Спорт

Ұлттық ойынның ұпайы түгел ме?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Қазақтың ұлттық спорт түрлерін лайықты жоғары деңгейде көрсету керек» деп баса айтқан болатын. Қарағанды өңірінде соңғы жылдары ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Атап айтқанда, тоғызқұмалақ, асық ату, көкпар сынды дәстүрлі ойындар кеңінен насихатталып, үлкен нәтиже көрсетіп келеді. Алайда, осы жетістіктердің көлеңкесінде қалып бара жатқан өзекті мәселелер де жоқ емес. Кейбір ұлттық спорт түрлері назардан тыс қалып, біртіндеп ұмытылып бара жатқанын өзіміз де байқамай барамыз. Мәселен, бірқатар ойын түрі бойынша жас буынды дайындайтын білікті маман тапшы болса, енді бірінде бар мамандарды тіркейтін штат болмай тұр. Осындай кенжелеп қалған спорт түрлерінің қатарына асау үйрету, қыз қуу, ақсүйек, теңге ілу, құсбегілік, тіпті бәйгені де жатқызуға болады. Неге?..

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қазіргі таңда теңге ілу спортына балаларды тарту оңайға соқпай тұр. Бұған бас­ты себеп – оның қауіп деңгейінің жоғары болуы. Жүйткіген аттың үстінде отырып, еңкейіп жерден теңге ілу кез келген баланың қолынан келе бермейді. Әрі баласын жетектеп алып келетін ата-ана да жоқ.

– Кезінде, бұл спорт түріне қызыққан бала көп болды. Ортаға тасталған тиынды ілу үшін үлкені де, кішісі де атқа қонатын. Бүгінде жағдай басқа. Осы спорт түріне баулитын білікті мамандар тапшы. Негізі, ел көлемінде түрлі турнирлер ұйымдастырылып жатыр ғой. Алайда, сол жарыстарға арнайы дайындалып, тұрақты жаттығып қатысатын спортшылар саусақпен санарлық, – деді Ұлттық және ат спорты түрлерінен «Қайрат» балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нұржан Шайхин.

2000 жылдардың басында ұмыт бола бастаған асық ату мен жамбы ату бүгінде қайта жанданды. Бір кездері бұл спорт түрлері мүлде назардан тыс қалып, жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұрған еді. Балалар есік алдында шеңбер сызып, асық ойнағанымен, оны жүйелі спорт ретінде дамытуға, облыс көлемінде мән берілмегені рас. Уақыт өте келе, бұл олқылықтардың орны толып, ұлттық спортты жаңғырту ісі кезең-кезеңімен қолға алынды.

– Көкпар – қарқынды дамып келе жатқан ұлттық спорт түрлерінің бірі. Қазіргі таңда әр ауданда кем дегенде жеті жаттықтырушыдан бар. Ал, бәйгені де дамыған спорттың қатарына қосуға болады. Дегенмен, бұл бағыттағы негізгі жүктің басым бөлігі ауылдағы ағайынның иығында. Ат баптап, оны үлкен додаларға қосып жүрген де – солар. Соның арқасында бәйгеге қатысушылардың қатары көбейіп келеді. Алайда, өңірде осы спорт түрі бойынша жастарды дайындайтын мектеп те, кәсіби жаттықтырушылар да тым аз. Негізі, жаттықтырушы болуға лайық азаматтар баршылық. Бірақ, оларды жұмысқа қабылдау барысында арнайы дене шынықтыру білімі талап етіледі. Оның үстіне, бәрін бірдей қамтуға мүмкіндік жоқ. Бұдан бөлек, өңірде конкурс спорты да дамып келеді. Оған қызығушылық танытатындар жеткілікті. Әрине, бұл ұлттық спорттың қатарына жатпайды. Дегенмен, ат спорты болғандықтан, осы бағытта да жұмыс жүргізіліп жатыр. Ал, бұл саланы одан әрі дамыту үшін қажетті инфрақұрылым мен материалдық-техникалық база жеткіліксіз, – деді Нұржан Шайхин.

Құсбегілік те ұмыт қалып бара жатқан ұлттық спорт түрлінің қатарында. Жалпы, өңірде тіркелгені, тіркелмегені бар шамамен 20-ға жуық бүркіт бар екен. Ал, спорт мектебінің басшысы бұл спорттың кенжелеп қалуына бірнеше себептің барын айтады.

– Жас бала 10-12 келі тартатын бүркітті өз бетінше көтеріп тұра алмайды. Оның үстіне, бүркіт Қызыл кітапқа енген. Яғни, оны ұстауға тыйым салынған. Біз мұны жақсы білеміз. Алайда, ұлттық спорт тұрғысында пайдаланамыз. Негізі, бұл бір-біріне қайшы келетін жағдай. Өңірде құс ұшыруға, баптауға үйрететін жаттықтырушылар бар. Бірақ, балалардың қызығушылығы өте төмен. Оған қоса, үйірмеге қатысамын деген балаға қажетті жағдай да толық жасалмаған. Мәселен, құс ұшыратын арнайы алаң жоқ. Бүркітті аңға салу үшін қоян, көгершін, түлкі секілді жемтік те қажет.
Тағы бір қиындық – бүркіттің табиғаты. Бұл құс кез келген адамға бағына бермейді. Көбіне асырап отырған иесінің баласына ғана үйір болады. Ал, оқу-жаттығу барысында әр балаға жеке-жеке бүркіт ұстату мүмкін емес, – деді «Қайрат» балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры.

Құмай тазы, тазы жүгірту де көмес­кіленіп бара жатқан ұлттық спорт түрінің бірі. Өңірде бұл бағытта үйірмелер ашып, жүйелі насихаттау жұмыстары мардымсыз. Негізінде, көне спорттың тамыры үзілмей, бүгінге жетуіне ауыл азаматтарының еңбегі зор. Олар өз тазыларын баптап, жүгіртіп, тек «байқау болады» дегенде ғана додаға қосып жүр. Тіпті, кей жағдайда жарыстарға да алып келмей жатады. Ал, оларды арнайы шақырып, қатыстыру мәселесіне келгенде, үкімет тарапынан қаржылық қолдау қарастырылмаған.

– Жалпы, спорт қай кезде дамиды? Әрине, ең алдымен штат ашылып, соған сай қаржы бөлінгенде. Ең бірінші мәселе – төсінде алты ай қар жататын Қарағандыға жабық манеж қажет. Бізде оқу-жаттығу жиындары әдетте сәуір мен қазан айының аралығында өтеді. Ал, көктем мен күз айында жаттығу жұмыстарын жүргізу мүмкін емес. Жер-көк лай, батпақ болады. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан басқа спорт түрлеріне қыруар қаржы бөлінуде. Соларға бөлінген қаражатпен ұлттық спортқа берілген қаржыны салыстыруға да келмейді. Сол жаққа бөлінген қаражаттан шамалы бөліп, ұлттық спортқа да көңіл бөлуге болады ғой. Бұл туралы мәселе талай мәрте көтерілген. Бірақ, нәтиже жоқ, – деді Нұржан Шайхин.

Соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі – асық ату. Бұл спорт түрінен білікті мамандар жеткілікті. Өңірдің көрсеткіші де жаман емес. Дегенмен, мемлекет тарапынан осы бағытта штат қарастырылмай отыр. Бәйге спортында да жағдай ұқсас. Ат баптау, жарысқа қосу негізінен ауыл азаматтарының қолында. Осы спорт түрін дамытатын негізгі күш – ауыл тұрғындары. Ал, оларды қолдау үшін мемлекет тарапынан штат ашылмай тұр.

– Орта мектептерде асық ату, тоғызқұмалақ сияқты бірнеше ұлттық спорт түрінен арнайы үйірмелер бар. Алайда, сол үйірмелерді көбінесе дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері жүргізеді. Негізі, бұл үйірмелерден бөлек, дене шынықтыру сабағында да ұлттық ойындарға уақыт бөлсек жақсы болар еді. Қазіргі таңда спорт залға кірген балаларды ағайлары әуелі жүгіртіп, содан соң ортаға допты тастай салады. Егер, аптасына бір мәрте ұлттық спорт түрлерінен сабақ өткізіп тұрса, баланың қызығушылығы әлдеқайда артар еді. Содан кейін сыныптар мен мектептер арасында турнирлер ұйымдастырсақ, ұлттық спортқа жанашыр жандардың қатары да көбейер еді, – деді Ұлттық және ат спорты түрлерінен «Қайрат» балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нұржан Шайхин.

Өңірде тиісті инфрақұрылым да, ересектерге арналған ұлттық спорт мектебі де жоқ. Өңірде жасөспірімдерге арналған спорт мектебі бар. Бірақ, нағыз жігіттік шаққа толғанда, сол ісін әрі қарай дамыта алмай қалып қойып жатады. Ал, оларды кәсіби деңгейде дайындайтын мамандар да жетіспейді. Бақсақ, басты мәселе қаржының жеткіліксіздігіне келіп тіреліп тұр. Егер тиісті қаражат бөлінсе, штат та ашылып, ғимараттың да іргетасы құйылар ма еді?!

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button