Ұлттық құрылтай: балалардың болашағына бағытталған маңызды шешімдер
Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқықтарын қорғау, олардың білім мен тәрбиесіне басымдық беру, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау мәселелерін қозғап, нақты тапсырмалар берді. Мемлекет басшысы әр облыста ерекше балаларға арналған оңалту орталықтарын ашуды, оларды заңнамалық деңгейде қолдау тетіктерін реттеуді тапсырды.

Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының балаларға қатысты берген тапсырмаларына тоқталып өтейін:
– Президент мүгедектігі бар балаларын оңалту үшін ата-аналардың Астанамен екі ортада жүргенін, ұлттық орталыққа қаралу үшін кезек күтуге мәжбүр екенін баяндады. Мемлекет басшысы «Ерекше қажеттілігі бар, сондай ақ аутизмге шалдыққан балаларды оңалту, дамыту орталығы әр облыста ашылсын. Екі жылдың ішінде салынсын, есеп бересіздер», – деді әкімдерге.
– «Жыл соңына дейін ерекше балаларды қолдауға арналған заң әзірленсін», – деді Президент. Баласын емдету үшін халықтан жылу жинап кеткен отбасы көп. Заңмен жүйеленіп, емдеу, оңалту тетіктері реттелетін болды.
– Биыл балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу жоспарының мерзімі аяқталады. Осыған орай, Президент «Қазақстан балалары» атты ұлттық бағдарлама құруды тапсырды.
– Біз мектептегі білімге баса мән беріп, тәрбиені уыстан шығарып алдық. Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайдың нәтижесінде мектептер үшін «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жасалған еді. Кеше Президент бұл құжатты еліміздегі барлық білім ошағына енгізуді тапсырды. Жекеменшік мектептер де басшылыққа алсын деді. Мемлекет басшысы бұл бағдарламаны «Адал азамат» деп атауды ұсынды.
– Президент темір торға балаларымен бірге түскен әйелдердің жазасын жеңілдету қажет деді. «Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінің мақсаты сотталған азаматтарды жазалау емес, түзету болуы керек», – деді Президент. Ата-анасы кінәлі болса да, балалар түрмеде өспеуі қажет. Кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерді қылмыстық жауапқа тарту тәртібін қайта қарауды тапсырды.
– «Әр ауданда футбол алаңқайлары салынады. Әлемдік спорт түрі барлығына қолжетімді болуы қажет», – деді Президент.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
«Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының директоры,
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Ұлттық Құрылтай мүшесі,
«Talbesyk» көпбалалы аналар Одағы» қоғамдық бірлестігінің басшысы