Ресми

Ұлттың негізгі құндылығы

Отанының тағдырына ерекше жауапкершілікпен қарайтын әр қазақ үшін Тәуелсіздік – басты мереке. Айшықты күн еліміздің қысқа мерзім ішінде жаһандық тарих үшін экономикалық, саяси және мәдени серпіліс жасағанын айғақтайды. Достық үйіне жиналған облыс жұртшылығы жаңа белестер мен жетістіктерді атады. Мереке қарсаңында қоғам белсенділері жастарға жол беріп, бастамаларына табыс тіледі.

– Баршаңызды егемен елі­міздің ең айшықты мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Тәуелсіздік бәзбіреулер ай­тып жүргендей тек Тәңірдің сыйы ғана емес. Бұл жолда еліміз небір тар жол, тайғақ кешулерден өтті. Өткен ғасырдың басындағы тоталитарлық жүйе, қызыл нәубетті ойласаң, төбе құйқаң шымырлайды. Ұлттың зиялыларының көрмеген құқайы жоқ.

1986-ның желтоқсанында азаматтық сұраған қыз-жігіттердің ерлігі ойдан кетпейді. Бүгінде Қазақстан әлемдік қоғамдастықтағы әріптес, Орталық Азиядағы шешуші дауысы бар, дамыған тәуелсіз ел, – деді облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын.

Дөңгелек үстелде Алаш зия­лыларының ізгі жолын жалғап, зерттеп жүрген жастар сөз алды. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарихшысы Әділет Жағыпар Алаш идеясын насихаттап, адал азамат тәрбие­леуде адастырмас темірқазық болған Алаш айлығына тоқталды.

– Тәуелсіздігіміздің іргетасының қалануына Алаш зиялыларының сіңірген еңбегі орасан. Бірнеше жыл бұрын жас ұрпаққа Алаш идеясын түсіндіру мақсатында апталық бастадық. Қазіргі таңда ол Алаш айлығына айналды. Алдағы уақытта Қарағанды қаласының 90 жылдығына орай Алаш аллеясы мен музейін ашуды ұсынамыз. Бұл жас ұрпаққа Алаш идеясын насихаттауда негіз болады, – деді Әділет Жағыпар.

Облыс жастары атынан сөз алған облыстық мәслихат депутаты, «Имсталькон» АҚ компаниялар тобының активтерін басқару жөніндегі директорлар кеңесі комитеті төрағасының орынбасары Михаил Коновалов лебізін білдірді.

Мереке қарсаңында жаңа қазақстандық қоғам құру ісіндегі табысты еңбегімен облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқандар облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, сондай-ақ, Алғыс хаттарымен марапатталды.

Құрметтелгендер қатарында облыстық төтенше жағдайлар де­партаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің (Қарағанды ​​қаласы) №10 өрт сөндіру бөлімінің командирі Виталий Переплетчиков, академик Ε.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті филология ғылымдарының докторы, қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Берік Рахимов, «Қарағанды Су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Майқұдық су бұру бастығы Аманбай Тұрғынбеков бар.

Тәуелсіздік күніне арналған «Ұлт тәуелсіздігі: Тарих. Тағылым. Құндылық» атты дөңгелек үстелге облыстық мәслихат депутаттары, облыстық басқарма мен департаменттер басшылары, ЖОО ректорлары, ғалымдар, қоғам қайраткерлері және желтоқсаншылар қатысты.

Аяулым СОВЕТ,
Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button