«Ұлттық қор – балаларға»: 1 ақпаннан бастап жинақтау шоттары ашылады
15 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша ақша алатын балалардың тізімі жасалады, деп хабарлайды ortalyq.kz БЖЗҚ сайтына сілтеме жасап.
“Ұлттық қор – балаларға” сайтында былай делінген:
– Қазақстанның азаматы саналатын барлық балаларға жыл сайын Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық табысының 50% есептелетін болады. Бұл ретте табыс есепті жылдың алдындағы он сегіз жыл бойынша орташаланады. Есепті жылы барлық балалар қаржыны бірдей мөлшерде алады, – делінген хабарламада.
Бұл шара қатысты жұмыстар бірнеше кезеңге бөлінген. Бірінші кезекте БЖЗҚ ҚР Ұлттық қорының инвестициялық кірісі бойынша ақпарат жинау.
Ал екінші кезең 15 қаңтардан басталады. Яғни бұл кезеңде БЖЗҚ 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорынан алынған мәліметтер негізінде нысаналы талаптарға қатысушылардың электрондық тізімін қалыптастырады
Үшінші кезең 2024 жылғы 1 ақпанына дейін белгіленген. Бұл уақытқа дейін БЖЗҚ 2023 есепті жыл бойынша әрбір балаға есептеуге қойылатын нысаналы талаптардың сомасын есептеп шығарып, оны ақпараттық жүйеге енгізеді.
Ал төртінші кезең 2024 жылғы 1 ақпанынан басталады. БЖЗҚ 2024 жылы 18 жасқа толған және толатын мақсатты жинақтарды алушылар үшін нысаналы жинақ шоттарын ашады.
Бұдан бөлек, балаларға есепті жылға дейінгі жылдары есептелген сомалар Ұлттық қор активтерінің құрамында инвестициялануды жалғастыра береді. Нәтижесінде оларға қосымша инвестициялық кіріс есептелетін болады.
– Балалар 18 жасқа толғанға дейін нысаналы талаптар мерзімінен бұрын алу құқығынсыз есептелетін болады. Балалар 18 жасқа толған жылы нысаналы талаптар нысаналы жинақтау шотына есептелетін болады және 18 жасқа толғаннан кейін кәмелетке толған тұлғалар жинақтарды екі мақсатқа – тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және (немесе) білім алуға ақы төлеуге пайдалану құқығына ие болады. Нысаналы талаптарға қатысушы немесе БЖЗҚ-да нысаналы жинақтары бар нысаналы жинақтарды алушы қайтыс болған жағдайда, бұл нысаналы жинақтар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылатын болады,- делінген БЖЗҚ сайтында.
Ата-аналар баласының атына арнайы шот ашу үшін не істеуі керек?
БЖЗҚ баланың атына шот автоматты түрде ашылатынын мәлімдейді. Сондықтан ата-аналарды алаяқтар мен делдалдарға алданып қалмауға шақырады. Ата-аналардан сұралытыны – баланың жеке басын куәландыратын құжаты болуы керек. Оның ішінде жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) болуы міндетті. Егер бұл қандай да бір себептермен әлі жасалмаған болса Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінуі тиіс.
Сонымен бірге egov порталы немесе eGovmobile қосымшасы арқылы деректемелердің бар-жоғын және олардың дұрыстығын тексеру керек. Қажетті деректер – кәмелетке толмаған тұлғаның тегі аты әкесінің аты, туған күні, ЖСН, азаматтығы.
Бұл мәліметтерді ата-аналар «электрондық үкімет» веб-порталындағы Жеке кабинетінен «Балалар туралы мәліметтер» бөлімінен тексере алады.
Егер балада азаматтығы болмаса немесе азаматтығы анықталмаған немесе дұрыс көрсетілмеген болса, тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне жүгінуі қажет.
2024 жылы 18-ге толатын 200 мыңнан астам азамат ақша шығарып ала алады. Қазіргі таңда келер жылы қаражатын шешіп ала алатын азаматтар жайлы деректер қаралып жатыр.
Болжам бойынша, 2024 жылы 18 жасқа толған балалар бағдарлама бойынша шамамен 160 мың долларала алады деп бұрын хабарланған болатын. 2023 жылы туылғандар кәмелеттік жасқа толған соң шамамен 3,5-4 мың доллар алады.
Қорға жиналған қаржыны не білім алу, не баспана алуға бағытталған нақты 2 мақсатта пайдалануға болады. Бір айта кетерлігі жиналған қаражатты шетелдегі оқу ақысына төлеуге болады. Бала 18-ге толған соң жиналған ақшаны алмаса, онда ол 10 жыл шотта сақталады. Осы уақыт ішінде алмаса, сол адамның зейнетақы шотына аударылады. Ал азаматтығын ауыстырса, бұл ақшаны ала алмайды. Бұл төлемдер салықтан босатылады.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА