Бас тақырыпБасты тақырыпРуханият

Қарағандыға күйшілер үйі керек

Күйшілер одағының облыстағы филиалының төрағасы Болат Тәкішев мырза «Қарағандыға күйшілер үйі керек» дейді. Бұл – атүсті қарай салатын және көтерілген көп мәселенің арасында көміліп қалатын мәселе емес. Себебі, орталық құрылса, тұтас ұлттың болмысын сақтауға, кодын жаңғыртуға сеп болмақ. Өшкеніміз – жанады, жоғалтқанымыз – табылады. Рухымыз өз тұғырына шығады.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Орталықтың құрылуына ең бас­ты себептердің бірі – Арқа то­пырағында ұлы қазақ күйінің Тә­ңірқұты* Тәттімбеттің дүние­ге келуі. Тәттімбет – Алаштың ұлы­лығын сөзбен емес, тылсым әуенмен бойыңызға дарытатын ұлы күйдің жаратушысы (шертпе күйдің атасы емес). Абайдың (Құнанбайұлы) заманында «Күй Тәңірі Тәттімбет» деп айтылған. Бұл – халықтың берген бағасы.

Тәттімбет жаққан алауын үрлеген берідегі Тоқа, Сүгір, Итаяқ, Қыздарбек, Әбди, Сембек, Мақаш, Баубек, Әбікен Хасенұлы, Бегімсал Орынбекұлы, Дәулетбек Сәдуақасұлы, Орал Исатайұлы сияқты көптеген күйшілер бар. Жаңа ғасырдың төрінде де дарындар жетерлік. Оның үстіне, күйдің тілін, құдіретін түсінген Алаш жұрты үшін Арқа күй мектебінің тұғыры биік. Шеріңді қозғайтын шертпе күйін іздейді.

Күй орталығы ашылса, санасына Жаратқанның сәулесі түскен әр қазақ Қарағандыға ағылмақ. Күй орталығы ашылса, тұтас Қазақстан Қарағандыға алғыс айтпақ. Өкінішке қарай, бұл күнде күйді қатардағы өнердің бірі деп қабылдап жүрміз. Ұлттық домбыра күнін де қатардағы мереке көреміз. Алаулатып, жалаулатып шараларды лег-легімен өткізіп, мәз-мейрам болып жатамыз. Ал, күйде байтақ даланың фольклоры жатыр. Қазақтың ұлылығын сөзді көпіртіп, оның тарихымен ғана байланыстырамыз. Ұлылығымыздың дәлелі – күйде. Шыңғыс ханға Жошының өлімін естірткен «Ақсақ құлан» күйі сияқты арғы-бергі дәуірлердегі ұлысымыздың басынан кешкен тарихи оқиғаларды да осы күй өнері баяндайды.

2016 жылы «Теміржолшылар» мәдениет үйінде Қарағанды облыс­тық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен «Күй керуен» орталығы ашылған еді. Орталықтың ашылуына ұйытқы болған – күй өнерінің жоқтаушысы Қайролла Сәдуақасов. Өкінішке қарай, Қайролла Сәдуақасов қайтыс болғаннан кейін жабылып қалды.

Көтеріліп отырған мәселеге қатысты бүгінгі күй өнерінің ірі өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Арқа, Қаратау күйлерін насихаттаушы Жанғали Жүзбаев пікір білдірді.

– Сол орталық қайта құрылса деген тілек бар. Орталыққа бірегей музей қажет. Музейде ежелден бүгінге дейін күйшілер шерткен домбыралардың формалары қойылса. Мәселен, Аққыздың домбырасы – өте ежелгі форма. Сосын, күйшілер туралы том-том мәліметтер, мақалалар, кітаптар мен күйлердің фонатикасы жинақталу керек. Фонатика дегеніміз – кітапхана. Күйшілер өнер көрсететін шағын залы да керек. «Арқа күй орталығы» немесе «Тәттімбет орталығы» деп атауға болады. Дастархан басында шай ішіп отырып, күй тыңдайтын бөлме жасақталса, тіпті, керемет! Өйткені бүгінгі жас ұрпақтың күймен сусындауы – зор маңызға ие. Бұл орталық – күйшілердің қарашаңырағына айналса. Қарағандыда орталық ашуға жағдай бар деп ойлаймын, – деді Жанғали Жүзбаев.

Бүгінгі жағдайды бағамдасақ, біз ұлы мұрамызды бағаламай отырғандаймыз. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деп, дана халқымыз бір ауыз сөзбен қайыра салыпты, шіркін! Біле білсеңіз, қазақтың күйі әлемді шарлап кеткен. Мәселен, әлемдік һәм классикалық әдебиеттің, музыканың ұлылары туған Парижде Тәттімбеттің орталығы бар. Сол орталық күй Тәңірқұтының мұрасын Еуропаға насихаттап отыр. Бұған не дейміз? Қарап тұрсаңыз, «Сарыжайлау» күйінің өзі – күй ұраны. «Қазақ даласының әр тарапындағы күйшілік мектепте туған күйлердің біразы Тәттімбеттің күйлерімен үндес», – дейді күй академигі Жанғали Жүзбаев. Тіпті, қырғыз күйлерінің біршамасы бабамыздың туындыларына ұқсас екен.

Көтерілген мәселе шешімін тап­са, тарихи оқиға болатынына кәміл сенеміз. Қарағандының Алаш жұртының алдында мәртебесі өсері анық.

Осы салаға жауапты облыстық мәдениет, архитер және құжаттама басқармасының мамандары Қарағандыда мәдениет ошақтарына лайықты ғимарат табу қиынға соғатынын айтты.

Орталық ашылса, бұл шаһарға жаһанның түпкір-түпкірінен музыка зерттеушілері ағылады. Сөйтіп, Қарағанды «Кеншілер шаһары» ғана атанып қоймай, «Шертпе күй шаһары» атануы да әбден ықтимал.

* Тәңірқұты – «жаратушы» деген мағы­наны білдіреді. Өте көне сөз.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button