартуда да маңызды рөл атқарады. «Е-қылмыстық іс» жобасы аясында барлық қылмыстық істердің 74%-ы ендігі уақытта соттарға электрондық форматта келіп түсуде. Мұның бәрі цифрлық технологияларды қылмыстық сот ісін жүргізуге интеграциялаудың айтарлықтай ілгерілеуін көрсетеді, бұл өз кезегінде сот органдарының жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, қылмыстық істерді жедел және тиімді шешуге ықпал етеді. Қол жеткізілген табыстарға қарамастан, келесі проблемаларды бөліп айтар едім, мысалы: жасанды интеллектті қолдану арқылы халықтың құқықтық көмек алуға қолжетімділігінің болмауы; қолданыстағы цифрлық сервистер негізінен заң қызметтерін көрсететін мемлекеттік органдар мен мекемелердің пайдалануына арналған; халыққа уақытылы алынатын заң көмегінің болмауы есебінен елдегі сот істерінің ұлғаюы, осыған байланысты қоғамдағы жанжалдың өсуі. Осы тұрғыда істің кезеңдік сатылары туралы ақпарат беру, сот практикасын зерделеу, сондай-ақ оны қазақ және орыс тілдерінде жалпылау жолымен халыққа сот талқылауына дайындалуға көмектесуді қамтамасыз ететін сот істеріне дайындық бойынша автоматтандырылған жүйе құруды; қазақ және орыс тілдеріндегі жасанды интеллект және деректерді талдау құралдарын пайдалана отырып, халықтың сот шығындарын қаржыландыруды қамтамасыз етуге арналған сот процестерін қаржыландыру бойынша цифрлық сервис құруды; қазақ және орыс тілдерінде практикалық қолдану ерекшелігін ескере отырып, мәтіндік сұрау салу негізінде жасанды интеллектті пайдалана отырып сот құжаттарының конструкторын әзірлеуді; ҚР Сот әкімшілігімен, ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетімен, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен, ҚР Әділет министрлігімен ынтымақтастық орнатып, Меморандумдар жасасуды ұсынамын.
– Сіз ғылым мен жоғары білім беру саласында қандай ұсыныстар енгізуді жоспарлап отырсыз?
– Мен мұнда бірнеше проблемалық аспектілерді бөліп айтар едім. Біріншіден, бүгінде Қазақстан қарқынды демографиялық өсуді бастан кешуде. 2024 жылы мектеп түлектерінің саны шамамен 190 000 адамды құрады. Ағымдағы жылы бұл көрсеткіштің одан әрі артуы күтілуде. Түлектердің басым көпшілігі ҰБТ тапсырып, жоғары оқу орындарына түсуді жоспарлап отыр. Демографиялық өсімнің айқын позитивті жақтарына қарамастан, баспанаға мұқтаж басқа қалалық студенттер санының үнемі өсіп отыратындығына байланысты белгілі бір тәуекелдер де бар. Сонымен қатар, студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету білім беру қызметтерін сапалы ұсынудың ажырамас бөлігі болып табылады. Астананың жоғары білім беру мекемелері дәстүрлі түрде Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген мектеп түлектері үшін тартымды орын болып табылады. Сондықтан Астана жатақханаларындағы төсек- орындардың жетіспеушілігі жылдан-жылға өзектілігін сақтап отыр. Астана өңіріндегі жатақханаларда орын тапшылығы мәселесі толық шешілген жоқ. Демографиялық өсімге байланысты 2025 жылы мектеп түлектерінің саны күрт өсетінін, сондай-ақ, жаңа жатақханалар салу үшін бос жер учаскелерінің тапшылығын ескере отырып, Астананың жоғары оқу орындарында басқа қалалық студенттер үшін төсек-орындардың тапшылығы ұлғаятын болады. Менің ойымша, бұл мәселені шешудің бір жолы еліміздің орталық өңірлерінің бірінде, мысалы, Қарағанды облысында академиялық қалашықтар салу болмақ, бұл астаналық жоғары оқу орындардың жүгін жеңілдетуге көмектеседі. Мұндай жоба Алматы облысының жоғары оқу орындарының студенттері үшін дамыған инфрақұрылымы бар кампустар салынатын Қонаев қаласында басталды.
Мен көтеруді жоспарлап отырған білім беру саласындағы екінші мәселе, бұл шекаралас мемлекеттердегі қазақстандық университеттер филиалдарының санын ұлғайту және Орталық Азиядағы білім беру орталығы ретінде Қазақстан Республикасының тартымдылығын арттыру. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды қоса алғанда, басқа елдермен байланысты белсенді дамытуда. Мұндай практика жоғары білім беру жүйесін интернационалдандыру және жаһандандыру, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының халықаралық білім беру аренасында өз позицияларын нығайтуға ұмтылысы аясында барған сайын танымал бола түсуде. Алайда, шетелде ашылған қазақстандық университеттер филиалдарының саны жеткіліксіз, бұл қазақстандық жоғары білім беруді халықаралық тұрғыда таныту деңгейін арттыруға кедергі болып отыр. Шекаралас мемлекеттерде қарқынды демографиялық өсім бар екенін ескеру қажет, бұл өз кезегінде сапалы білім алуға сұраныстың артуына әкеледі.
Тағы бір маңызды мәселе – отандық жоғары оқу орындарының жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда республиканың жоғары оқу орындарының көпшілігінде КСРО кезінен қалған оқу корпустары мен басқа да инфрақұрылым нысандары бар. Шындығында, білім берудің шекарасы жоқ, оны әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында қашықтықтан алуға болады. Университетке оқуға түсе отырып, студенттер оқу ортасын таңдайды, ал егер біз олардың ең үздіктері бізде қалып, оқығанын қаласақ, онда олар үшін әлемдік стандарттар деңгейінде қолайлы жағдай жасау керек. Оқу және зертханалық корпустарды (GLP халықаралық стандарттары бойынша), студенттердің бос уақытын өткізу орталықтарын, спорт ғимараттарын және т.б. салуды және реконструкциялауды қоса алғанда, университеттердің қазіргі заманғы материалдық-техникалық базасын қалыптастыру стратегиялық бастама болуы тиіс.
– Жоғары білім беру саласындағы өзекті мәселенің бірі – докторантураға түсу барысындағы күрделі процестерді заманның талабы мен ағымына ыңғайлы етіп жеңілдету турасындағы ой-пікіріңізді білсек…
– Иә, жоғары білім беру саласындағы шешімін таппай келе жатқан тағы бір мәселе ретінде докторантураға түсу кезіндегі көптеген формалды талаптар мен рәсімдерді атауға болады. Қазіргі жағдайда докторантураға түсу көптеген формалды талаптармен және рәсімдермен байланысты күрделі процеске айналды, бұл үнемі аса қабілетті және ынталы кандидаттарды анықтауға ықпал ете бермейді. Осыған байланысты академиялық еркіндік қағидаттары шеңберінде докторанттарды іріктеу процесін университеттердің қарамағына беру ұсынылады. Мұндай қадам университеттерге өздерінің бірегей білім беру және ғылыми басымдықтарына сүйене отырып, іріктеу критерийлері мен тетіктерін дербес анықтауға мүмкіндік береді. Тиімді мысал ретінде батыстық университеттердің тәжірибесін айтуға болады, онда докторантураға түсу профессор-оқытушылар құрамы бағалайтын зерттеу ұсынысын (research proposal) дайындауға және қорғауға негізделген. Әрбір профессор немесе ғылыми жетекші кандидаттарды өздерінің ғылыми қызығушылықтары мен жобаларының ғылыми жұмыстың міндеттеріне сәйкестігі негізінде дербес таңдайды. Мұндай тетік жеке білім беру траекторияларын құруға, докторанттарды зерттеу процесіне тереңірек тартуға ықпал етеді, сондай-ақ университеттердің ғылыми дайындық сапасы үшін жауапкершілігін қалыптастырады. Қазақстанда бұл тәсілді іске асыру докторантураға түсу рәсімін жеңілдетіп қана қоймай, процесті неғұрлым икемді ету арқылы ғылым қажеттіліктеріне бағдарлай және үздік әлемдік тәжірибелерге сәйкестендіре отырып, оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
– Нұрлан Орынбасарұлы, уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет. Сіздің ұсыныстарыңыз бен идеяларыңыз біздің қоғамның оң өзгерістерге және дамуға деген ұмтылысын көрсетеді.
Сұхбаттасқан Қайрат ӘБІЛДА