Ұлттық ойынның ұпайы түгенделеді
2000 жылы Қарағандыда облыс әкімінің шешімімен Ұлттық және ат спорты түрлерінен «Қайрат» балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ашылған болатын. Содан бері ұлттық спортты дамыту жолында жұмыстар атқарылуда. 2018 жылдың 16 наурызында Тәттімбет көшесінде орналасқан спорт кешенін осы спорт мектебінің пайдалануына берген болатын. Қазір сол кешеннен ел чемпиондары шықты. Содан бері жөндеу көрмеген ғимаратқа өткен жылы облыстық бюджеттен 38 млн. теңге бөлінген еді. Нәтижесінде, ғимарат қалыпқа келтіріліп, келушілерге жағдай жасалды. Бүгінде өңірдегі ұлттық спортты дамыту облыстық мәслихаттың ерекше бақылауында. Сондықтан, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов әріптестерімен бірге аталған спорт мектебіне барып, жұмыс барысымен танысып қайтты. Әрі спорт кешенінің тиімділігін арттыру, түрлі турнирлер өткізіп, спортшыларды қолдау мәселелерін талқылады.
Кешен келешек чемпионды тәрбиелейді
Мектепте жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, тоғызқұмалақ, аударыспақ, құсбегілік, көкпар, бәйге және асық ату сынды спорттың сегіз түрі қамтылған. Қазіргі уақытта 415 бала осы спорт түрлерімен шұғылданады. Бүгінде мектепте жалпы саны 17 жаттықтырушы бар. Одан бөлек, 14 қызметкер әкімшілік бөлімде жұмыс істейді. Мектеп ашылғаннан бері 20 спортшы спорт шеберлігіне үміткер атағын иеленген. Ал, жамбы атудан Нұрасыл Оралхан есімді жас спортшы – Ұлттық құрама сапында өнер көрсететін жалғыз мерген.
Тәттімбет көшесінде орналасқан спорттық сауықтыру кешенінің жалпы ауданы – 1060 шаршы метр. Одан бөлек, Штурманская көшесінде атшабар алаңы да бар. Оның ауданы 0,3044 гектар жерді алып жатыр. Былтыр қос кешенге мемлекеттік сатып алу хаттамасына сәйкес «Magnus» ЖШС 38 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізген. Десе де, күрмеуі шешілмей тұрған бір мәселе бар.
– Бұған дейін ғимараттың қабырғалары суық еді. Жөндеу жұмыстарынан кейін бәрі оңалды. Төбесі толық жаңартылып, дәліздер боялды. Есік-терезелері, шомылатын бөлмелері толығымен жаңартылды. Ғимараттың сырты темір сайдингпен қапталды. Өкінішке орай, ғимарат күні бүгінге дейін электр қазандығымен жылиды. Орталықтандырылған жылу желісіне қосылмаған. Ол үшін қаржы керек. Одан бөлек, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылу үшін рұқсат та қажет. Ай сайын жылуға төрт миллион теңге төлеп отырмыз. Қыста электр қазандығымыздан ақау шығып, істемей қалды. Оны жөндеу үшін маман іздеп, әзер таптық. Бүгінде электр қазандықтарын жөндейтін маман жоқтың қасы. Біз балалармен жұмыс істейтін болғандықтан электр қазандығы аса қауіпті, – деді «Қайрат» балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Төлеутай Мансұрбай.
Нұркен Кобжанов өз сөзінде аталған мәселені шешуге уәде берді. Әуелі жоба құжаты әзірленіп, кейін «Қарағанды ЖылуСбыт» ЖШС-нан рұқсат алмақ.
Ұлы дала ойыны – ұрпаққа аманат
Қазіргі уақытта жамбы ату үйірмесі аталған спорт кешенінде өтіп жатыр. Жалпы, мектепте жамбы ату және дәстүрлі садақ ату спорт үйірмесінен жеті жаттықтырушы бар. Солардың бірі – Талғат Омарбаев. Өзі 2014 жылдан бері ат үстінде садақ атумен айналысып келеді. 2018 жылы ел чемпионатында топ жарған жүйрік. Қазіргі уақытта шәкірт тәрбиелеп, ұлттық спортты дамытуда өзіндік үлес қосып келеді. Талғат Омарбаевтың тікелей өзі жаттықтыратын бес тобы бар. Әр топта бес баладан.
– Үйірме қатысушыларына садақты өзіміз береміз. Ал, жебені өздері сатып алады. Жыл сайын үйірмеге қатысушылардың қатары артып келеді. Биыл жамбы атудан жарыс көп. Бұған дейін қыздарымыз ұлдармен бірге сайысатын. Сонда қыздар ұлдардан жеңіліп, жүлдесіз қалатын. Биылдан бастап, қыздарды жеке шығармақшы. Яғни, ұлдар және қыздар арасындағы чемпионат жас ерекшеліктеріне қарай бөлінеді. Бұл да бір жақсы жаңалық. Біз қыс бойы осы залда дайындаламыз. Күн жылып, жер аяғы кеңіген соң үйірмемізді атшабар алаңында өткіземіз, – деді жаттықтырушы.
Жамбы атудан ел чемпионы әрі «Тайтұяқ» жүлдесінің иегері Нұрасыл Оралхан – Талғат Омарбаевтың төл шәкірті. Жас спортшының спортқа келгеніне үш жылға жуықтапты. Тыңғылықты дайындық пен ептіліктің нәтижесінде жеткен жетістіктері де бір төбе. Былтыр Көкшетауда өткен ел чемпионатында мергендігімен көзге түсіп, қарсыластарынан оқ бойы алға шыққан.
– Кішкентайымнан ат спортында жүргеннен болар, қызығушылығым сол уақытта оянды. Өзім шабандоз болғанмын. Әкем де садақ атумен айналысады. Бірақ, кәсіби тұрғыда алып кеткен жоқ. Әкеме еліктеп мен де осы спорт түріне келдім. Келешекте байрақты бәсекелерден топ жарып, көк Туымызды желбірету – арманым. Әрі шәкірт тәрбиелеп, ұлттық спорт түрін кеңінен насихаттағым келеді, – дейді мерген.
Спорт мектебінде тоғызқұмалақ үйірмесінен сабақ беретін бес жаттықтырушы бар. Солардың бірі – Ернұр Кәріғұл. Өзі тоғыз жасынан тоғызқұмалақ ойнайды екен. Облыстың бірнеше дүркін чемпионы. Сонымен қатар, 2023 жылы Көкшетауда ерлер арасында өткен ел чемпионатында командалық сайыста сынға түсіп, жеңімпаз атанған. Өзі спорт мектебіне былтырғы оқу жылында келіпті. Қазіргі таңда 12 баладан бөлінген екі топқа сабақ береді.
– Тоғызқұмалақ – көне спорт түрінің бірі. Баланың ойлау, есте сақтау қабілетін дамытуға таптырмас ойын. Әрі шыдамдылыққа, есепті оңай шешуге үйретеді. Қазіргі таңда осы спорт түріне қызығушылық танытып жатқан жастардың қатары артып келеді. Былтырдан ғана сабақ беруіме байланысты оқушыларым турнирлерге қатыспады. Бірақ, жақын арада Оралда Қазақстан чемпионаты өтеді. Сол турнирге Кәусар Дүйсебекова, Мирас Аманжол, Айзере Кәріғұл, Алдияр Амантаев сынды ойы ұшқыр шәкірттерімді дайындап жатырмын, – деді Ернұр Саматұлы.
Атшабар алаңы оқушылар игілігіне
Жөндеу жұмыстары кезінде Штурманская көшесіндегі атшабар алаңы да жаңартылған. Алаң күреліп, жаңадан құм төселіпті. Әрі тозығы жеткен атқоралар сүріліп, газаблоктан қайта тұрғызған. Бүгінде мұнда 20 ат бар.
– Комерциялық бағытта жұмыс істеуге тыйым салғанбыз. Қазір атшабар алаңы тек үйірме қатысушыларына ғана арналған. Садақ ату, жамбы ату үйірмесі спорт кешенінде өтіп жатыр. Күн жылынған уақытта оқушылар осында келіп дайындалады. Дегенмен, жамбы атқанда алаң тарлық етеді. Алдағы уақытта алаңды үлкейтсек пе дейміз, – деді Төлеутай Бейсенұлы.
Бүркітші Төлеген Махамбетшин осы ат спорты мектебінде талай жылдан бері құсбегіліктен жаттықтырушы. Қазіргі таңда 10-18 жас ерекшеліктеріне қарай төрт топқа сабақ беріп жүр. Бір келгенде сегіз бала екі сағаттан дайындалады. Спорт мектебіне тиесілі бір бүркіт және бір қаршыға бар екен.
– Сабақ барысында құспен қалай жұмыс істеу керектігін және қауіпсіздік ережелерін үйретемін. Демалыс күндері тауға барып, құсты ұшырып үйренеміз. Әр группадан үздік оқушыларым бар. Биыл Жандәулет есімді оқушым республикалық байқаудан ІІІ орын иеленді. Жалпы, жастардың ұлттық спортқа қызығушылықтары жыл сайын артып келеді. Әсіресе, ат спортына, жамбы ату, садақ ату сынды спорт түрлеріне әуес. Ал, құсбегілікке қызығатындардың қарасы аз. Ауылдық жерлерде құсбегілікке үйрететін үйірмелер ашуымыз керек. Себебі, бұл спортқа ауыл жастарының икемі бар. Жалпы облыста 22 бүркіт бар екен. Оның бәрі жеке меншікте, – деді Төлеген Әбдікәрімұлы.
Айта кетейік, біршама уақыттан бері облыстық ұлттық және ат спорты ассоциациясына облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов жетекшілік етеді. Мәслихат депутаттарымен бірлесе аталған спорт мектебінің жағдайымен танысып, ондағы мәселелерді көзбен көріп қайтты. Әрі спорт кешенінің тиімділігін арттыру мақсатында атқарылатын жұмыстарды пысықтады. Спорт кешендерінде түрлі деңгейдегі турнирлерді өткізу мәселесі де көтерілді. Сонымен қатар, спортшыларды қолдау шаралары да жолға қойылмақ.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО