Ұлттық қордан балаға бөлінетін ақшаны туыстары ала ала ма?

Бала 18 жасқа толғанға дейін қайтыс болған жағдайда Ұлттық қордың табысынан аударылған жинағы ата-анасына беріледі не бауырлары арасында бөлінеді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ortalyq.kz Kazinform сайтына сілтеме жасап.

Сурет: Ашық дереккөз

Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдері министрден: «Егер бала 18 жасқа толғанға дейін қаза тапса, онда оның қаражаты ата-анасына не бауырларына мұраға беріле ме?» деп сұраған еді.

Министрдің атап өтуінше, бастапқыда мұндай жағдайда жинақталған қаражатты Ұлттық қорда қалдыру жоспарланған.

– Бастапқыда біз әзірлеген тұжырымдамада қаражатты Ұлттық қорға қайтару туралы норма болған еді. Дегенмен кейіннен біз ақша ата-анасында қалады немесе өзге балаларының арасында бөлінеді деп шештік, – деді Әлібек Қуантыров.

Сонымен қатар ол Ұлттық қорда жинақталатын қаржыны бала 18 жасқа толғаннан кейін қалай пайдалана алатынын айтты.

– Бұл баланың ақшасы және ол кәмелеттік жасқа толғаннан кейін оны үй жағдайын жақсартуға немесе білім алуға жұмсай алады, – деді министр.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.