Ұлттық құндылықтар ұлықталсын
«Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы атқарылған жұмыстарға тоқталды және сұрақтарға ашық жауап берді.
Сондай-ақ, Президент алдағы уақытта жүргізілетін келелі өзгерістерді айта келіп, «…Еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар. Халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін осындай қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз», – деді.
Біздің келешегіміз елдің ертеңі болар – жас ұрпақтың тәрбиесі мен білімді болуы адамзаттың, жалпы сізбен біздің мәңгілік тақырыбымыз болуы керек деп ойлаймын.
Мемлекет басшысының нұсқауымен бүгінгі күні еліміздің барлық білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі бекіткен «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» – ұлттық, адами құндылықтарға негізделген іс-шара жоспары жүйелі жұмыс жасауда.
Бұл бағдарламаның мақсаты – жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу болып табылады.
Мемлекет басшысының сүбелі сұхбатының өзегі де жалпыұлттық құндылықтарды қалыптастыру арқылы өскелең жас ұрпақты ұлттық мұраны қастерлеуге, қазақ тілін білуге, мемлекетіміздің рәміздерін құрметтеуге, татулық, келісім, ынтымақ, еңбексүйгіштікке және ел бірлігін сақтауға, отаншылдық пен мемлекетшілдікке тәрбиелеу арқылы озық ойлы ұлт болуымызды меңзейді.
Есжан ӘМІРОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.