Бас тақырып

Ұлттық қор – ұрпақ игілігіне: балалардың шотына қаржы түсе бастайды

2024 жылдың 1 қаңтарынан «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы күшіне енеді. Ал, ақпаннан бастап, кәмелетке толған қазақстандықтар кейінгі бір жыл үшін алғашқы төлемді ала бастайды. Аталған жоба бойынша еліміздің Ұлттық қорының жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнайы жинақтау шоттарына олар 18 жасқа толғанға дейін аударылып отырады. Жиналған қаржыны мерзімінен бұрын алуға болмайды. Бірақ, кейін тұрғын үй жағдайын жақсартуға және білім алуға пайдалануы мүмкін. Бағдарлама өткен жылдың қыркүйегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әр отбасы елдің ұлттық байлығынан өз үлесін алуы керек екенін айтқаннан кейін қолға алынған болатын. Ал, 2023 жылғы 16 қарашада жоба заңнамалық түрде бекіді. Қаржы Ұлттық қорда теңгемен емес, АҚШ долларымен сақталады.

Коллажды жасаған М.Әйнекова

Қордың табысы қалай есептеледі?

Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, бала туғаннан 18 жасқа толғанға дейін оның шотына белгілі бір сомадағы қаржы аударылып отырады. Ал, қанша аударылатыны Ұлттық қордың инвестициялық табысына байланысты. Төраға орынбасары бұл сома шамамен 3000-3500 АҚШ доллары көлемінде болады дейді. Яғни, орта есеппен бір баланың шотына жылына 150-160 доллар көлемінде ақша аударылады.

Төраға орынбасары 2024 жылдың 1 қаңтарынан кейін дүниеге келген балалар автоматты түрде бағдарлама қатысушысына айналатынын да айтып отыр. Бұл – бұған дейін дүниеге келген, бірақ 18 жасқа толмаған балалар бағдарламаға қатыса алмайды деген емес. Мәселен, 16 жастағы баланың кәмелет жасына жеткенге дейін 3 жыл қатарынан Ұлттық қордың табысынан түсетін инвестициялық кірістен алашағы болады.

Әлия Молдабекова қазақстандық 7 миллионға тарта балаға Ұлттық қордан аударылатын қаржы жеткілікті болуы үшін аталған қордан алынатын шығындар шектелетінін де айтады. Одан бөлек, инвестициялық кірісті ұлғайту да жоспарда. Оған Ұлттық банк тікелей жауапты.

– Жыл сайынғы аударымдарды есептеу үшін Ұлттық қордың соңғы 18 жылдағы орташа инвестициялық кірісі есепке алынады. Заң бойынша қордың қысқа мерзімді табысы қарас­тырылмайды, – деді өз сұхбатында Төраға орынбасары.

 

Баланы тіркеу қажет емес

Бала 18 жасқа толғанға дейін жинақталған қаражат Ұлттық қордың өзінде сақталады. Ал, қаржыны Ұлттық банк түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды. Яғни, ақша жай жатпай, жұмыс істеп тұрады. Одан түскен инвестициялық табыс та балалардың шотына қосымша түсіп тұрмақ.

Бағдарламаға қатысу үшін құжат жинап, болмаса, баланы тіркеу керек емес. Ол мемлекеттік органдардың дерекқорында бұрыннан бар ақпарат бойынша автоматты түрде қалыптасады.

Бірақ, ата-аналар балаларының бағдарламаға кіргенін eGov.kz «Электрондық үкімет» порталында тексере алады. Ол үшін баланың жеке сәйкестендіру номерін теру жеткілікті. Сондай-ақ, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры сайтынан да білуге болады. Ал, 18 жасқа толғандар келер жылдың ақпанынан соңғы бір жылғы, яғни, 2023 жыл үшін ақшаларын алу үшін электронды платформа арқылы тапсырыс қалдырады.

 

Азаматтық болмаса, ақша да жоқ

Жобаға тек Қазақстан Республикасының азаматтары ғана қатысатынын айту керек. Мәселен, бала осы елде дүниеге келіп, 18 жасқа толғанға дейін азаматтығын өзгертсе, онда төлем алмайды. Ал, бірақ, өзге елде тұрғанымен, азаматтығы сақталса, Ұлттық қор қаржысы оған да тиесілі.

Заң бойынша қордағы ақшаға ешқандай салық салынбайды. Ал, 18 жасқа толған бала шотындағы қаражатты қайда жұмсауды өзі шешеді. Кәмелет жасына толған бала 10 жыл бойы жиналған ақшасын алмаса, онда оның өзінің зейнетақы шотына аударылады. Яғни, қалай болғанда да ақша ешқайда кетпейді.

Тағы бір айта кетерлігі, азаматтық заңнамаға сәйкес, жинақталған қаражатты мұрагерлік бойынша алуға да болады. Мәселен, бала кәмелет жасына жетпей қайтыс болса, Ұлттық қордағы ақшаны ресми мұрагері алады. Бала жетімдер үйінде тәрбиеленсе де, ақша оның мұрагеріне тиесілі.

Ал, бала әрекетке қабілетсіз болса, ата-анасы заңда белгіленген тәртіп бойынша ақшаны пайдалана алуы мүмкін. Бұл әлі нақты қабылдана қоймаса да, жоспарда бар.

Балалардың арнайы жинақтаушы шоттарының операторы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button