АймақШет

Ұлттық ойынның шеберлері

Қазақ халқының ертеден келе жатқан ұлттық спортының бірі – тоғызқұмалақ. Зерттеушілердің пайымдауынша, бұл ойынның пайда болуы шамамен 4 мың жылдық кезеңді қамтиды. Адамдардың ой-өрісін дамытуға, шынықтыруға, оларды тапқыр­лыққа, ұстамдылыққа, ұқыптылыққа баулитын құралдардың қатарына қазақтың ұлттық ойыны – тоғызқұмалақ зияткерлік ойыны саналатындығын ғалымдар әлдеқашан дәлелдеп қойған.

Суреттер автордан

Ұлтымыздың осы көне ойыны Ақадыр кентінде дамып, жақсы жолға қойылған. Оған ең алдымен себепкер болған байыр­ғы кент тұрғындары Балтабай Қасқырбаев, Төрехан Майбас, Елеусіз Сүлейменов деп нық сеніммен айтуға болады. Бүгінгі таңда облыс бойынша іздеп таба алмайтын екі бірдей халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, Қазақстан Республикасы құрама командасының мүшелері кентімізде тұрып жатқаны айдан анық. Ал енді, олардан бөлек облыстық, республикалық бәсекелерде жеңімпаз, жүлдегерлер болғаны қаншама. Соңдарына осыншама шәкірттерін қалдыр­ған аға буынға мың алғыс!

Әлем, Азия, республикалық жарыстарда алдына жан салмай жүрген ағалы-қарындас Асылхан мен Аңсаған Қожанәсіптің спорттың осы түрімен айналысқанына он бес жылдың шамасы болыпты.

Қазақта «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген бір жақсы мақал бар. Осы ұстанымды балалардың ата-анасы Азамат Акишев пен Толқын Битжанова берік ұстау­да. Әрқашан ұл-қыздарының таңдауын, құштарлығын қолдап, күш-жігер беріп, керек жерінде шалғай жерге баруға демеушілігін де көрсетіп, олардың жеңіске жеткен жағдайларында бірге қуанып, жеңілгенде демеу беріп, таптырмас жанкүйер болып келе жатқанына біршама жыл болды. Екі ата-ана да теміржол саласының қызметкерлері болса да, балалары айналысатын тоғызқұмалақ ойыны дегенде ішкен асын жерге қояды.

Ұлтымыздың көне ойынына ең алдымен Асылхан келеді. Ол кезде кенттегі Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің төртінші сынып оқушысы екен. Бірде сабақ үзілісі кезінде жоғарыда аталған Балтабай Оқтемірұлы сыныптарына кіріп келіп, тоғызқұмалақ ойынынан жаттықтырушымын деп балаларға өзін таныстырады. Сөйтсе, ол үйірмесіне жаттығуға келмей жүрген бір оқушыны іздеп келген екен. Сол жерде жиналған балаларға өзімен бірге ала келген тоғызқұмалақ тақтасын ашып, ойынды түсіндіре бастайды. Әрине, бұл ұстаздың оқушылар арасында ойынды насихаттау, үйірмеге келулеріне үгіттеу жұмысы болатын.

Сол күні Асылханның көзі бірден осы ойынға түседі. Қазақтың көне ойынына үлкен қызығушылық, ынтызарлық танытады.

Сонымен Асылханның тоғыз­құмалақ ойынына келуіне сыныптасы мен әкесі себепкер болады. Оның үстіне мектепке дер кезінде келе қалған Балтабай Оқтемірұлы келешекте осы ойынның майталманы болуына зор еңбек сіңіргенін бүгінгі таңда жақсы білеміз.

Төрт ай бойы ойынның қыр-сырын меңгеріп, жаттығулар жасаған Асылхан Азаматұлы облыстық жарысқа барады. Өткен біріншілікте өзінің қатарластарымен ойнап, бірінші орынға қол жеткізеді. Бұл жеңіс жас баланы жігерлендіріп, тоғызқұмалақ ойынына деген сенімін одан сайын артады.

Алғашқы жеңісінен кейін жас ойыншы үлкен жетістіктердің бірінен соң біріне жете береді. 2010 жылы Түркістан қаласында өткен тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасы қауымдастығының кубогі үшін өткен халықаралық жарыстың күміс жүлдегері атанса, мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында өткен республикалық ІV Жазғы спартакиадасында екінші орын алады.

Сонымен бірге Астана қаласында І Жастар құрылтайы шеңберінде өткен республикалық турнирде, Тараз қаласында өткізілген ауыл жасөспірімдерінің ІІ Жазғы ойындарында жеңімпаз болып, алдына жан салмайды.

Жарыстарда шыңдалған то­ғыз­құмалақшы одан әрі ересектер арасында халықаралық турнирлерге, Азия біріншіліктеріне, әлем чемпионаттарына қатыса бастайды. Қырғызстан Республикасының Чолпан-Ата қаласында өткен Ө.Қасманқұловты еске алуға арналған халықаралық турнирінің жеңімпазы болады. Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған VІ әлем чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алса, Түркия елінің Анталья қаласында Еуразия кубогінің жеңімпазы атанады.

Асылхан өзінің спорттық жолында 49 облыстық, республикалық, халықаралық, Азия және әлем біріншіліктеріне, чемпионаттарына қатысып, солардың бәрінде тек жүлделі орындардан көрінген.

Тоғызқұмалақпен айналысып жүргеніне екі жыл өткен соң қарындасы Аңсағанды да осы ойынға баулыған. Екеуі бірге үйірмеге барып, бірге жарыстарға қатысып, бірге биіктерді бағындырып жүр.

Аңсаған Азаматқызының жет­­­кен жетістіктері бір төбе. Ең алғашқы жүлдесін 2011 жылы Қостанай қаласында өткен рес­публикалық жасөспірімдер чемпионатында алады. Бір жылдан соң Астана қаласында 14 жасқа дейінгі қыздар арасында «Тоғыз­құмалақ зияткерлік ойыны қауымдастығы» кубогі үшін өткен республикалық жарыста жеңімпаз атанады. Ақтөбе қаласында өткізілген V Азия чемпионатында бірінші орыннан көрінсе, Франция елінің Канны қаласында өткен Еуразия кубогі үшін жарыс­та да чемпиондық тәжін киеді. Жастар арасында Моңғолия елінде өткен Азия чемпионатында да бірінші орынды ұтып алады.

Тоқетері, Аңсаған Қожанәсіп өзінің спорттағы жолында әлем біріншілігінің қола жүлдегері, Дүниежүзілік көшпенділер ойынының күміс жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы, Азия кубогінің иегері, республикамыздың бірнеше дүркін чемпионы атанған. Жалпы алғанда, жас тоғызқұмалақшымыз 50-ден астам әртүрлі деңгейдегі жарыс­тарға қатысып, тек алдыңғы шептен көрінген екен.

Мектеп бітірген соң екеуінің алдында өмірлік мамандығын таңдау мәселесі тұрды. Аңсаған бірден Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Дене шынықтыру және спорт факультетіне» оқуға түссе, Асылхан сол университеттегі «Автоматтандыру және басқару» факультетін таңдады. Жоғары оқу орнында да тоғызқұмалақ ойынын мектептегідей бірге ұштастырды.

Университетті тәмамдаған соң Асылхан мен Аңсаған туған ауылы Ақадырға оралып, Балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне тоғызқұмалақ ойынынан жаттықтырушылар болып орналасты. Балаларды жаттықтырумен қатар өздері де үлкен жарыс­тарға қатысады.

Жаттықтырушы ретінде Асылхан 30-дан астам баланы өнерге баулиды. Көріп жатқан жемісі де жоқ емес. Бүгінгі күнге тоғызқұмалақ ойынынан 4 спорт шеберлігіне үміткерлерді дайындап үлгерді. Шәкірттері Диас Тас­тимов жасөспірімдер арасында респуб­ликаның екі дүркін чемпионы болса, Жантөре Қанат респуб­ликалық жарыстың жүлдегері.

Ал, Аңсаған болса, ол да спорт мектебінде ағасымен қатар тоғыз­құмалақ ойынына қыз балаларды баулып жүр.

Жаттықтырушылық жұмысымен қатар Асылхан мен Аңсаған қоғамдық негізде әлеу­меттік желінің YouTube платформасында арнайы канал ашып, ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақты насихаттап, оның қыр-сырын үйретуде.

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуразия кубогінің жеңімпазы, Ақадыр кенті спорт мектебінің жаттықтырушысы­ Асылхан Қожанәсіпті сөзге тартқанымда:

– Менің тоғызқұмалақ ойынына келуіме, спорт әлемінде осынау үлкен жетістіктерге жетуіме себепкер болған ең алдымен мектептегі сыныптасыма, үлкен қолдау көрсеткен ата-анама, жаттықтырушыларым Балтабай Қасқырбаев, Сәуле Сардарбекқызына алғысым шексіз. Үлкен рахметімді қарындасым Аңсағанға да айтамын. Өйткені екеуміз үнемі бірге дайындалып, жаттығулар жасап, жарыстарға барып, жеңілсек те, жеңсек те бір-бірімізді демеп, қуанышымыз­ды бөлісіп жүрміз, – деп сөзін ­аяқтады.

Асылхан мен Аңсаған биылғы жылы қыркүйек айында Астана қаласында өтетін Бесінші Дүние­жүзілік көшпенділер ойындарында еліміздің құрама командасының сапында тоғызқұмалақтан жарысқа қатысуға жолдамаларды жеңіп алған. Осы үлкен додада жерлестерімізге сәттілік тілеп, тағы да биіктен көрінеді деп сенім артайық!

Қалижан БЕКҚОЖА
Шет ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button