Ұлттық құндылықты дәріптеген
Қазақтың ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын келешек ұрпаққа заманауи түрде таныстырып, жаңғырту мақсатында құрылған «Дарабоз» қоғамдық қоры ресми түрде маусым айында жұмысын бастаған. Қордың негізін қалаушы – Әсемгүл Жақыпова, орталықтың құрылтайшысы – Шолпан Әшірбекова.

Ашылу салтанатына «Теміржолшылар» мәдениет үйінің басшылығы, дәстүрлі қолданбалы өнердің шебері, ұста Қылышбек Құрмантегі, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, «Арқа Сазы» фольклорлық ансамблінің концертмейстері, күйші Елжас Назарбекұлы, сондай-ақ Сұрыптау кентінен он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлері қатысып, ақжарма тілектерін білдірді.
Қоғамдық қордың басты мақсаты – ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан қолөнердің қыр-сырын танытып, он саусағынан өнер тамған шеберлердің үздік туындыларын көпшілікке ұсыну. Әртүрлі жоба, көрме, үйірме ұйымдастыру болып табылады.
Астана қаласында өткен «Аламан құрақ» іс-шарасына «дарабоздықтар» да шақырту алды. Еліміздің түпкір-түпкірінен барған шеберлер өз туындыларымен бірге ұлттық киім үлгілерінен сән көрсетілімін жасады. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін орталық атынан қатысқан жетекші Әсемгүл Кадетқызы мен ерікті Маймуна Сарсенбайқызы «Кимешекті әже» атты дефилеге қатысып, жүлдегер атанды.
Қор мүшелері жақында Әлихан Бөкейхан ауданындағы №14 мектеп гимназиясындағы «Күншуақ» жазғы сауықтыру лагеріне барып, балаларды қазақтың көне жәдігері – қамшымен таныстырып, өру жолын үйретті. Мұндай танымдық-тәрбиелік дүниелер болашақта қаламыздағы басқа мектептерде де жалғасын таппақ.
Қазір қор ұжымы Астана күніне қарай өтетін республикалық көрмеге қазақтың әшекей бұйымдарын, кимешек секілді ұлттық киімдерін дайындап жатыр. Қолөнерді дамыту арқылы ұлттық мәдениетімізді, құндылықтарымызды жоғалтпай, әрі қарай осындай игі шаралардың жалғасатынына сеніміміз мол.
Дархан УӘЛИЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Қарағанды